Көркем жер көп
Көркем жер көп
493
оқылды

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» деген сүбелі туындылар халқымызды бір серпілткені рас. Қазақтың әр тасының астында тарих жатыр. Көрікті өңір, көркем жер де жеткілікті. Халқымыздың елдігін, байтақ даласының кеңдігін шет жұрттың өкілдеріне қалай көрсетіп жүрміз? «Біздерде мынадай бар» деп әлемге әйгілей алдық па?

Туризмді дамытамыз деген жал­пақ әңгіме. Мемлекет тарапынан іс­телетін тірлік бар. Жеке адамдар тарапынан жасалатын әрекет тағы бар. Бірімен бірі қабысып жатса, қа­неки дерсіз. Өкінішке қарай, жон ар­қамызды күдірейтудің жөнді ама­лын таппай жүрміз.

Еуропа елдерінен бір топ жиһан­гез «Ұлы дала елінде» атты экс­пе­ди­ция құрамында Қазақстанның кие­лі жерлерін аралап шығыпты. Олар екі аптаның ішінде 4000 ша­қырым жерді жүріп өтіп, Ұлытау, Қар­қаралы, Шыңғыстау, Алакөл, Ал­тын Емел мен Балқаш өңірлерін ар­мансыз аралапты.

Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, төрт жыл бұрын жер шарын ве­лосипедпен аралап шыққан, Қа­зақ­станның «100 жаңа есіміне» ен­ген жиһанкез Мағжан Сағымбаев осы сапардың ұйымдастырылуына ті­келей мұрындық болған екен. «Біз Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Алматы, Жамбыл облыстарын он төрт күннің ішінде аралап, ұлы даланың қасиетін сезіндік. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында болдық. Меймандарды ұлттық дәстүріміз­бен, туристік әлеуетпен таныстыр­дық. Менің ойымша, экспедиция сәт­ті өтті», – деп үлкен бір іс бітір­гендерін хабарлады.

Еліміздің жер шалғайлығы осын­­дай сапарларды ұйым­дас­тыру­да елеулі қиындық тудырады. «Ба­райын десем, ел шалғай» деген ха­лық әніндегі сөздің айдай ақиқат екен­дігіне еріксіз куә боласыз. Та­ри­хи орындардың бір-бірінен қиыс­тығы, көлік қатынасының дұ­рыс болмауы – отандық туризм­нің бас­ты мәселесі. Не жолы, не сервисі же­тісіп тұрмаған Моңғолия тәрізді елге жұрт неге ағылады? Олардың «кө­зірі» – Шыңғыс хан!

Бізде Ұлытау тұр. Осында Шың­ғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан жа­тыр. Қасында – Домбауылдың, Ала­ша ханның мазары. Осы деректі шетелдіктер тұрмақ, өз еліміздің ішінде біреу біліп, біреу білмейді. Жошы хан есімін асқақтата білсек, біздің елге қарай ағылатын туристер аз болмас еді.

Жошы хан – тарихи тұлға. Осы күн­гі қазақ елінің ордалы қонысы Жо­шының өзі уығын тіктеген ұлыс­тан қалған енші. Жошы хан – әлем­ді тітіреткен Шыңғыс ханның көзі ті­рі­сінде қайтыс болып, Ұлытау тө­сінде мәңгілік мекен тапқан. Қай­мана қазақ өз тарихын терең зер­делеудің орнына қағынан жері­ген құландай тарпаң мінезге басады. Өзінде тұрған ноқталы нысанды дұрыстап насихаттай да алмайды.

Құдайға шүкір, кең-байтақ же­ріміз, дархан пейіл еліміз орнында. Кө­ретін де, көрсететін де көркем жер көп. Соларды ежелгі тарихпен байланыстырып, алтын көмбені аршып, жарқырата көрсету жағы кемшін. Бұрынғыдай тұмылдырық киіп отырған жоқпыз. Бәрі – ашық. Әлеуметтік желі арқылы еліміздің керемет өңірлерін бар қасиетімен көр­сете алсақ, туризм дегеніңіз дөң­гелей жөнелмей ме?!.