Адресіне арыз-шағым көп түсетін ведомствалардың бірі – Ішкі істер министрлігі. Содан да болар Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың шағымын тыңдаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына келген халықтың қарасы көп болды.
Бас полицейдің қабылдауында бейнебайланыс арқылы Шығыс және Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен қатар Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да шағымдарын жеткізді. Азаматтардың арыз-шағымдары түрлі сипатта. Бірі тергеудің дұрыс жүргізілмегеніне, бірі істің созбалаңға салынғанына, енді бірі сот шешіміне наразы. Дегенмен арыздардың дені қылмыстық істерді жүргізген тергеушілердің әрекеті мен әрекетсіздігіне қатысты болды. Қылмыстық істердің қысқаруы немесе қылмыс құрамы жоқ деп табылып, азаматтық іс ретінде сотқа жолдануына наразылық білдіргендер Nur Otan партиясы ұсынған алаңда министрдің өзіне тікелей арызданды.
Nur Otan-ға әділдік іздеп келген тараздық тұрғын Ескендір Тұрысбеков полициядан зәбір көргенін жеткізді. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы Ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы қарамағындағы қызметкерлердің қатысуымен болған жол апатын жасырып қалып, «шығынды өтеп береміз» деп сендірген. Бірақ полицейлер көп ұзамай сөзінен айнып, шығынды өтеп бермек түгілі жәбірленушінің өзіне қоқан-лоқы көрсетіпті. Енді Е.Тұрысбеков министрден осы іс бойынша әділ тергеу жүргізілуін сұрады. Өз кезегінде министр істің мұқият тексеріліп, полиция тарапынан қандай да бір заңбұзушылық анықталса, оған қатысты міндетті түрде шара қолданылатынын айтты.
Ішкі істер министріне шағым айта келгендердің арасында Павлодар облысынан келген азаматтар саны көп болды. Мәселен, Екібастұз қаласының тұрғыны Найляна Имашева полиция қызметкерлерінің салғырт әрекетіне шағымданды. 2018 жылдың 1 желтоқсанында үйінің босағасында тұрған газ баллон жарылып, бүкіл отбасы жапа шеккен. Ал газ баллон бірнеше сағат бұрын ғана жанармай бекетінде толтырылып, пайдаланылмаған күйі тұрған.
– Газ баллоны жарылғаннан кейін үйіміз өртеніп, анамның денесінің 95 пайызын, әкем екеуміздің денеміздің 73 пайызын күйік шалды. Ал 4 жастағы қызымның 60 пайыз денесі күйіп қалды. Бізді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді. Анам арада үш тәулік өткен соң, ал әкем 10 желтоқсанда қайтыс болды. Қызым екеуміз жарымжан болып қалдық. Үйіміз жанып кетті, – дейді Н.Имашева.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 204-бабы бойынша, яғни «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» фактісімен іс қозғаған. Н.Имашева екі бірдей адам қаза тауып, екі адам мүгедек болып қалғанына қарамастан, полицейлердің 204-бап бойынша іс қозғағанына, тіпті оны азаматтық іс ретінде сотқа жолдамақ болғанына шағымданды.
Бұл іс бойынша министрліктің тергеу департаменті тексеру жүргізіп, аймаққа арнайы тергеу тобы жіберілетін болды. Осы орайда ведомство басшысы Павлодар облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығын қатаң сынға алып, аймақтан түскен арыз-шағымдардың жиілеп кеткенін алға тартты.
– Екі адам қайтыс болып, екі адам күйіп қалды. Кінәлілер неге жазаға тартылмайды? Өздеріңіз істі тоқтатып қойғансыздар, арнайы сараптама жасалмаған, тексеру жүргізілмеген. Жалпы, Павлодардағы жұмыстарға көңілім толмайды. Мұнда сіздер жақтан шағыммен келетін адам көп. Ешқандай әрекет жоқ. Сіздерде заңсыздықтар орын алып жатыр. Барлық факті бойынша арнайы тексеру жіберемін, – деді министр Е.Тұрғымбаев.
Сондай-ақ ол бейнебайланыс арқылы облыстық департамент өкілдеріне істі тиісті дәрежеде жүргізбеген полицейлерге шара қолдану туралы бұйрық әзірлеуді тапсырды.
Қабылдауға келгендердің арасында мұрагерлік ісі бойынша соттың шығарған шешімімен келіспейтіндер, салық және прокуратура органдары қызметкерлерінің әрекетіне шағым айтқандар да болды. Бұл мәселеге қатысты жиын соңында министрдің өзі:
– Қабылдауға келген адамдардың ішінде Ішкі істер министрлігінің құзырына кірмейтін, прокуратура, сот саласына қатысты шағымданғандар да бар. Ішкі істер министрлігі соттың шешімін талқылауға, оған дау айтуға құқы жоқ. Сот шешімін жоғары инстанцияда тұрған сот қана бұза алады. Ал Ішкі істер министрі ретінде менің араласуымды талап ететін істерді жеке бақылауыма аламын, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Жалпы, қоғамдық қабылдауда 40-тан аса арыз қаралды. Олар сипатына қарай құзырлы органдарға бағытталады. Ал ІІМ құзырына кіретіндері қатаң тексеріліп, министрлік құрылымындағы жергілікті орган басшысының, министрдің назарына алынады.
Клара НАҚЫП