Қазір бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жұмыссыздықты жою, яғни тұрғындарға жұмыс тауып беру, кәсіпкерлікке тарту үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған. Әрине, жақсы іс! Бірақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы бөлінген қаржыға арнайы курстарда оқығандардың көбісі әлі күнге екі қолға бір күрек таба алмай жүр.
Дегенмен бір нәрсе анық емес, бүгінгі бөлінген ақша ертең нәтиже беріп, қазынаға қайта орала ма? Ауаға ұша ма? Берілген шәкіртақы мен оқуға бөлінген қаржының орны тола ма? Әлде тағы да сол қаржы құмға сіңгендей жоқ бола ма? Бұлай деп айтуымыздың себебі бар. Шілде айында республикалық бюджеттік комиссия 54 мың қазақстандықтың қысқамерзімді оқуына 7,9 млрд теңге және стипендия үшін 5,7 млрд теңге көлемінде қосымша шығындарға қаржы бөлген болатын. Ал бұрын осы бағдарламамен оқығандардың көбі жұмыссыз жүр, кейбір өңірлерде керек емес кәсіппен оқығандар да бар. Қолға қармақ ұстауды үйреткендер, шәкірттерінің көлде емес, шөлде тұратынын ескермей ме әлде? Олай бол-са неге басқа әдісін таппайды?!
Тек қана Павлодар облысында жұмыссызды оқытуға 549,8 миллион теңге және стипендияға 150,3 миллион теңге қаралған. Өйткені 1 қыркүйектен бастап бір мыңнан астам павлодарлық «Еңбек» бағдарламасы бойынша колледждерде оқи бастайды екен. Қысқамерзімді курстарда оқуға – 549,8 млн теңге, стипендияға тағы 150,3 млн теңге бөлінген.
Ал бұның алдында ғана 680 адам оқуын аяқтаса, оның 122-сі ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, 17,9 пайызды ғана құрайды.
Ақтөбеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен қысқамерзімді курстарда оқыған жұмыссыздардың тең жартысы еңбекке араласпаған. Шыжығы да шығып жатыр. Облыстық прокуратура жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірдегі жұмыспен қамту орталықтарын тексерген. Нәтижесінде, 4,5 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған.
Айта кету керек, 2016-2018 жылдары Ақтөбеде 4 900 адам қысқамерзімді оқуға жіберілсе, оның тек 2873-і жұмысқа орналасқан болып шықты. Яғни, 58,6 пайызы ғана.
Мәліметтерге сәйкес, Алға аудандық жұмыспен қамту орталығы оператор мамандығы бойынша – 25, электрик – 25, шаштараз – 43, кондитерлікке 22 адамды оқытқан, бүгінгі таңда бұлардың бәрі жұмыссыз босып жүр.
Міне қызық, ауылдық жерлерге дәл қазір қандай жұмыс орны керек екенін оқуды ұйымдастырушылар білмей ме? Әлде жұмыс іздеуші тегін оқу ғой, жолдамамен барып келсем болды деген оймен барып оқыды ма? Әйтеуір мемлекет ақшасымен оқыды, бірақ жұмысқа тұрмады. Бұл жерде аудан әкімдігін де, оқуға барып жұмыс таба алмағанды да кінәлау қиын. Өйткені олар облыстан келген жоспарды орындаушылар ғана. Негізінде, Алға ауданына тракторшы, дәнекерлеуші керек екен. «Қобда ауданының тұрғыны Нұрғалиев көпсалалы колледжде тас қалаушы мамандығын алды, жұмысқа орналаспады. Ал оған бюджеттің 232 мың теңгеден астам қаржысы жұмсалды. Мұндай дерек Ақтөбе облысының барлық ауданында бар», – дейді тексерушілер.
2018 жылы Жамбыл облысында бюджеттен бөлінген қаржыға «қысқамерзімді кәсіптік оқыту» бойынша білім алған 6 мыңдай адамның тек 28 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты. Қостанайда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 70 миллион теңге бөлініп, 543 адам толық оқу-курсын тамамдаған. Солардың 76 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан көрінеді. Жамбыл облысында былтыр 6429 адам қысқамерзімді курстарға жолданған. Оның 6 226-сы бітіріп, біраз азамат оқуды аяқтамай тастап кеткен. Оның 1788-і, яғни 28 пайызы ғана еңбекке араласқан.2019 жылы Шығыс Қазақстанда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несиелеуді кеңейтуге 4,5 млрд теңге бөлінген. Ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларда несие беруге 3,5 млрд теңге бағытталады.
Шағын несиелеумен 895 адамды қамту жоспарлануда. Бағдарламаның әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. 1,9 млрд теңгеге 640 жобаны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан филиалы, 1,3 млрд теңгеге 255 жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚФ қаржыландырады.
Қазіргі таңда жалпы сомасы 560,6 млн теңгеге 149 өтінім қабылданса, оның ішінде 317,3 млн теңгеге 79 өтінім қарастырылуда екен. Сомасы 243,3 млн теңгеге 70 өтінім мақұлданған. Қалалар мен моноқалаларда шағын несиелеу мен кепілдендіру үшін 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бағдарламаның әкімшісі – облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы. Несие қаражаты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін болады. 2019 жылдың төрт айында банктерге қарауға 1,5 млрд теңгеге дерлік 128 өтінім жіберілсе, банктер 495,1 млн теңгеге 42 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған, оның ішінде 402,7 млн теңгеге 35 жоба несиелендірілген.
Көріп отырсыз, мемлекет миллиардтар бөліп жатыр. Бірақ бұл істің де ертеңгі күні нәтижесін береріне күмән бар. Біз, алдымен, кесіп тастап, артынан «пішуім керек еді ғой» деп отыратын олақ тігінші секілдіміз. Еліміздегі барлық өңірде «жұмыссыздықты жоямыз» деп ұйқысын төрт бөліп жүргендер бағдарламаларды орындауға білек сыбанып кірісіп кеткендей. Оларға өткен жылдардағы «Нәтижелі...» бағдарламаның нәтиже бермей жатқаны емес, тек бөлінген ақшаны жұмсап қалу керек. Өйткені жыл аяғында бөлінген қаржыны уақытылы игермей қалса, таяқ жейтіндерін біледі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ