27 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желіде белсенді болып, халықпен байланысын нығайтуды тапсырды. «Жыл сайынғы есеп беру жиындары – көзбояушылық. Халықпен күнде жұмыс істеу керек» деген Президент сөзінен кейін әлеуметтік желіде әкімдердің парақшасы көбейді. Біз облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің Facebook-тегі парақшаларын шолып шығып, жергілікті билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы қалай өзгергенін сараптап көрдік.
Алматы қаласын тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз мегаполиске айналдыру мақсатымен бөліскен Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметін (28 маусым күні Алматы қаласының әкімі боп тағайындалды) әлеуметтік желіде парақша ашудан бастады.
«Сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды. Сіздермен тікелей байланыс орнату үшін Facebook, Twitter, Instagram желілерінде тіркелдім» деп жазған әкімнің әр жазбасына пікір қалдырып, қаладағы бірқатар мәселеге қатысты ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізушілер көп. Әкімнің жұмысы қауырт болса керек, қолданушылардың пікіріне Open Almaty (Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесі) парақшасын жүргізушілер жауап береді. Бірақ Open Almaty парақшасының әкімшілері пікірлердің бәрін бірдей назарға алмайтыны байқалады. Мәселен, Бақытжан Сағынтаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі туралы жазбасының астына ауданда ауызсу мен жастарға арналған спорттық нысандар жоғын, су жеткізетін көліктердің ел жұмыста жүрген уақытта келуінен су алып үлгермейтінін айтып шағымданған, келесі кездесулердің кестесін сұрап, қатысуға ниет білдірген басқа аудандардан «Бізге де келіп, тұрғындармен кездесу ұйымдастырсаңыз екен» деп, мәселелерін алға тартқан азаматтар бірде-бірі жауап ала алмаған. Бірақ соңғы кездері әкім парақшасына қолданушылар қалдырған пікірлердің біразына Оpen Almaty мәселенің анық-қанығын анықтау кімге тапсырылғаны көрсетілген хабарлама арқылы жауап беріп, кері байланыс орнай бастаған. Алғашқы жазбасын Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өткен кездесу барысын баяндаудан бастаған әкім әдетте аудандарды аралағаны, өндіріс орындарына сапары және әкімдікте талқылаған мәселелері туралы жазады.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың әлеуметтік желідегі белсенділігі жоғары. Ол өзіне сұрақ қалдырған азаматтарға жеке жауап беріп, қажет жерде Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты тегтеп, соған қарай жөн сілтеп отырады. Осылай Жамбыл облысының әкімі мен Тараз қаласы басшысының коллаборациясы арқылы халықтың сапасыз жолдар, балалар алаңын салу бойынша өтініштері назарға алынып, әкімдік қандай шешім қабылдағаны туралы ақпарат беріліп жүр.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың Facebook-тегі парақшасы баспасөз хатшысы мен облыс басшысын белгілеген басқа қолданушылардың жазбасынан тұрады. Әкім өз атынан ештеңе жазбаған. Парақшаға пікір қалдырушылар да көп емес. Бірақ бірлі-саран мәселе көтерген азаматтардың да өтініші жауапсыз қалады. Әкімнің парақшасынан өңірдегі, ел ішіндегі жағдайға қатысты пікірін біліп, қабылдаған шешімдерімен танысу мүмкін емес.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинның парақшасы күнделікті жұмыстар мен сапарлар туралы ақпарат жариялап отыратын әкімдіктің ресми сайтын көбірек еске салады. Әкім туралы ақпарат үшінші тараптан жазылып, үнемі жаңарып отырады. Әлеуметтік желісін өзі жүргізбейтін әкімнің қандай нысандарды аралап жүргенін осы парақшадан қарап білуге болады.
Саясаттанушы Расул Жұмалы әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелуін дұрыс көреді. «Әлеуметтік желі – заман талабы. Қазіргі билік те ашықтықты, халықпен байланыс болуы керегін алға тартады» деген сарапшы әлеуметтік желінің әкімге қосымша жүк болмауы керегін айтады.
– Әлеуметтік желі әкімге ақпаратты ықшам түрде жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Мобильділік, тікелей байланыс, бір мәселе бойынша қосымша анықтама сұрау, тапсырма беру сияқты артықшылықтары тағы бар. Бірақ әкім қанша жерден сауатты, мемлекетшіл болса да, оның уақыты шектеулі екенін есте ұстаған жөн. Басқа міндеті жетіп-артылатын әкімге күніне ондаған, жүздеген адам жазса, сонша хабарламаны 24 cағат бойы қарап, өңдеп отыру мүмкін емес. Сондықтан мәселенің осы қырын оңтайландыру керек, – дейді ол.
Шын мәнінде, өздеріне келетін сұрақтар мен өтініштердің көптігінен халықты байланыстың жаңа үлгілерін қолдануға шақырған әкімдер де кездеседі. Мәселен, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Facebook-тегі парақшасында азаматтарға әкімдік сайтындағы сұрақ-жауап бөлімін пайдалануды ұсынды. Баталовтың жазбасында былай делінген (мәтіннің орфографиясы өзгертілмей берілді): «Менің парақшама Сіздер көптеген сауалдар жолдайсыз, олардың ішінде жүйелі түрде жұмыс істеуді қажет ететін, қарастыру уақыты тығыз келетін күрделі мәселелер көп, алайда барлық сұрақтарға осы парақшада жауап беру мүмкін емес. Азаматтармен пікір алмасу, сұрақтарын ескеру, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында http://www.zhetysu.gov.kz/сайтында менің жеке блогым, сонымен қатар арнайы «Сұрақ-жауап» бөлімшесі қызмет жасап тұр. Әртүрлі мәселелер бойынша өтініштер ресми түрде тіркеліп толыққанды жауаптар берілетінін хабарлаймын».
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі парақшасына жеке нөмірін қалдырып, WhatsАpp желісінде азаматтардан өңірді дамыту бойынша нақты ұсыныстар күтетінін жазған. Кейінірек әкім бір күннің ішінде 500-ге жуық хабарлама алғанын, олардың 95 пайызы тұрғын үйді жөндеу, жұмыспен қамту сияқты мәселелер екеніне назар аударған. Азаматтардың қай өтініші де маңызды екенін атап өткен Ғали Есқалиев халықтың өтініштерін қабылдаумен айналысатын 109 желісі, Telegram-да Ikomek Uralsk парақшасы барын еске салған.
Расул Жұмалының пікірінше, халықтың әкімге өтініш қалдыруға құлшынысын мемлекеттік органдар қызметінің кемшін болуынан іздеу керек.
– Мұнда ең бастысы, «Неге әкімге өтініш қалдыратындардың легі толастамайды?» деген сұраққа жауап беру керек. Менің ойымша, бұл – мемлекеттік қызметтің сапалы болмауының көрінісі. Кез келген мемлекетте мұндай мәселелерді шешетін арнаулы мекемелер бар. Халық көңілінен шықпаған мәселені тиісті мемлекеттік мекемеге барып айтады. Біздегі осындай мекемелер көбіне формалды түрде жұмыс істеп, іс жүзінде өз міндетін дұрыс атқармайды. Халықтың оларға сенімі де жоғары дәрежеде емес. Мемлекеттік органдар өтініш берушінің хатын қабылдап алған күннің өзінде оған үстіртін, ешқандай шешім ұсынбайтын, бір жерден екінші жерге жұмсайтын жауап береді. Осындай қағазбастылықтан басқа шағынар жері жоқ халық әкімге келеді.
90-жылдардың басында министрліктер мен парламентке кез келген азамат еркін кіріп, кабинетке кезекке тұрып, шенеуніктермен сөйлесе алатын. Мысалы, Германияда азаматтар Бундестагқа (заң шығарушы орган) кедергісіз кіріп, шағым қалдыра алады. Қазір біздің парламент пен министрлікке кірудің өзі – азап.
Әлеуметтік желіде парақша ашу – жақсы бастама. Бірақ бұл барлық дертке «дауа» бола алмайды. Сол үшін мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырып, бүгінгі заман талабына сай, кәсіби, жауапты қалыпқа салу керек, – дейді сарапшы.