Қоғамның басты дерті саналатын сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасын табуда. Соңғы 3,5 жылда жол құрылысы саласында 100-ге жуық жемқорлық дерегінің жолы кесілген.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн.
Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр.
Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек! Бұл – бір ғана мысал. Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті реттеу жұмыстарын жүргізу керек. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек. Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауы тиіс. Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек», – деген болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүгінгі күндері қарқынды жүргізіліп те жатыр. Дегенмен әр салада орын алған жемқорлық салдарынан миллиондаған ақша желге ұшуда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан автокөлік жолдарының сапасы бойынша әлемдік рейтингтің аутсайдері атанды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов: «Автокөлік жолдары саласындағы проблемалардың ауыртпалығын халық көреді. Өкінішке қарай, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біздің еліміз жолдардың сапасы жағынан 140 елдің арасынан 106-орынға қойылды. Біз аутсайдерміз. Жолдардың жаман күйде болуына негізінен сыбайлас жемқорлық себеп. «ҚазАвтоЖол», «Қазақ-АвтоДор» сияқты ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, зертханалар мен өзге де көптеген құрылым қызметкерлерінің жолдан ақша жегені әшкереленді», – дейді.
Жол құрылысынан ақша жеу деректері негізінен парақорлық, келісімшартқа қол қою, заңсыз кәсіпкерлікке жол беру, әкімшілік шаралар қабылдамау, сон-дай-ақ мемлекеттік сатып алу барысында бюджет қаржысын жымқырумен байланысты болып отыр.
Өкінішке қарай, 2018 жылдың қорытындысы бойынша біздің еліміз жолдардың сапасы жағынан 140 елдің арасынан 106-орынға қойылды. Біз аутсайдерміз. Жолдардың жаман күйде болуына негізінен сыбайлас жемқорлық себеп.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті басты мақсат етіп алған агенттіктің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин: «Қазақстанда қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша үлкен реформа жүргізілді, түрмедегілердің саны едәуір азайды. Сіздер білетіндей, 2014 жылғы Қылмыстық кодекспен қылмыстық жазаға тарту жүйесі қайта өңделіп, 1997 жылғы Қылмыстық кодекспен салыстырғанда «ізгілендіру» төмендетілді. Атап айтқанда, 160-тан астам санкцияға қосымша балама ретінде енгізілген айыппұл түріндегі жазаға тарту шарасы елеулі өзгерістер әкелді. Егер де адам біржолғы сипаттағы сыбайлас жемқорлықта күдікті болып танылатын болса және оның бой тасалауына ешқандай себеп жоқ болса, оның еркіндігін шектеуге қандай қажеттілік бар? Олар қоғамнан оқшауландырумен байланысы болмаса да, олардың барлығы сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған», – дейді. Еселенген айыппұлдар соттарға алынған пара сомасына сәйкес келетін әділ жазалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, әрбір тұлғаға қатысты өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан айыру, әскери және өзге атағынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру түріндегі қосымша жазаға тарту шарасы қабылданады. Бұл соттармен қабылданатын жазалардың тиімділігіне оң әсерін тигізеді және бұрын сотталған тұлғалармен қайта сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау мүмкіндігін жоймақ.
Барлық сыбайлас жемқорлық баптары бойынша мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру қолданылады», – дейді ол.
2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық саласындағы қылмыстық істер бойынша 1 561 тұлға 13,4 млрд теңге сомадан астам айыппұл түріндегі жазаға тартылды. Бұл барлық құқық қорғау органдарымен тергелген қылмыстық істерге қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу материалдары бойынша 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін 1 315 тұлғаға 9 млрд 642 млн теңгеден астам еселенген айыппұл салынған.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің ювенальды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлары А.Хабибулина, Ә.Найзабекова, Б.Есеналиева жеке кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпауы үшін 300 мың теңге сомасындағы пара алуда 7,5 млн теңге сомадағы еселенген айыппұлға сотталды. Айыппұлды төлемеуіне байланысты жаза 7 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Өзге мысал, азаматқа қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін 200 мың теңге сомадағы пара алғаны үшін сотталған Атырау облысы ІІД Мақат аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Д.Булжановтың 17,5 млн теңге сомадағы еселенген айыппұл жазасы 5,6 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде алға қойылған тоғыз бағытты айқындап берген болатын. Соның бірі – Сыбайлас жемқорлықты жою. «Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді.