Бірлігі бекем ел – бақытты

Бірлігі бекем ел – бақытты

Тәуелсіздігімізді баянды ету барлық ұлтты, мемлекетті нығайтуға жұмылдыру арқылы, ынтымақтастық арқылы жүзеге асады. Ал сол идеологияның басты діңгегі – патриотизм. Жастары мықты қоғамда өміршең, нақты мақсаттары бар ұтымды мінез-құлықтың прагматизмі жоғарылайды. Бұл орайда идеология нақты межелерден туындаған бағдарлы шынайы қажеттілікке жауап беріп қана қоймай, қоғамдық санаға, адамдардың ақыл-ойына ықпал ете алады.

Қоғам қажеттілігін өтей алатын идеология қоғамды алға сүйрейді, жайлы әлеуметтік мінез-құлық қалып­тастыруға септігін тигізеді. Бұл тұста ұлтаралық келісімнің алар орны ерекше. Осылайша, демокра­тиялық процестер өрбіп, қоғамда ын­тымақ, ауызбіршілік үйлесім тауып, мемлекеттік тәртіпке бой­сұнады.

Қоғамдағы түрлі әлеуметтік топ­тарды тәуелсіздік идеясының тө­ңірегіне шоғырландыру қазақстан­дықтарды отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесімен тікелей байланысты. Жастардың бойындағы патриоттық имунитетті нығайтудың негізгі жолы оларды отаншылдыққа баулу арқылы жүзеге асады. Ақиқатында патриот­тық иммунитет барлығымыздың бойымыздан табылады. Бірақ ол бұл күнде қандай деңгейде екенін дөп басып айту қиын. Ол қалай, қандай жағдайларда, қай кездерде жақсы дамиды? Оған қандай күштер әсер ете алады?

Жақында Арыста болған жарылыс жерді де, елді де дүр сілкіндірді. Бір сөзбен айтқанда, ешкімді бейжай қалдырмады. Адамдар жапа-тарма­ғай үй жайын, дүние-мүлкін тастап жан сауғалап кетті. Жолда кезіккен көлікке мініп, Арыстан кетудің ама­лын қарастырды.

Әрине, адам өмірі, адам қауіп­сіздігі қашанда бірінші орында. Біз тұрғындарды басқа елдімекендерге уақытша көшіру кезінде талай жайт­қа куә болдық. Жарылыс басталған кезде «Алтын Тұмар» балабақша­сының қызметкерлерінің балабақша­дағы 112 сәбиді дер кезінде ғимарат­тан алып шығып, аман сақтап қал­­ғаны адам бойында жауап­кер­ші­ліктің ғана емес мейірімнің, адам­гершілік, жанашырлық сезімдерінің жоғалмағанын анық көрсетті. Ешкім өз басын, отбасын ойламады. Олар­дың ойларында тездетіп балаларды қауіпсіз жерге орналастыру ғана болды. Әйтпесе, сол қызметкерлердің де бала-шағасы бары белгілі. Бала­бақшада бар жоғы екі-ақ автокөлік болды. Соған қарамастан әрбір қыз­меткер үш-төрт баладан жетектеп, кейбіреулері Шымкенттегі ағайындарының үйінде, ендібіреулері мектептерде уақытша балалармен бірге болған. Кейіннен барлық балалар түгелімен ата-аналарымен қауышты. Ата-аналардың балабақша ұжымына айтар алғысы шексіз. Осы оқиға біздің халықтың бойындағы патриот­тық иммунитеттің мықты екенін, қиын жағдайларда барлығы бірауыз­дан көтеріле түсетінін, бірлігі мықты екенін байқатты.

Жарылыс басталған кезде «Алтын Тұмар» балабақша­сының қызметкерлерінің балабақша­дағы 112 сәбиді дер кезінде ғимарат­тан алып шығып, аман сақтап қал­­ғаны адам бойында жауап­кер­ші­ліктің ғана емес мейірімнің, адам­гершілік, жанашырлық сезімдерінің жоғалмағанын анық көрсетті. Ешкім өз басын, отбасын ойламады. Олар­дың ойларында тездетіп балаларды қауіпсіз жерге орналастыру ғана болды. 

Тұрғындар арасында ішінара жағымсыз психологиялық ахуалдар да пайда болды. Тұрғындардың эмо­ционалды тұрақтылығына қол жет­кізу үшін билік өзара үйлесімді қаты­нас орната бастады. Барлық кедер­гілер зерттелді. Басшылық көп­шіліктің пікірімен санасып, жұ­мыла іске көшті. Елдің барлық түкпірінен көмек қолы созылды. Вагон-вагондап заттар келді. Қар­жылай көмек қамқорлық шотына түсіп жатты. Арыс қаласын қалпына келтіру үшін қала 17 секторға бөлініп, әр секторға облыстар бекітіліп, іс-шаралар басталып кетті. 55 602 тұр­ғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд тең­ге өтемақы үйлестірілді. Кәсіп­керлерге «Ырыс» микроқаржы ұйы­мы тарапынан «Қамқор» бағда­р­ла­масы бойынша 1%-дық жеңілдетілген сыйақымен әр кәсіпкерге 48 айға 5 млн теңгеге дейін кепілсіз несие қарастырылып, қазіргі уақытта 70 млн теңге көлемінде несие алуға 14 кәсіпкердің құжаттары жинақта­лып, несие комитетіне жіберілді. Арыстық 4 010 баланы жазғы демалыс лагерьлеріне демалдыру жоспарла­нып, қазіргі уақытта 3 800-ден астам бала қамтылды. Одан бөлек Арыстағы 3 900 зейнеткердің барлығы дерлік облыс аумағындағы ардагерлер үйіне орналастыру жоспарланды. 

Осылайша, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыста жайлы психологиялық ахуалдың қалып­тасуы үшін рационалды әдістерді пайдаланып, уақытша орын алған жағдайды тиімді шешудің жолдарын қарастырды. Алғашқы аптада тұр­ғындар арасында түрлі түсінбеу­ші­ліктер болды. Халық көп жиналған бір кездесуде Өмірзақ Естайұлының арыстықтарға «Мен сіздермен бірге Арыста тұрамын» деген бірауыз жүйелі сөзі толқуға себілген судай ха­лықтың бойындағы сенімсіздікті сейілтті, шиеленістің кілтін тауып, құлпын ашты. Бірауыз сөздің салма­ғы басым болды. Жүректе сенім пай­да болып, арыстықтар қайтадан үйлеріне оралды. Ал Nur Otan пар­тия­сы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбек алғашқы жұмыс күні қайнаған Арысқа келіп, партияның қамқорлық керуендерін күтіп алып, зардап шеккен тұрғын­дармен кездесті. Олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, жедел қи­мыл-әрекеттің көркем үлгісін көр­сетті. Содан бері Арысты қалпына келтіру шаралары партияның басты назарында. Партияның көзқарастар жүйесі тағы салмақтана түсіп, қам­қорлық, бірлік, ынтымақтастық идея­сының төңірегіне ел шоғыр­ла­нып көмек қолы созылды.

Қорыта айтқанда, бірлігі бекем, мақсаты айқын Nur Otan партия­сының ел үшін жасаған игі істері қоғамның патриоттық иммунитетінің нығаюына ықпал ете алатынына халықтың көзі жетті.

 

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы 
бірінші орынбасарының міндетін атқарушы