Иә, көзден кетсе де көңілден кетпейтін, нұрлы жүзі анда-санда дәл қасымда тұрғандай елес беріп, көкіректе сартап сағыныш боп сыздаған Асқар Шайхиев достың арамыздан кеткеніне де он тоғыз жылдан асыпты. Ай, шіркін, Асқар, жұдырықтай жүрегіңе бүкіл әлем сыйғандай дарқан едің ғой. Сені сырт қараған адам жолбарыстай жұлқысатын балуаннан гөрі зиялы қызметкерге көбірек ұқсататын, күлім қаққан кезіңде маңайың жадырап сала беретін жайсаң едің-ау.
Екеуміз әңгіме тиегін ағытып тастап, арқа-жарқа отырар едік. Сенің сөз төркініңнің өзі толғау-толғау дүниеден хабар бергендей еді. Ойың ормандай орамды болатын. Ал күресің, бір қарағанда қатарластарыңмен шамалас, қарайлас тәрізді, бірақ сен кілемге шыққанда айқасыңа қызыға, еліте қараушылар басқалардан көп сияқты көрінетін. Сенің белдесуіңді мұқият қадағалаған білгір маман артық-шалыс қимылы жоқ, қарсыласын қармағынан босатпайтын, екі тізгін, бір шылбырды уысынан шығармайтын, әр әдісі қылпылдаған ұстарадай өткір, ойы жарықтай жүйрік балуанды айтқызбай таныр еді.
Күресіңді 1989 жылы көзбен көрдім. Алматыда самбодан Кеңес Одағының чемпионаты өтіп, күресқұмар жанкүйерлер бір жасап қалып едік. Сенің сондағы арпалысың қандас тілеулестеріңді ғана емес, одақтың әр қиырынан келген мамандардың өзін тәнті қылып еді. Қарсыласқа қырандай түйіле қарап, шүйіле кіріседі екенсің. Жағадан қапсыра келе дедектете, дегелең қақтырасың. Анау да бір елдің «менмін» деген саңлағы емес пе? Тізгінді мен ұстаймын, менің үстем болғым келеді дейді жанұшыра жағаласып. Бірақ сенің жұлқи тартқан бір тұзағыңның ар жағында сан қулық, сан айла жатқанын шүу дегенде аңғару қиын. Екеуің шартпа-шұрт, сартпа-сұрт қайшыласа тартысқан апай-топайдың үстінде сен қас-қағымда екі-үш қармақты бір-ақ тастайсың. Қарсылас қайсынан қорғанарын білмей, есі шығады. Ұпайдың иісі шыққан тұсты іліп түсесің. Өзіңнен ұтылғаннан кейін дүниежүзінің бірнеше чемпионатын қатарынан қыран жапқандай қылған әзірбайжан балуаны Жейхұн Мамедов Алматыда сенің осындай шым-шытырық есебіңнің шешуін таппай, амалсыз бармағын шайнады. Саханың қазақтан аумайтын жұқалтаң балуаны, сол тұста жер шарындағы ең айтулы шебердің бірі Николай Цыпандин финалда сені жығу үшін күрестен тоқыған бар ілімін, кілемде үйренген бар әдісін салып бақты. Бірақ сенің Батыр Қуанышев ағаң санаңа құйып тастаған ілімің мен Қанат Байшолақов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараевтармен тартысып жүріп шыңдаған қорғанысың мен шабуылың одан басым шықты.
Иә, Асқар дос, сен сексен тоғыздың жазында Кеңес Одағының чемпионы болған сәтте талай тілеулесіңнің кірпігінде ыстық жас мөлдіреді.
Шайхиев қазақ күресінің нағыз майталманы еді. Әсіресе, іштен орап лақтырғанда жан шыдатпайтын. Асқардың бұл әдісіне іліккен түйе балуандардың өзі тырапай асып жатушы еді. Сосын шалқая бере кеудеден асыра тастауға керемет шебер болды. Ал қарсыласын иықтан асыра лақтыруды көзін жұмып жасай беретін. Тоқсан бірінші жылы КСРО Одағы халықтарының спартакиадасында Шайхиев жүлдеге қол созым жерде молдаван балуанын ұтып тұр еді, төрешілер көпе-көрнеу жолын кесіп жіберді...
Ары қарай Америка сапары кезекте тұрған. Ақадал теріңмен жолдамасын ұтқан дүниежүзілік чемпионат. Бірақ құрлық басып, мұхит асу үшін тағы бір сынаққа тап болдың. Кеңес құрамасы бапкерлерінің ішін қызғаныш тырнап, сені құрама жиынында күнде өлшейтін кепке тіреді. Қалған тоғыз балуан алаңсыз, салмақ өлшеу деген пәледен аулақ, – жүйелі, жоспарлы машыққа көшсе, сен ызғары бетіне тепкен, шоң кеуде жаттықтырушылардың мүйіздеуімен күніне екі-үш рет салмақ тексертіп, іштен тынып жүрдің. Осындай жүйке жонған күндердің бірінде Қазақстан құрамасының бас бапкері Михаил Шепетюк Кеңес самбо құрамасының бас жаттықтырушысына: «Одақ құрамасында үш қазақстандықтың болғаны ауырлау шығар. Асқар Шайхиев пен Сергей Волобуев күресіп қайтсын. Мен үйде қалайын» дейді. Мәскеуліктерге керегі осы екен. Осыдан кейін Асқардың орнына Николай Цыпандин барса деген сыбыр-күбір әңгіме, жөнсіз салмақ өлшеу сап тиылды.
Сөйтіп, бүкіл Орал өңірі самбошыларынан бірінші болып әлем кубогын ұтып, одан кейін тұңғыш Одақ чемпионы атағын бағындырған Асқар дос 1989 жылдың қараша айында Жайық бойы балуандарынан ең алғашқы әлем чемпионы атанды. Бұл жеңісте оның ұстазы Батыр Қуанышевтың еңбегі зор. Батыр ағасы Асқар шәкіртін жан-жақты шыңдау үшін небір мықтылардың қасына қосты. Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, он жылдан аса «Урожай» ерікті спорт қоғамы одақтық құрамасының бас бапкері болған Марат Жахит ағамыз: «Батыр бапкерлік деңгейі жоғары, тік мінезді, шындықты сүйетін азамат еді, – дейді осыдан 30-35 жыл бұрынғы тарихты қайта жаңғыртып. – Асқардың шеберлігін ұштай түсу үшін Жамбылға жаттығу жиынына екеуі жиі келетін. Ол кезде Жамбылдың самбо мектебі дүркіреп тұрды. Жеңіл салмақта әлем чемпионы Қанат Байшолақов, Еуропа және Одақ чемпионы Алмас Мұсабеков, Кеңес Одағының жүлдегері Айбатыр Махмұтов және жастар арасында одақ біріншілігінің жүлдесін олжалаған Берік Жирентаев, Олег Ли, тағы басқа күшті балуандармен тартысқа түсу Шайхиевтің кемеліне жетуіне көп ықпал етті. Асқар кей әдісі көңілінен шықпай жатса, соны жете меңгергенше тыным таппайтын. Ол ортасына сыйлы, көпшіл, тәрбиелі жігіт еді...»
Оралда Батыр мен Асқардың қадірін білетін Райбек Меңдіғалиев деген азамат бар. Әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровтың ұстазы. Сол Райбек Асқар ағасы туралы мынадай естелік айтты: «Шайхиев қазақ күресінің нағыз майталманы еді. Әсіресе, іштен орап лақтырғанда жан шыдатпайтын. Асқардың бұл әдісіне іліккен түйе балуандардың өзі тырапай асып жатушы еді. Сосын шалқая бере кеудеден асыра тастауға керемет шебер болды. Ал қарсыласын иықтан асыра лақтыруды көзін жұмып жасай беретін. Тоқсан бірінші жылы КСРО Одағы халықтарының спартакиадасында Шайхиев жүлдеге қол созым жерде молдаван балуанын ұтып тұр еді, төрешілер көпе-көрнеу жолын кесіп жіберді...».
Міне, Асқар дос, өзің туралы естеліктердің бір парасы осы. Өткенді ақ қағазға түсіріп отырып, өзіңе деген сағынышым кеуде тұсымды шым-шым еткізді. Мәңгілік мекенің жәннаттан болсын, Асқар бауыр!
Қыдырбек РЫСБЕК