Вакцина қашан дайын болмақ?
Вакцина қашан дайын болмақ?
159
оқылды
Ол үшін жер-жерде ғалымдар түрлі сы­нақ өткізіп жатыр. Дегенмен әлі айтарлықтай нәтиже бол­мады. Осыған орай, біз вакцина дайындау ісі­не байланысты әлемдегі соңғы жаңалықтарға шолу жасап көрген едік. Сонымен, вакцина жасап шы­ғаруға қанша уақыт кетуі мүмкін?  

Ел ғалымдарының үлесі

Наурыз айында Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақстанда да вирусқа қарсы вакцина жасау қолға алынған болатын. Бұл тапсырма Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына жүктелді. Ұлттық биотехнология орталығы қаңтар айында 6 күннің ішінде вирусты анықтайтын тест жасап шығарғанын жария еткен болатын. Маусым айына дейін ұжым 11 мың тест дайындап үлгерген. Қош, ол бір жөні бөлек мәселе. Ал вакцина дайындау оңай іс емес. Тек жекелеген кезеңдерінің өзі ұзақ уақытқа созылады. Қазір Қазақстанда осы мәселемен 12 ғылыми ұйым айналысып жатқан көрінеді. Оған 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Оның 1 300-і ғылыми атағы бар мамандар екен. Жуырда еліміздегі ғалымдар бірлесіп, вирусқа қарсы дайындаған вакцинасын тышқандарға сынап көрген. Ғалымдар сынақтың сәтті өткенін хабарлап отыр. Алайда бұл сынақтар қыркүйек айына дейін жалғасады. Содан кейін ғана клиникалық зерттеулерге көшу жоспарланған. Ал Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған Ғылыми білім беру орталығының директоры Хайролла Әбеуов вакцинаны дайындауға 1 жылдан астам уақыт қажет екенін айтты. – Вакцина жануарларға жа­салды. Сосын вирусқа шалдық­паған ерікті адамдарға салынады. Зерттеуге қатысқан адамдарға ақы төленуі мүмкін. Өйткені сы­нақ өте маңызды. Вакцина жасау­дың бірнеше кезеңі бар. Канди­­даттық штаммды алу, дайын­дау технологиясын құру, сынақ қауіп­сіздігі сияқты мәселе көп. Сондық­тан биологиялық процестерге бай­ланысты зерттеуді жылдам жүргізу мүмкін емес, – дейді маман.  

Вирус мутацияға ұшыраған ба?

Биыл көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коро­навирусқа қарсы вакцинаны дайын­дауға кемі 6 ай уақыт қажет деп болжаған еді. Бірақ осы тұста тағы бір мәселе жол тос­қандай. Себебі вирустың мута­цияға ұшырап кету қаупі барын ма­мандар ескертіп жатыр. Демек, вакцина дайын болған күннің өзінде вирус өзгеріске ұшырап үлгерсе, дайындалған вакцина қажетсіз болып қалады. Қазір Қа­зақстанда корнавируспен қатар пневмонияның өршуі соның бір дәлелі болуы мүмкін. – Вакцинаны тексеру, сынақ­тан өткізу – өте күрделі мә­селе. Ең бастысы – ол қауіпсіз болуы тиіс. Жауапты кезең – кли­ни­калық кезең болмақ. Яғни, ерік­ті­лерге сынақ жүргізу. Ол сәтті өт­кен күннің өзінде, 1 жыл демей­мін, 2 жыл уақыт қажет. Толық сенімді болу үшін. Бұл аурудың 90 пайызы жеңіл түрде өткен­діктен, вакцинациялау дис­кур­сияны қажет етеді. Бұл індет адамдар үшін толық түсініксіз. Ал вирус мутацияға сәл де болса ұшырағаны анық, бірақ әлі де өзгереді. Қорытындылайтын бол­сақ, болжам жасаудың өзі өте қиын. Ешкім дөп басып айта алмайды, – деді Президент Іс басқармасының медициналық орталығы, нейрохирургия бөлімі­нің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.  

 Әлемдегі сынақтар

Өзге елдер де әлемді дүрлік­тір­ген кеселдің алдын кесетін екпені ойлап табудың қамына ерте кіріскен. Мамыр айында Италия ғалымдарының коронавирус­тың күшін әлсірететін вакцина ойлап тапқаны жайлы ақпаратты Daily Mail басылымы таратып еді. Вакцина алдымен зертханада тышқандарға жасалып, тексерілген. Сонымен қатар тышқандардан антитела анализін алған. Зерттеу барысында антителаның COVID-19-ды зертханалық жағдайда өлтіре алатыны анықталған. Ал бұл вакцина адамдарға тек күз­де салына бастауы мүмкін. Ал Ресейде вакцина еріктілерге салынғаннан кейін күзде ресми тіркелмек. Бұл жайында 14 ма­мыр күні «Вектор» ғылыми орта­лы­ғының бас директоры Ринат Максютов президентке берген есе­бінде мәлімдеген. Максютовтың айтуынша, жақын арада вакци­на­ның клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстарын жүргізу басталмақ. Бұл кезең шілде айында аяқта­лады. Одан соң 300 еріктіге салы­нып, клиникалық зерттеумен жалғасады. COVID-19-ға қарсы вакцина табылған жағдайда әлем бойынша тегін болуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бірлескен бағдарламасының ресми сайтында хабарланған. Онда әлем бойынша 140-тан астам сарапшы мен мамандардың коронавирусты емдеу мен тексеру жұмыстарының барлық жерде тегін болуын сұрап ашық хат жазғаны айтылған екен.   Түйін:

Қайткен күнде де, адамзат ал­дын­­дағы қазіргі міндет – індетті толық ауыздықтау болып тұр. Вакцинаны дайындауға ұзақ уақыт кететінін айттық. Ал мутация қаупі тағы бір түйткілді қозғап отыр. Сондықтан адамзат үшін әзірге вак­цинадан бұрын жеке бас гигиенасын сақтау маңыздырақ секілді.

 

мадиярМадияр ТӨЛЕУ