Вакцина үшін күрес хакерлер шабуылын үдетті
Вакцина үшін күрес хакерлер шабуылын үдетті
254
оқылды
Үш бірдей барлау қызметі, атап айтсақ  Америка ұлттық қауіпсіздік агенттігі, Британияның ұлттық киберқауіпсіздік орталығы, Канаданың коммуникация қауіпсіздігі агенттігі ресми мәлімдеме жариялап, онда хакерлік  шабуылдарға Cozy Bear тобы кінәлі деп отыр. Бұл топ сондай-ақ APT29 және Dukes деген атпен белгілі. Өз кезегінде Кремльдің өкілдері Ресейдің бұл хакерлік  шабуылдарға ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз мұндай негізсіз айыптарды қабылдамаймыз, 2019 жылғы сайлауға араласты деген айыптар да бос сөз» деп ақталып отыр. Америкалық CrowdStrike ком­паниясы өкілдері 2018 жылы Cozy Bear іздерін  АҚШ-тың  Демократиялық  партиясы штабының желілері бұзылғанда  байқадық  дегенді алға тартқан. Киберқауіпсіздік мамандарының пайымынша, Cozy Bear хакер­лерінің басты бәсекелесі – басқа ресейлік хакерлік топ Fancy Bear екен. Қазірше «жайлы аю» мен «айрықша аюдың» ешбір елге айрықша жайлылық әкеліп отырмағаны белгілі. Мамандарға сенсек, мұның өзі Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі мен Бас штаб басқармасы (бұрынғы ГРУ) арасында үлкен тайталас барын білдіреді.  Жалпы, пандемия кезінде Қазақстан сияқты елдерге қарсы хакерлік шабуылдар азай­са, вакцина дайындап жатқан мемлекеттерге керісінше үдей түскен. Кибертыңшылық ісімен тек Ресейдің айналыспайтыны белгілі. Әр елдің өз тыңшысы бар. Бірақ  вакцинаны дайындау  ісі Еуропа мен Америкада  сәтті қолға алынған сияқты. Бүгінде вакцинаны бірінші боп жасау – әлемді құтқару сияқты маңызды мәселе ғана емес, сондай-ақ қыруар пайдаға кенелуден бөлек, ең алдымен өз халқыңды маңызды екпемен қамтып, «кімнен кейін кезекте тұрмыз» дегендей мәселені түбегейлі шешу. Бүгінде Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының басын қатырып отырған басты мәселе – вакцинаның әлем бойынша әділ таратылуы. Себебі әр елдің үкіметі қаншалықты  жаңа медициналық  препаратпен бөлісуге дайын болады екен? Франция президенті  Эммануэль Макрон «вакцинаға әлем елдерінің бәрі бірдей қол жеткізуі керек» деп мәлімдеген еді. Бірқатар мемлекет басшылары әлемді шарпыған пандемия кезінде «әркім өзі үшін» қағидатының мүлдем жұмыс істемейтінін жеткізді. Расында да, бүкіл әлем бір қайықтың ішінде отыр. Сонау  Қытай елінен тараған індет көршілес елдер былай тұрсын, мұхиттың ар жағындағы адам табаны тие бермейтін шағын аралдарға дейін жетті. Вакцинаның теңдей бөлі­нуі – әлем қауіпсіздігінің мәселесі. Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының жоспары бойынша, вакцина шыққан күні ең алдымен қоғамның ең әлсіз әрі маңызды топтары – қарттар мен медицина қызметкерлері қамтылуы керек. Іс жүзінде мұны жүзеге асыру оңай емес. Бір ғана мысал. Ғалымдардың вирусқа қарсы, Эбола індетін емдейтін – ремдисивир дәрісінің коронавирусты емдеуге де жарамды дегені сол-ақ екен, Америка президенті Дональд Трамп бұл дәрінің Еуропадағы үш айлық  қорын сатып алыпты. ВВС хабарлауынша, бұл дәрінің болашақ вакцинаға қалай әсер ететіні белгісіз, екінші жағынан, АҚШ бұл әрекетімен қалған әлем елдерін маңызды дәрісіз қалдырып отыр. Ливерпуль университетінің маманы Эндрю Хилл «Америка препараттың үлкен қорын са­тып алды, Еуропаға түк те қал­мады»  деп алаңдаушылығын білдірді. Трамптың әрекеті нағыз вакцина шыққанда не болмақ? Миллиардтаған халқы бар Қытай мен миллиондардың басын қосқан Еуропа басшылары Трамп сияқты қадамға баруы мүмкін бе? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Айтпақшы, Қазақстанның коронавирусты емдеу хаттамасына ремдисивир дәрісі жақында қосылған болатын. Қазір елімізде қарапайым аспирин табылмай жатқанда, мұндай дәрілер қоры­ның қаншалықты қомақты екенін қозғаудың өзі артық. Таяуда Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мың адамды қамтитын 11 000 флакон ремдисивирдің сатып алынғанын мәлімдеген еді. Мамандардың айтуынша, шұғыл жағдайда қабыл­данатын дәрінің жағымсыз әсері де жоқ емес. Америкалық  Moderna  компа­ниясы вирусқа қарсы вакцинаны дайындау жұмыстарының сәтті өтіп жатқанын сүйіншіледі. Сондай-ақ  Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірлесіп шығарып жатқан вакцина да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл тұста Ресей тарапы «Бізге мәлімет ұрлаудың еш мәні жоқ. Егер Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өнімі сәтті шықса, ресейлік «Р-Фарм» компаниясы өз нарығы мен көптеген елдерге вакцинаны тарату үшін өнімді шығару мен тасымалдау жұмысының біраз бөлігін өз мойнына алады» деп ағынан жарылды. Екінші жағынан, ресейліктер өз вак­цинасын дайындап жатқанын жариялап отыр. Танымал қаржы маманы, экономист Айдын Кәріб­жанов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ресейліктер вакцина дайындаудағы табысымен бөлісті. Ал Bloomberg мәліметінше, бұл вакцинаны ең алдымен саяси маңызды тұлғалар мен қаржылық мүмкіндіктері зор азаматтарға таратуы мүмкін. Тарих тұрғысынан алсам,  бұған күмәнмен қарамас едім. Кеңестік эпидемиологтер әлем бойынша талай індетті жеңді, оның үстіне әртүрлі «қызық» қару жасай алатын мемлекет оның уын қайтаратын нәрсе де шығара алады ғой», – дейді. Әлем бойынша вакцина үшін күрес алдағы уақытта тек өрши түсуі мүмкін. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінде адамзатты індет­тен құтқаратын дәрі шы­ғар­у­мен айналысып жатқан фарм­компаниялар діттеген межеге жақындап келе жатыр.  

Мамандар не дейді?

  Serik TyrsinСерік ТҰРСЫН, Еуропада тұра­тын дәрігер:  

Вакцина келер жылдың басында шықса, тамаша болар еді...

– Алпауыт  мемлекеттердің бір-бірімен ақпараттық текетіресуі, мәлімет ұрлауы – ертеден келе жатқан жағдай. Тыңшылық жасау ісімен байланысты. Вакцинаны кім бірінші шығарса, сөзсіз сол жеңеді. Меніңше, оны бірінші Америка шығаруы мүмкін. Бәлкім, 2021 жылдың наурызына дейін сенімді вакцинаға ие боп қалар. Келер жылдың басында шығып қалса, тіптен тамаша жаңалық болар еді. Еуропа да қалыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе, Германия мен Швейцарияның талпынысы жақсы. Олар да 2021 жылдың көктеміне дейін вакцина шығаруы әбден мүмкін. Вакцина шыққан күннің өзінде әлемде дүрлігу болмайды деп ойлаймын. Ал елімізге оны сатып алуға қыруар қаржы ке­рек. Меніңше, Ресейдің вак­цинасына  сенуге болады. Бірақ алып мемлекет бірінші кезекте Қазақстанды емес, өз халқын қамтып алады. Бұл тұста А.Мамин мырза тым асығыстық жасап отырған сияқты. Жалпы, Ресейдің өнімі арзан болады деп ешкім айта алмайды.  Бір мысал келтірейін, олардың тыныс алу аппараттары 1 300 еуро болса, Түркияда небәрі 498 еуро тұрады ғой!. Баға саясаты осыдан-ақ көрініп тұр.    E.SairovЕрлан САИРОВ, саясат­танушы:  

Вакцинаны бірігіп жасаған дұрыс

– Вакцина мәселесі тек гуманитарлық, адамдардың денсаулығын қорғау, өмірін сақтау мәселесі ғана емес, оның артында  миллиардтаған, тіпті триллион долларға тірелетін қаржылық мүдде тұрады. Өйткені фармацевтикалық компаниялар бір вакцинаны өмірге әкелгенімен, оның ар жағында оның стандартын жасау, бекітілген нормаларды барлық елдердің қабылдауы, адамдарға егіп, сынау тәрізді көптеген жұмыс тұрады. Мысалы, бір ел екпені шығаратын болса, сол елдің компаниясы басқа елдерге сол вакцинаны сату арқылы үлкен қаржылық пайдаға кенеледі. Әрине, мұның гуманитарлық аспектісімен қатар мемлекеттер үшін қаржылық, салық, ғылыми-техникалық даму мәселесі де бар. Вакцинаны бірінші жасау үшін күрес пен нақты тайталас болады. Ешкім мемлекеттік мүдде мәселесін сыртқа лақтырып тастай алмайды. Бұл  – заңды процесс. Дегенмен  қазір – XXI ғасыр, ақпарат ғасыры. Көптеген елдердің вакцинаны бірігіп жасағаны дұрыс. Көп елдер консорциум құрып, бірігіп жасап та жатыр. Ақпарат құралдары арқылы байқап отырмыз, мұндай жаңа дәрі  Еуропа, Ресей және Америкада  дайындалып  жатыр. АҚШ тіпті вакцина шығаруға жақындап қалғанын мәлімдеді. Менің ойымша, олардың бәрі белгілі бір консенсусқа келгені анық. Қай ел өнімді бірінші шығарса, қалған елдер соны бірінші кезекте сатып алуға тырысады. Себебі басты кезекте –  өлім мен өмір мәселесі болып тұр.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ