Қазақтың етін арабтар жейді
Қазақтың етін арабтар жейді
489
оқылды

Қазір әлемде мыңғыртып қой өсіріп отырған ел – Моңғолия. Бұл елде 60 миллион қой бар. Одан кейін – Түркия, олар 43 миллион бас қой өсіріп отыр. Бір заманда Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп желпінгенбіз. Жыл басында бізде 18 миллион қой болса, бірінші жартыжылдықта 25,6 миллионға көбейген екен. Берекенің көзі ұсақ малда екенін сезген қазақ малшыларының болашақта бұл саладан алар несібесі де аз болмаса керек.

Биыл еліміздің «Оптоград» дей­тін сауда компаниясы Біріккен Араб Әмір­лігіне қой етін жеткізді. Қа­­зақ­станның Біріккен Араб Әмір­лік­те­ріндегі елшілігінің және Қа­зақ­стан­ның Сыртқы сауда па­ла­тасының бір­лес­кен күш-жігерінің ар­қасында Пар­сы шығанағы елдері­нің барлық ау­мағында қызмет кө­р­сететін БАӘ-дегі LuLu гипермар­кет­терінің ірі кө­тер­ме-бөлшек сау­да желісінің сөре­леріне қазақ­стан­дық қой етін екі рет жеткізуді жү­зеге асырған.

Қой етіне деген сұраныс күшті. Не­­гізінен, қазақтың қойын араб ел­дері бе­тіне қарамай сатып алады. «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер па­ла­тасы де­­партамент директоры Ер­бол Есе­неевтің айтуына қараған­да, олар әр қой­ды 350 доллардан са­тып алатын кө­рінеді. Яғни, ішкі на­рықтағы баға­дан үш есе қымбат. Бір тоқтының ба­ға­сы осындай бол­ған соң, өзіңіз-ақ есеп­тей беріңіз.

Кенен Әзірбаев ақсақалдың «Көк­­шо­лақ» дейтін әнінде «Құты­лар күн бо­ла ма, осы қойдан» деген бір жол бар еді. Бұл – қой малын өсіру­дің азабынан туған өлең болса керек. Моңғолияда мал­дың көпті­гі­нен өріс тарылған. Түр­кияда қой­лар біздің елдегідей еркін жайыла ал­майды, көбіне мал қорада бағы­лады.

Иран елі де Қазақстанның оң­түстік өңірлерінен қоңды қой етіне деген сұра­нысын арттырған. Алайда ала­қан­дай Дағыстан Әзірбайжан теміржолы арқылы Иранға ет өнім­дерін жеткізуге келгенде ешкімге дес бермей тұр.

Малды бағуын бағар халық. Бі­рақ оны әлемдік нарыққа жеткізу мен өт­кізу ісіне келгенде еріксіз тө­мен қа­рап қалатын да жағдайы­мыз бар. Қазір Түркістан және Ал­маты облыс­тарын­дағы қой саны едеуір өскен. «Жайы­лым» туралы заң­ның қабылдануы қой өсіретін­дерге қолайлы болған секілді.

Қой шаруашылығын дұрыс ба­ғытқа қою ісіне көп нәрсе бай­ла­ныс­ты. Халықаралық тәжірибені те­рең зер­делеу де керек іс. Моңғо­лия бұл салада тың ізденістер жолы­на түскен. Мал тұқымын асылдан­ды­рып, мол өнім беретін қой тұқы­мын тездетіп кө­бейтудің амалын жасап жатыр.

Біздің елде қой шаруашылығы ауыл­­шаруашылық өнімдерінің 4-ақ пайызын құрайды. Бұрынғыдай кол­хоз-совхоз жоқ. Жекеменшік есе­бін­дегі қой саны артқанымен, одан алы­натын өнімді осы заманғы талаптарға сай ету ісінде іркіліс көп.

Соңғы бір деректерге қарағанда, қа­­зір Өзбекстан тарапынан біздің қой­ларымызды жаппай сатып алу үрдісі байқалады. Жақсы малдың тұқымы қоңсымыздың қорасынан та­былып, өзіміз сан соғып қалып жүр­мейік...