Шымкентте бір топ дәрігер әріптестерін аза тұту үшін көшеге шыққан
Шымкентте бір топ дәрігер әріптестерін аза тұту үшін көшеге шыққан
244
оқылды
Түркістан облыстық Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болат Сағымбеков Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандарды аза тұтуға жолдың бойына шыққан дәрігерлердің видеосы жайында өз пікірін айтты.
«Әлеуметтік желіде Президентіміз жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күні коронавирус құрбандарын еске алу бойынша біздің әріптестеріміздің көшедегі үнсіздік акциясы кеңінен таралып жатыр. Бұл іс-әрекетті сынға алған азаматтар да бар. Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық Туберкулезге қарсы диспансері ұжымының атынан ресми түрде мәлімдеймін: аталмыш шара Ұлттық медициналық ассоциациясының төрайымы Садықова Айжан Бегайдарқызының барша медицина қызметкерлеріне тастаған үндеуін қолдау мақсатында, сұм індетпен күресіп көз жұмған барша әріптестеріміздің рухына тағзым ету үшін жасаған біздің ортақ шешіміміз», - деді ол.
Бас дәрігер бұл шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да еш қатысы жоқ екенін айтады.
«Аты жаман аурумен арпалысып жүріп ортамыздан кеткен қаншама маманнан, әріптес-достан, қызметтес-жолдастарымыздан айырылдық. Көз алдымыздан кетсе де, жүрегімізде қалды. Сондықтан да, Аза тұту күні олардың рухына тағзым етіп, еске алуды өзіміздің әріптестік парызымыз деп білеміз. Олардың әрбірі осындай құрметке лайық деп санаймыз. Өз кезегімде, бұл шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да ешқандай қатысы жоқ екенін жеткіземін», - деді ол.
Бұл Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жағдайға қатысты түсінік беріп, акцияны ұйымдастыруға мұрындық болған бас дәрігерді айыптады.
«Шымкенттегі Туберкулез диспансерінің бас дәрігері қажет емес бастаманы қолға алып, аурухананың бүкіл ұжымын сыртқы шығарып акция өткізді. Дәрігерлерді осындай қиын сәтте мазалау, былайша айтқанда, қылмыстық озбырлық», - деді Қалқаманов.