Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті XXXII жазғы олимпиада ойындарына ресми шақырту алды. Әлем асыға күтетін спорт додасы Жапонияның Токио қаласында 2020 жылдың 24 шілдесінде басталып, 9 тамызға дейін жалғасады. Алдын ала жарияланған болжалды есеп бойынша, Токио Олимпиадасы 206 ұлттық олимпиада комитеті атынан қатысатын 11 090 спортшының басын қосады. Көп спортшының көздеген биігі, жанкүйердің асыға күтетін қызығы саналатын олимпиада ойындары 2020 жылы біраз ерекшелігімен есте қалмақ.
Токио 2020 жылғы жазғы олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2013 жылы 7 қыркүйекте Буэнос-Айресте өткен Халықаралық олимпиада комитетінің 125-сессиясында жеңіп алды. Әлемдік спорттағы айтулы шараны өткізуге соңғы дауыс беру кезеңінде Токиомен бірге Стамбұл және Мадрид қалалары таласты. 1964 жылы жазғы олимпиада ойындарын өткізген Токио бұл мәртебеге әлі бірде-бір рет ие болмаған Түркия мен Испанияның алдын орап кетті.
Жапония Токио Олимпиадасында БҰҰ ұсынған тұрақты даму тұжырымдамасын негізге алып отыр. Ел үкіметі «Адамдар мен ғаламшар үшін жақсы жаққа өзгер» деген ұран арқылы әлемдегі ең ірі шараға жиналғандарды жаһандық экология мәселесін шешуге шақырады. Токио Олимпиадасының ресми парақшасында «1964 жылы Токиода өткен олимпиада ойындары Жапонияны түбегейлі өзгертті. Жапон халқы сыртқы әлемді жақынырақ танып, ел экономикасы қарқынды өсу жолына түсті. 2020 жылғы олимпиада ойындары арқылы қазір қуатты экономикасы бар Жапония бүкіл әлемде жақсы өзгерістер басталып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық мұра қалдыруға күш салады» деп жазылған. 1964 жылы олимпиада ойындарында Жапония әлемге Shinkansen деп аталатын жоғары жылдамдықтағы теміржол желісін таныстырды. Елу бес жылдан бері сәтті жұмыс істеп келе жатқан желінің пойыздары 270-320 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, жылына 150 миллионнан көп жолаушы тасымалдайды. Жапонияның 2020 жылға дайындаған жаңалықтары да жетерлік. Төменде солардың бірқатарын мысалға келтіріп отырмыз.
Олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаздарға берілетін медальдар істен шыққан мобильді телефондар мен электронды құрылғылардан алынған бағалы металдардан дайындалады. Жалпыхалықтық сипат алған жобаға жапондар екі жылда қолданыстан шыққан 6,2 миллион телефонын өткізген. Жиналған «электронды қоқыстан» 32 келі алтын, 3,5 тонна күміс, 2,2 тонна қола алынған. Енді Олимпиадада бағы жанғандардың қолына тиетін 5 мыңға жуық медальға қайта өңделген материалдар қолданылады.
Олимпиаданың нышаны ретінде Miraitowa және Someity деп аталатын роботтар таңдалды. Олар спорттық шара кезінде қонақтармен сәлемдесіп, қол бұлғап, амандасып, әртүрлі эмоциялар білдіруге қабілетті.
P&G компаниясы мен Токио жазғы олимпиадасының ұйымдастырушылары бірігіп, жеңімпаздар тұғырын мұхиттан жиналған және халық өткізген пластиктерден дайындау туралы ұйғарымға келген. Coca Cola компаниясы да Олимпиада алауын алып жүретін адамдардың формасын пластик бөтелкелерден өңделген материалдан тігу бастамасына серіктес болды. Токио–2020 Олимпиадасы қызметкерлері мен еріктілер формасын дайындауға да экологиялық таза өнімдер, өңделген полиэстер мен өсімдік талшықтары пайдаланылады. Олимпиада алауының тұғырын жасауға 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияның солтүстік-шығысында болған жер сілкінісі кезінде халықты уақытша орналастырған үйден шыққан алюминий қалдықтары берілген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жер сілкінісінен кейін халық тұрмысы мен өмірін қалпына келтіруге жараған материалдар Олимпиадаға «үміт пен қайтадан аяққа тұру» мағынасын сыйлайды. Токио Олимпиадасының алауы сакура бейнесінде жасалған. Сакураның әр жапырағынан бөлек тұтанған оттар біртұтас алауға айналады. Олимпиада алауы Грекияда жағылып, 26 наурыздан бастап Жапонияда алау эстафетасы жүреді.
Олимпиаданың нышаны ретінде Miraitowa және Someity деп аталатын роботтар таңдалды. Олар спорттық шара кезінде қонақтармен сәлемдесіп, қол бұлғап, амандасып, әртүрлі эмоциялар білдіруге қабілетті. Роботтардың кескін-келбетін таңдауға 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың ақпаны аралығында Жапониядағы бастауыш сынып оқушылары дауыс берген. Балалар таңдаған роботтардың есімі «болашақ», «мәңгілік» (Miraitowa) және «сакураның бір түрі» (Someity) деген мағына береді.
Айтпақшы, Жапонияда өтетін Олимпиада ойындарына қажет жарық балама энергия көздерінен өндіріледі. Тағы бір жаңалық, Токио олимпиадасы бағдарламасына спорттың жаңа бес бағыты қосылды. Олар: бейсбол/софтбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтборд. Сондай-ақ бұрыннан бар спорт түрлері жаңа 15 дисциплинамен толықты.
Қазақстан құрамасының есебінде қазір 10 лицензия бар. Әзірге 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзуден Дмитрий Баландин, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, шосседегі веложарыстан Евгений Гидич, жебе атудан ерлер құрамасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мусаев) және ашық суда жүзуден Виталий Худяков Олимпиадаға жолдама алды.