Қазақстандық депутаттар АҚШ Конгресінің саяси фракцияларымен тікелей байланыс орнатуға ниетті. Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің америкалық конгресмендермен кездесуінде айтылды.
Нұрлан Зайроллаұлы Құрама Штаттар Конгресінің Өкілдер палатасының мүшелері Дэвин Нуньеспен және Рик Кроуфордпен жүздесті. Мәжіліс спикерінің айтуынша, АҚШ-пен өзара тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынасты дамыту – еліміздің сыртқы саясатының басым бағыты. Ол сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке серпін бергенін атап өтті.
Бұл ретте Н.Нығматулин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, мемлекетімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған нық бағдарды ілгерілетіп жатқанына екпін түсірді.
Жүздесушілер қазақстандық-америкалық ынтымақтастықты өркендету, соның ішінде халықаралық қауіпсіздік, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Дэвин Нуньес Қазақстанның көптеген бағыттар бойынша жетістіктерін жоғары бағалады. АҚШ конгресмені сонымен қатар лаңкестікпен күрес мәселесінде Қазақстан мен Америка арасында конструктивті қарым-қатынас жолға қойылғанына көңілдері толатынын білдірді.
Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты тілге тиек ете келе, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттарының АҚШ Конгресінің саяси фракцияларымен тікелей байланыс орнатуға, «Қазақстан достарының кокусы» мүшелерімен белсенді өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екенін мәлімдеді. Мәжіліс төрағасы сонымен бірге, жергілікті заңшығарушылық органдар деңгейінде де америкалық әріптестерімен ықпалдастықты дамытуға қызығушылық танытты.