Қазақстан бәсекеге қабілетті болу жағынан дәл қазір әлемде 34-орынға тұрақтапты. Су жаңа деректі дәл осы мәселені (бәсекеге қабілет) жіті зерттейтін халықаралық орталық ұсынған. Кеңес одағының шекпенінде бірге ғұмыр кешкен елдер ішінде біз тіпті Ресей (45) мен Украинаны да (54) артта қалдырыппыз.
Көш басында Сингапур тұрса, рейтингтің соңында Венесуэла елі орналасқан. Оңтүстік Америка елінің дәл бұлай құлдырайтындай жөні бар. Себебі, соңғы бірер жылда Венесуэлада болған саяси және экономикалық қиындықтар ел еңсесін түсірмей қойған жоқ. Осы жылдың 21 қаңтарында аталған елде президент Николас Мадуроға қарсы жаппай оппозициялық қозғалыстар бастау алып, Ұлттық ассамблея басшысы Хуан Гуаидо параллельді түрде ел билігіне келген еді. Тіпті АҚШ бастап, бірқатар Батыс елдері қостап Гуаидоның билігін заңды деп те таныған. Бұл жағдай әлі күнге бір арнасына түскен жоқ. Оның үстіне экономикалық қиындықтар да «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген тәмсілді еске түсіреді. Соңғы айда Венесуэладағы мұнай экспортының көлемі күрт төмендеп, шілде айында экспорттық көрсеткіш 17,5 пайызды құраған. Ал былтыр елдегі мұнай өндіру көлемі екі есеге азайып кеткен.
Ал көш басындағы Сингапурдың мүмкіндігі мен бағындырып отырған биігін көріп тәнті боласың. Азия-Тынық мұхит аймағындағы ең ірі экономикалық орталыққа айналған бұл елден бірде-бір табиғи ресурс табылмайды. Соған қарамастан экономикалық еркіндік индексі бойынша әлемде алдына қара түсірген емес. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) негізгі үлесі өңдеуші сектордан келіп түседі екен. Бұл ел негізінен электроника, химиялық өнеркәсіп, биотехнология, логистика және машина құрастыруға баса көңіл бөлген. Сондай-ақ қаржылық қызметтер көрсетуді жолға қойғаны, сол себепті қазіргі таңда әлем бойынша 200-ден астам банктің Сингапурда жұмысын жандандырып отырғаны да оның экономикалық бәсінің артуына үлкен үлес қосуда. Мемлекеттің бәсекеге қаншалықты қабілетті екенін бағалайтын ұйым оның экономикалық мүмкіндігіне көбірек көңіл аударатыны түсінікті. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы 5 негізгі фактор біздің артықшылық болып тұр. Олар – елдегі саяси тұрақтылық, қаржы ресурстарына қолжетімділік, экономиканың динамикасы, бизнес ортаның жайлылығы және тиімді салық жүйесі. Әрине, бұл факторлардың барлығы салыстырмалы түрде ескерілген болуы тиіс. Әйтпесе, дәл осы айтылған бағыттар бойынша Қазақстан өзін «суда жүзген балықтай» сезіне қояды деп айту да қиын. Әсіресе, бизнес ортаның жайлылығы – азаматтар үшін аса маңызды фактор. Қазір көпшілік бизнес ашпас бұрын оның құжаттарын реттеу, бастан асатын салығын төлеу, бәрін заңды реттеген күннің өзінде қайта-қайта бас сұға беретін тексерушілерден шаршап, шаруасын шатқаяқтатып алып жатады. (Осыны ескерген Президент Қасым-Жомар Тоқаев биыл сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын).
Есесіне Қазақстан экономикалық еркіндік бойынша түзілген рейтингте төмен құлдыраған. Америкалық The Heritage Foundation зерттеу орталығының хабарлауынша, Қазақстан дәл қазір 59-орында. Біздің ел былтырдан бері 12 бағалау көрсеткішінің төртеуін ғана әупірімдеп жаңарта алыпты. Бізге қарағанда Әзірбайжан мен Арменияның жағдайы тәуір. Өгізаяңмен өсіп жатқан еліміздің ЖІӨ көрсеткіші биыл маусым айында 4 пайызды құрады. Соның 90 пайыз үлесі шикізат экономикасына, тасымалдау қызметіне, алғашқы өңдеу мен шикізат саудасына тиесілі. Жерасты байлығының молынан табылуы, металл мен мұнайдың, газ бен уранның белсенді экспортталуы әзірге ел экономикасына көлеңке түсіріп тұрған жоқ. Дегенмен экономиканы әртараптандыру да сәтті жүргізіліп жатыр деуге келмейді. Шикізаттық емес сектордағы өсімнің артпауы, жеке бизнестің әлі де болса жөнді қарқын алмауы, технологиялық жабдықталудың кемшін тартуы, елдегі қаржы жүйесінің – банктердің, қор нарығы мен сақтандыру компанияларының әлі де болса экономикадағы басты факторға айнала алмауын – экономиканың шалғайына жармасқан маңызды проблемалар десе болғандай.
Экономист Берлин Иришевтің айтуынша, экономиканың дамуына кері әсер етіп жатқан басты нәрселер бар.Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы инфляция көлемі 2,8 пайыз болған. Жеті ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 6 пайызға өсіп, азық-түлік емес заттар құны 2,4 пайызға қымбаттаған.
– Трамптың билікке келуімен біз «Үшінші дүниежүзілік соғысқа» жақындап келе жатқандаймыз. Әрине, бұл «соғыста» қан төгілмейді, бірақ салдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кем түспейді. Ал өз еліміздегі жағдайға келсек, дәл қазір Ұлттық Банк теңгені қорғау үшін оған ең жоғары мөлшерлеме қойып отыр. Федералдық резерв жүйесі мен Еуропалық орталық банк өндірісті ынталандыру үшін арзан ақша тактикасын таңдайды. Бұл ретте Ұлттық Банк қолданатын әрекет әлемдік үрдістерге қайшы келеді, – дейді сарапшы.
Осыдан бірер ай бұрын Премьер-министр Асқар Мамин экономикалық өсімді арттыру туралы тапсырма берген еді. «Соңғы уақытта өсім көлемі бәсеңдеп қалды. Сарапшылар мен даму институттары өсім биыл 3,6 пайыз көлемінде төмендейді деп болжам жасап отыр. Сондықтан экономиканы сапалы және инклюзивті дамытуды жолға қою қажет. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвесторларды тарту да өте маңызды» деген еді Үкімет отырысында.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанның шикізаттық емес экспорт көлемі 1 пайызды құраған. Осының өзі 15,7 млрд доллар табыс әкелген. Министрдің айтуынша, қазір еліміз әлемнің 120 еліне 800-ден астам тауар түрін экспорттайды екен. Біз көбінесе ферроқорытпалар, өңделмеген цинк, бал, уран, мұнай газы, трансформатор және аккумулятор сатамыз. Өңделмеген экспорттың 51 пайызын әзірге металлургия беріп тұр. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, биыл бізде ғана емес, жалпы әлемде экономика өсімі 2,9 пайызға дейін әлсірейді. Аталған орталық экономика өсімінің Қазақстанда 3,5 пайызға дейін төмендеп кететінін ескерткен. Төмендеуге басты себеп болатын факторлар – мұнай өндіру көлемінің азаюы және бюджетті сауықтыруға байланысты қолданылатын шаралар.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы инфляция көлемі 2,8 пайыз болған. Жеті ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 6 пайызға өсіп, азық-түлік емес заттар құны 2,4 пайызға қымбаттаған. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: «Өңдеуші өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы, құрылыс және ауылшаруашылық саласындағы тұрақты динамиканың арқасында ЖІӨ көлемі артты. Тауарлық нарықтағы жағдай тұрақты. Төрт айда мұнай бағасы барреліне 65 доллар болды. Ал металл бағасы төмендеп жатыр. Ғаламдық жағдайлар бізге де әсерін тигізеді» деп пікір білдірген еді.
Осы жақында ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев: «Жұмыссыздардың минимал деңгейін ұстап тұру үшін Қазақстанда жыл сайын 370 мың жұмыс орнын құру қажет» деп мәлімдеді. Қазір еліміздің еңбек нарығында 8,7 млн адам жұмыс істеп жатыр екен. Бұл дегеніңіз экономикаға артылар үлкен жүк дегенді аңғартса керек. Ел экономикасы еркін һәм серпінді болған кезде ғана жаңа жұмыс орындарын ашуға деген мүмкіндік туындайды. Ал жыл сайын вице-министр айтқан жұмыс орнын ашып, оны қызметкермен қамтып, оған тиісті жалақысын төлеп, жұмыс істейтін технологиясын сатып алып беріп, шикізаттық емес жеке сектордың жұмысын даңғыл жолға салып кеп жіберуге дайынбыз деп айту қиын-ақ.