Жаркенттіктер тұншығып отыр

Жаркенттіктер тұншығып отыр

Елдің шетінде орналас­қан Панфилов ауданының аумағында үлкен құрылыс жүргізіліп жатыр. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының арқасында шекаралы аймақтың да­муы да қарқынды. Соны­мен бірге осы аудан­да тұратын диқандардың басты табыс көзі саналатын жүгері шаруашылығы да бір кездегі биігін қайта бағындыра бастады.

Жүгерішілердің «дала аруы­на» арналған алқапты алға жыл­жы­ған жылдармен бірге артты­рып, гектар берекелігін мүмкін­дігінше кө­бей­тулеріне жиналған дәнді жүгерінің жергілікті жерде өңделетіні де оң әсер етіп отыр­ға­ны анық. Соңғы жылдары «Ал­­тын сапа» байқауында топ жа­рып, жергілікті жұртқа жұ­мыс тауып беріп, жүгері шикіза­тын қай­та өңдеуді жолға қойған крах­­мал-сірне зауытының аудан, об­лыс экономикасының өркен­де­уіне қосып отырған үлесі қомақты.

Алайда аудан орталығы Жар­кент қаласы аумағына орна­ласқан осы алып кәсіпорынды іске қос­қандар экологияны, халықтың жағдайын дер кезінде ойластыр­мағандай. Өйткені Жар­кент қа­ласы мен оның ма­ңындағы ауыл­дардың тұрғын­дары зауыттың қалдық сулары­нан шығатын са­сық иіске тұн­шығып отырғанына биыл бес жыл болады. Тек пай­даны ғана көздегендер, жүгеріні тереңдете қайта өңдеу барысында шығатын зиянды қоймалжың­дарды ағы­затын жеке кәріз желісі мен жи­налған қалдықты сақтап, залал­сыздандыру жолын мүлде қарас­тырмаған. Онсыз да қалада­ғы тұрғын үйлер мен үлкенді-кішілі мекемелерден, кәсіпо­рын­дардан шығатын ақаба суларды әрең өткізіп, тиісті орынға әупі­рім­деп жеткізетін қалалық кәріз жүйе­сіне құйылған зауыттың қал­дығы сыртқа кетіп, аудан ор­та­лығы мен оның маңындағы ел­д­іме­кендерді тұншықтырып жатыр.

Кейінгі үш жылда бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Әсіресе, кәсіпорын шикізат өңдеуге кі­рісетін күз айларында сасық иіс бүкіл аймақты алып кетеді. Ба­лалар мен қарт тұрғындар жиі ауырады. Қалалықтар алғашында зауыт басшылығына өтінішпен шыққанымен, олар сол кезде берген уәделерін орындамады. Одан ауданға, облысқа арыздан­ғандарымен одан да ештеңе шық­пады. Жағдай әбден асқын­ған шақта шара қолданған бо­лып, кезекті уәде қардай жауға­нымен, бұл келеңсіздік жылда қайта­ла­натын «дертке» айналды. Қала басшылығы қалалық кәріз-таза­лық жүйесіне тексеру жүр­гізіп, ондағы құбырлардың зауыттан шығатын қалдық суды көтере алмайтынын анықтаға­нына да бірнеше жыл болды. Кәсіпорын жетекшілігі де тек­серушілер уә­жімен келісіп, бәрін реттеуге бір­неше мәрте сөз бер­ген. Дегенмен бәрі әлі сол қал­пында. Биыл тұр­ғындарды күн­нің ыстығымен бірге қинаған сасық иіс тарқар емес. Терезе ашып, пәтерді желде­ту мүмкін болмай тұрған көрінеді. Оны айтасыз, кешкі салқында бала-шағамен серуендеу де жа­йына қалған.

Осыдан біраз бұрын аталған мәселеге қатысты аймақ басшы­лығымен жұртшылық өкілдері кездесті. Кәсіпорынның қожа­йыны Закир Кузиев те қатысты жүздесуге. Пікірталас барысында зауыт басшылығы жағдайды тез арада қалпына келтіретіні жайлы кезекті рет уәде берді. Бірақ оны жөндеуге уақыт керек екенін де білдірді. Сонда дейміз-ау, бес жыл бойы бір зауыттың мәсе­лесін шешуге уақыт таппаған ба? Қалай болғанда да, мұнда аудан басшы­лығының азусыздығы, облыс же­текшілігінің жауап­сыз­дығы байқалып тұр. Ал күзгі жиын-терім аяқталғанда қал­тасын қам­пайтатын жекеменшік кәсіпо­рынның қожайындары үшін халықтың денсаулығы бес тиын. Жыл сайын күзге таман жан-жаққа арызданып, әлеу­меттік желілерді шулатып, іле-шала берілген құрғақ уәделерге сенетін жұртшылықтың жүй­к­е­сін бұлай жұлмалай берудің соңы жақсы­лыққа апармасы анық.

 

Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы