Жақсы қызметті кім жек көрсін. Екінің бірі демесек те, әрбір үшінші адам ыңғайы келсе тәуір жұмысқа барғанды теріс көрмейді. Тіпті сондай орынға ілдебайлап жетіп алып, мемлекеттің қазынасын шашып-төгіп, өз мақсатына бұра тартуға біржола кіріскендер де баршылық. Соның бәрі қызметтің қадірін білмегеннен, биік креслоға өз білім-дәргейімен жетпеген соң сияқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі бас болып қолға алып, алдағы бір-екі ай шеңберінде жүзеге асқалы жатқан «Президенттік кадрлық резерв» жобасы мемлекеттік қызмет дейтін аса абыройлы һәм жауапты жұмыстың әділдігін қамтамасыз етуі тиіс. Сынақтан өтіп, шыңдалған, жас болса да тіршілік пен қызметтің ащысы мен тұщысын татқан азаматтардың билікке келуі қалай болғанда да жағымды үрдіс. Дәл осы бастаманы Президент өзінің сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты бағдарламасында жұртшылыққа жария етіп, құлақтандырған болатын. Яғни, халыққа қызмет етуден үмітті жастар инновациялық технологиялар, инженерия, кәсіпкерлік қызмет, медицина, экономика, мәдениет және басқа да көптеген салалар бойынша іріктеліп, кадрлық резерв құрамына енгізіледі. Одан кейін олар мемлекеттік жоғары басқару лауазымдарына тағайындалады. Ашық және жария түрде өткізілетін іріктеуге жасы 35-тен аспаған, кемінде бесжылдық жұмыс өтілі бар жас азаматтар қатыса алады. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаментіне хабарласып, жобаға қатысты көкейдегі сауалдарды жолдаған едік.
– Президентіміз айтқандай, «Жастар – алдағы реформалардың негізгі қозғаушы күші». Құрылып жатқан резерв жастар үшін әлеуметтік лифт ретінде жаңа деңгейдегі сапалы жұмысты ұйымдастыра отырып, мемлекеттің алдына қойған міндеттерді шешу үшін олардың әлеуетін қолдануға мүмкіндік береді. Президенттік кадр резервінің арқасында ең үздік жастар таңдалып, мемлекеттің жоғары басқарушы лауазымындарына үміткер ретінде қарастырылады. Ал резервтегі адамдарды лауазымға тағайындаудан бұрын оларды Мемлекеттік басқару академиясында және Назарбаев университетінде даярлау көзделген, тиісті бағдарламалар қазіргі уақытта пысықталып жатыр, – деді департамент директоры Жарқын Тлеукенов.
Оның айтуынша, даярлау барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану жоспарланған. Ал процеске тиісті саладағы мамандар тартылатын болады. «Оқу шеңберінде резервтегі адамдар халықпен жұмыс істеуге, халықтың алдында сөйлеуге, белгісіздік жағдайда жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді ұлғайту мақсатында мемлекеттік органдарда және ұйымдарда тағылымдамадан өтеді» дейді ол.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, резервке қосылуға үмітті азаматтарды бірнеше кезең күтіп тұр. Олар алдымен теориялық білімдерін дәлелдеуі тиіс. Яғни, түрлі тапсырмалар – эссе жазу, жобаларды таныстыру, арнайы сұхбаттан өту арқылы олардың көшбасшылық қасиеттері, сыни ойлау деңгейі, стратегиялық көзқарасы бағаланады. Бұдан соң үміткерлер Президент Әкімшілігінің Сарапшылық комиссиясында әңгімелесуден өтіп, ізінше оның кандидатурасы Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады. Кандидат ретінде таңдалған азаматтар резервке 3 жылдық мерзімге қабылданады екен. Осы уақыт ішінде тиісті мемлекеттік лауазым босаған жағдайда резервтегі азаматтардың кандидатуралары қарастырылады. Ал кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап тек мемлекеттік қызметке қатысты емес. Бұл шарт – адамның кез келген еңбек өтілін қамтиды. Кез келген сала мен мекемедегі немесе жеке сектордағы 5 жылдық еңбегі оның үміткер ретінде қабылдануына мүмкіндік бермек.
Кандидат ретінде таңдалған азаматтар резервке 3 жылдық мерзімге қабылданады екен. Осы уақыт ішінде тиісті мемлекеттік лауазым босаған жағдайда резервтегі азаматтардың кандидатуралары қарастырылады. Ал кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап тек мемлекеттік қызметке қатысты емес.
Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы, белсенді жас Мәди Ахметов те «кадрлық резерв» жүйесінің қалыптасуын қолдайды. Өзі де үміткер ретінде өтініш тапсырып көруге қарсы емес.
– Әр адамның жеке өтініш беріп қатыса алуы, іріктеудің ашық өткізілуі – өте ұтымды тәсіл. Сонымен қатар тек мемлекеттік қызметке ғана емес, ұлттық компаниялардың басшылық қызметтеріне де шақыру мүмкіндігі қуантып отыр. Себебі, ондай халықаралық деңгейдегі лауазымдарға да біздің жастардың баруы – ел мүддесі үшін тиімді әрі жастардың да деңгейін, тәжірибесін арттыра түседі. Бұл жоба таныс-тамыр арқылы көтерілгендердің емес, өз күшімен пісіп-жетілген жастардың іріктеліп шығуына себепкер болады. Сонымен қатар өзімнің азаматтық пікірім – барлық іріктелген 300 адам қазақ тілін жетік меңгеруі керек. Бұл кандидаттарға қойылатын талаптардың ішінде міндетті түрде болуы тиіс. Өзім де осы бастамаға қатысып, бақ сынап көргім келеді. 2013 жылдан бері жұмысқа араласыппын. Яғни, еңбек өтілім 5 жылға толады. Бұл іріктеу – тек кабинетте отырып ойлайтын емес, халықпен етене араласатын, креативке бай, қолынан іс келетін білікті жастардың жолын ашса деген ойым бар, – дейді Мәди Ахметов.
Бұған дейін Мемлекет басшысы жастар кадр саясатының 300 адаммен шектеліп қалмайтынын айтқан еді.
– Біз мемлекеттік қызметтің маңызды орындарына білікті кадрларды іздеп, барлық өңірде таңдау, іріктеу жұмыстарын жүргіземіз. Елімізде жастардың өз әлеуетін іске асыруға барлық мүмкіндігі бар. Соның ішінде министрліктер мен әкімдіктер, басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері кадр құрамының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Ел ертеңі жастар екенін ұмытпай, эстафетаны қабылдап алатын лайықты буын тәрбиелеуіміз керек. Бұл – өмір заңдылығы. Тұтастай алғанда, біз талантты жастардың экономикада, ғылымда, өнерде, спорт пен мәдениет саласында өздерін таныта алуы үшін барлық жағдай жасаймыз. Жастардың бизнес бастамаларына жол ашатын «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлейтін боламыз. Жастардың болашағы бар стартаптарына жүйелі қолдау көрсетіледі. Жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды қызметке алған жұмыс берушілерді ынталандыру тетіктері жасалады. Осылайша, жұмыс жасамайтын немесе оқымайтын жастардың мәселесі шешіледі, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, бізде проблемалар бар. Өте түйткілді түйіндер де көп. Оның түйінін тарқату билікке оңайға түспейді. Жігер, білім, білік, тәуекел, ұмтылыс керек-ақ. Әрине, мұның бәрі – тәрбиелі, тәлімді жастардың бойынан табылатын қасиеттер. Президент те осыны меңзеп отыр. Жастардан құралған кадрлық резервті даярлау өз уақытында қолға алынған, нәтижелі, жемісті шара болуы тиіс. Сонда ғана Президент пен халық өздері діттеген мақсатқа жақындай түседі.