Өткен жылдың соңында, нақты айтқанда 25 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі полиция қызметкерлерінің жоспардан тыс аттестациясы өткізілетінін мәлімдеген еді. Сонау 1998 жылы құрылғалы бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Енді алдағы үш жылда ішкі істер органдарының реформалары ішіндегі ең көлемдісі жасалуы тиіс. Жыл өткен сайын күрт көбейіп жатқан полицейлердің керегі қанша? Жаңа реформадан кейін саны азайып, сапасы көтерілуі мүмкін бе?
2019-2021 жылдарға арналған жоспарда бәрі жан-жақты қамтылып, түрлі өзгерістер енгізіледі деп күтіп отырмыз. Киім киісінен бастап, жалақысы, әлеуметтік пакеті, қызмет талаптары – бәрі ауысады-мыс. Қоғамдағы тыныштыққа жауапты тұлғалардың ел ішіндегі беделін көтеру үшін полиция қызметкерінің ұлттық стандарты да жасалады деседі. Қызметкерлердің қаншалықты талапқа сай екенін тексеруге берілген уақыт бір ай бұрын бітті. Сол кездегі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, кезектен тыс тексеріс 1 шілдеге дейін өткізілуі тиіс еді. Ішкі істер министрлігіне берілген жартыжылдық кампанияның нәтижесі енді белгілі болады.
Әлқисса, қоғамда қаптаған полицейдің керегі не деген түсінік қалыптасқан. Нақты сандар белгілі болмаса да, жұрт олардың санын «ойша» санап тастағандай еді. Кейбірі кадр жетіспейтін өзге әлеуметтік салаларға маман тартуды ұсынады. Өйткені бір кабинетте, бір ғана дәрігердің алдына баруға бір күнін шығындағанда полиция қызметкерлерінен гөрі дәрігерлердің санын арттырған жақсы деп жатады. Бұл сөздің жаны бар. Естеріңізде болса, Парламент Сенатындағы тыңдаулардың бірінде Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Қалмұханбет Қасымов 100 мың қазақстандыққа шаққанда 471 полиция қызметкерінен келетінін айтқан болатын. Өзге елдердегі көрсеткіштермен салыстырсақ, ТМД елдерінің ішінде біз үшінші орындамыз. Көш басында 521 қызметкермен – Украина, 517 қызметкермен Ресей тұр. Қазақстаннан кейінгі орындарда Молдова (440) мен Беларусь (405) тұр.
Әлемнің басқа да елдеріне келсек, 2016 жылғы статистикалық деректер бойынша Черногорияда – 635, Францияда – 326, Ұлыбританияда – 305, Германияда – 297, АҚШ-та – 292, Швейцарияда 221 қызметкерден келеді екен. Ең төмен көрсеткішке Финляндия ие. Ол жақта 100 мың адамға – 137 қызметкерден. Негізі БҰҰ мен Еуропалық институттың бірлесіп жасаған зерттеуінің нәтижесінде, әлемде орта есеппен 100 мың адамға 300 полиция қызметкерінен келеді. Дегенмен халық саны мен аумағына қарай, бұл шама бірде жоғары, бірде төмен. Аймақтар бойынша статистикалық мәліметтерге келсек, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Еуропада – 390, Орталық Азияда – 327, Батыс және Орталық Еуропада – 311, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азияда – 300, Латын Америкасы мен Кариб елдерінде – 283, Канада мен АҚШ-та – 207, Оңтүстік Азияда – 202 және Африкада 187 қызметкерден келетіні белгілі болып отыр. 2019 жылы жасалатын оңтайландыру шараларынан соң еліміздегі көрсеткіш 471-ден 424-ке азаюы мүмкін.
Ішкі істер органдарының штаты бүгінде 86 мың адамнан асқан. Бұл шама жыл сайын өзгеріп отырады. Соның ішінде аттестация кезінде жиі құбылады. Соңғы тексеріс осыдан 4 жыл бұрын, 2015 жылы өткізілді. Оның алдындағы 2012 жылы жүргізілген. Ол кезде аталған процедураға 75 мың қызметкер қатысып, нәтижесінде, 4 мыңға жуығы жұмыстан босатылған болатын. Енді бір бөлігінің лауызымы төмендеді. ІІМ мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлерінің 85 пайызы негізгі талапқа сай болыпты. Бір қызығы, кезектен тыс, жоспарда жоқ аттестациялау жұмыстары нәтижелірек. Денешынықтыру, заң білу, психологиялық тексеріс, ату сынды түрлі нормативтер тапсырылады. 2014 жылы мұндай сынақ әр үш жыл сайын өткізіліп тұрады деген шешім қабылданған еді. Бірақ былтыр аттестациялау жұмыстары жүргізілмеді.
Ішкі істер органдарын модернизациялаудың 2019-2021 жылдарға арналған жобасын сала министрлігі қоғам талқысына көктемде ұсынған болатын. Соған сәйкес, штат саны 10 592 жұмыс орнына немесе 10,1 пайызға қысқаруы тиіс. Қызметкерлер саны тек азаматтық қорғаныс және Ұлттық гвардия және госпитальдар органдарында ғана өзгеріс қалады. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылай шығын қажет болмайды. Қысқартылғандардың қаражаты аттестациядан өткен қызметкерлердің айлықтарын көтеруге бағытталады.
Ақпанның соңында министр Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігі бірінші кезектегі маңызды шараларды атқаруға күш салынатынын айтқан болатын. Оның мәлімдеуінше, әзірге жаңа форма енгізуге қатысты асығыстық жоқ. Одан гөрі маңызы жоғары дүние – аттестациялау және штатты қысқарту. «Бүгінде форманы өзгерту шарасын кейінге қалдырып отырмыз. Қазіргі міндетіміз – аттестация өткізу. Соның нәтижесінде қысқарған қызметкерлер есебінен жалақыны көбейту. Киім мәселесі осыдан кейін барып қолға алынады. Өйткені бірінші кезекте полиция қызметкерінің бейнесі маңыздырақ» деген болатын Тұрғымбаев.