Ауылшаруашылық өндірісін жаппай цифрландыру қолға алына бастағалы бірқатар іс тыңдырылды. Осы жұмыстарды талқылау үшін жақында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еңбек ардагерлерімен арнайы кездесіп, ақылдасты.
– Ауыл шаруашылығы өндірісін заманауи технологияларға көшіруді ынталандыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру шеңберінде «Цифрлы фермалар» жобасын бүкіл республика бойынша ауқымды ету және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 100 пайыз автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2022 жылға дейін 141 цифрлы ферма, оның ішінде интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды ескере отырып, нақты егіншілік бойынша 98 цифрлы ферма құрылатын болады. Бүгінгі күні республика аумағында цифрлы деңгейде 27 ферма жұмыс істеп жатыр, оның 12-сі – нақты егіншілік бойынша фермалар, – деді министр.
Сонымен бірге, басқосуда тиісті мамандардың тез арада біліктілігін арттыру үшін Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен «Амиран агро» кәсіпорыны біріге отырып арнайы курс ашу жөнінде әңгіме қозғалды. Келелі кездесу жемісін беріп, университетте арнайы екіжақты келісімшарт жасалып жатқанын естіп қуанып қалдық. Бұл – өте құптарлық іс.
Ақмола облысы өткен жылдан бері С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетімен бірлесе жұмыс істеуінің арқасында биыл астықтан өткен жылғыдан 25 пайыздай артық өнім күтіп отырғанын сол облыстың ардагер кәсіпкері Амангелді Алиакпаров жеткізді. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан келген Сапар Үсенов өз шаруашылығынан 30 цент-нерден өнім алмағын айтты. Осындай жағдайлар Павлодар, Қарағанды облыстарында да жалғасуда. Біз кездесу кезінде астық кештеу пісуіне байланысты, барлық өңірде астық қабылдау пункттерін, ылғалды болғандықтан, астықты ұқыпты кептіріп, қоймаға құюға дайындалғаны абзал екенін министрге айттық.
Елімізде жетекші өсімдік шаруашылығы жақсы дамуына байланысты басқа салаларда да жұмыс нәтижелі болуы тиіс. Бұл тұрғыда сүт кешендері біршама жұмыс істеп келеді. Дегенмен жеке секторлардан сүт өндіру мәселесі әлі де толық жетіле қоймағаны жасырын емес.
Ал ет өндіру саласында өңір-өңірде ет комбинаттарын ұйымдастырып, фермерлерден ет өнімін сатып алу жағдайлары сын көтермейді.
Бізде ірілендірілген он бірдің үстінде құс фабрикасы бар. Құс өнімдерін шығарумен қатар тауық қиымен табиғатты ластау қаупі туып отыр. Бұл фабрикалардан орташа есеппен жылына 200 мың тоннадай тауық қиы шығады екен. Бұл табиғатқа ашық түссе, экологияны – маңайды улап жібереді. Ал осыларды арнайы технологияны пайдаланып, органикалық тыңайтқыш ретінде шығарса, барлық шаруашылыққа келісі мыңдаған теңге тұратын табиғи химиялық тыңайтқыштар орнына пайдаланса, табиғат та таза, ауылшаруашылық өнімдері де бағалы болар еді.
Бау-бақша шаруашылығы Оңтүстік өнірде жақсы дамып келеді. Түркістан, Жамбыл облыстары өнімдерін сыртқа шығарып сата бастады.
Өткен жылдағыдай биыл да көктем ерте басталғанымен жер қызбай, аяғы созылып шықты. Бірақ соңына қарай ылғал барлық өңірге біршама түсуіне байланысты егін бітік шықты.
Бүгінде оңтүстік өңірлерде астық түсімі өткен жылғыдан да жоғары көлемде жиылуда. Ал Орталық, Солтүстік өңірлер орақты бір жарым айдай кеш бастауы мүмкін.
Енді алда қызу егін ору науқаны келе жатыр. Әрине барлық ауылшаруашылық өнімдері осыған байланысты болғандықтан науқанды ұйымшылдықпен жинақы жүргізу қажет.
Ол үшін егін ору техникасын, жанар-жағармайды алдын ала дайындаған жөн болар еді.
Шаруашылықтар егін ора бастағаннан, келесі жылдың тұқым үшін жаңа өнімді дайындап, құрғатып, құйып алғаны жөн. Сонымен қатар сыртқа өткізетін таза астық ең кемі үшінші санатты болса, бидайдың 1 тоннасын 400 долларға дейін сатуға болатынын қарастырғандары дұрыс.
Теміржолда астық таситын вагондарды дайындап, сыртқа қанша тонна өнім жөнелтетінін есептеп топтастырған жөн.
Қорыта айтқанда, биыл 1,5 млрд пұт астық алуға ел болып талпынып еңбек етейік дегім келеді.
Серік ТІЛЕУБАЕВ,
Ұлытау ауданының құрметті азаматы