Құр шатаққа құмарланып барамыз
Құр шатаққа құмарланып барамыз
398
оқылды

Қазір әлеуметтік желі беттерінде дау-дамай көп. Оқып отырсаң, санасы жетілмеген, ой-өрісі дамудан артта қалған адамдарды көресің. Әйтеуір бір кінәлілерді тауып алып, барлығына басқа біреуді айыпты деп табу, жазғыру, сөгу, жер-жебіріне жету, «анау өйтпегенде мен бұлай болмас едім, анау сөйтпегенде осы болмас еді» деген уәжге толы. «Анау неге менен озып кетті» дейді, «мен неге одан қалып барамын, қалайда басып озуға тиіспін» деуге жігері жетпейді. Жалпы, біз өз әрекетімізді, әрбір ойымызды, түсіну, сезіну, ұғыну арқылы санамен басқарсақ, өз мәселемізді біреулерден көрмей немесе мемлекетке арта салмай, ісімізді қолға алып, өзіміз жауапты болып үйренген кезде ғана лайықты өмір сүре аламыз.

Абай былай дейді: «Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне біл­мес­тігін таластырып, біреудің бағы­на, малына күндестік қылып я көр­се­қызарлық қылып, көз алар­тыс­­пақ лайық па? Тілеуді Құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?». Осы сөзді жазып, тоңазытқыштың бетіне жапсырып, жұмасына бір рет есімізге салып тұрсақ игі еді.

Еуразия университетінің «Оты­рар» кітапханасында «Елдік дәріс­тері» деп аталатын арнайы аудитория бар. Сол жерде студенттердің кіммен сұхбаттасқысы келетінін ескеріп, барып сұхбат құрамыз. Ол ауди­то­рия­ға студенттер тиісті сабақ­тары­нан қолы бос кезде келіп, дәріс тың­дайды. Олар көп нәрседен хабар­дар болғысы келеді. Біздің мақсатымыз – студенттерді өздерін мазалайтын сұрақтарға жауапты қалаған уақытында, өз еркімен келіп алып тұруына жағдай жасау. Оның түк те қиындығы жоқ. Кураторлар мен топ жетекшілеріне хабар жеткіз­сек, қай топтан қанша азамат келіп тыңдады, мониторинг жасап отыр­сақ, ешкім міндетіне сай жауапкер­ші­ліктен теріс айнала алмайтын болса дейміз. Сонда ғана үйренгісі, оқығысы келген жастарымызға жоға­ры деңгейде тәлім бере аламыз деп ойлаймыз.

Екіншіден, біздің зиялылар, ақса­қалдар, ауқатты азаматтар, түрлі лауа­зым иелерінің халықтан орын­сыз алыстап кетуін болдырмауға, олар­ды есебін тауып, жастарға жақын­дата түсуге тиіспіз.

Көңіліме тиген бір ғана жағ­дай­ды айтайын – Конгресс холл деп ата­латын ғимаратқа жиналып, Ең­бек және халыққа әлеуметтік қолдау ми­нистрі мен қала әкімін бір жиын­да модератор болып отырған жері­нен дедектетіп, алдарына келтіріп, автобусқа отырғызып, шуласып, орынды-орынсыз талап-тілектерін ке­зексіз, жүйесіз, тіпті әдепсіз жағ­дайда жасаған әйелдерді көрдік. Оны біз ғана емес, бүгінгі еркін әлеу­­меттік кеңістік арқылы бүкіл әлем көрді. Күлді бізге. Сол жиынға қатысқан әйелдердің ішінде ұялған, өкінген, онысын желі арқылы жұрт­қа жайған әйел болды ма тым болмаса?!

«Дулығалы заманның дүмпуінен, адам бара жатқандай малға айна­лып» депті Фариза ақын 70-жыл­дар-­ дың өзінде-ақ.

Тобыр (әуелі «жұрт» деп жұмсар­тып айтқым келген) белгілі бір ортақ мүддемен уақытша топтасқан адамдар жиыны. Оларға тән жалпы сипаттамалар – әсершілдік, өз әрекетін сараптамау, жауапсыздық.

Бізде кездесіп жүрген тобыр қалып­тасуы мен мінез-құлқына орай, әрекетшіл тобыр аталады. Оның маңызды белгілерінің бірі – эмоционалдық халдегі, ашу-ызамен күш көрсетуге бейімділік. Әдетте бұл топтың қаскүнемдік пи­ғыл­дарын бағыттайтын, өзге­лер­ден бұлтақсыз бағынуды талап ететін айғайшылдары болады. Оларға орынсыз агрессия тән. Мү­ше­­лерi оқиғаны, адамды, белгi­лi бiр себептердi өз қиялында өзiне қажеттi түрге бұзып қабылдайды. Төңірегіне зеріккендер, қызығу­шы­­лар көптеп жиналады. Абай: «Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп олардың мінез-құлқынан нәпсіні қанағаттандыру­дың көрініс табуын айтқан.

Француз психологі Гюстав Лебон «Тобыр жел көтерiп, ұйыт­қы­тып, сосын жан-жаққа шашып тас­таған жапырақтар сияқты» дей­ді. Тобыр ұғымынан «жұрт» ұғымы­на көшсек – ілгерілегеніміз.

Неге біздің адамдарда тобыр­лық психология басым болып кет­ті? Тарихқа көз тастасақ, адам­зат баласы бірлесуді әуелі аналар­дың төңірегінде бастаған. Оны матриархат дейміз. Кейін аналар көбейіп, бірі-біріне бағынбайтын дәрежеге жеткенде, адамдар күш­тің төңірегінде, яғни ер аза­маттар­дың төңірегінде бірлескен, оны патриархат дейміз.

Өткен ғасырдың 60-шы жылда­ры­нан бастап, Қазақстанда жаппай қалалану, яғни урбанизация үрдісі басталды. Содан бері әйелдер қауы­мы басымдыққа ие болды. Жап­пай жоғары білім алу, қызмет­ке тұру, ерлер мен әйелдерді теңес­тір­ді. Екеуі айлық жалақыны бірі­нен-бірі артық табуға тырысты. «Сен тапқан ақшаны мен де тауып отырмын» дейтін әйелдер көбейді. Бұған халықаралық әйел теңдігі, гендерлік саясат, әйелдерді кем­сі­ту­­шілікке жол бермеу сияқты құ­жат­тар қолдау көрсетуде. Жеке басым оны орынсыз демеймін. Әйел­дерді бағалау, жұмысын ба­рын­ша жеңілдету – барлық ер аза­­маттың парызы. Мен өскен өл­к­еде әйел теңдігі сақтала бер­мей­­ді. Олардың көбісі күң сияқты. Бірақ әйелдердің арасында ерін сыйламау, балаларының әкесі ретінде бағаламау барын несіне жасырамыз. Әлгі Конгесс холлда жүрген әйелдердің басым бөлігі – әуелі ерлерін мойынсұндырып, енді қоғамды өз айтқанына көн­ді­ру­дің кебі.

Қойылып жатқан талаптардың ішінде дұрыстары да бар шығар. Бірақ олардың ішінде жағдайы жақсы, баспанасы бар, ештеңеден мұқтаждық көрмегендер де бірта­лай. Мысал келтірелік: Сол Кон­гресс холлдағы жиынның нәти­же­сін­де, 21 мың теңгенің жыры шық­­ты. Бұл дұрыс шешім болған жоқ. Неге? Жүйесіздік! Бізде көп нәрсе жүйелік ыңғайға сай жасал­май­ды. Бір мәселені көп пробле­ма­лардың ішінен жұлып алып ше­шіп жіберу отыз жылдан бері жалға­сып келеді.

Сол 21 мың теңгені алып жат­қан­дардың ішінде үш қабатты үйі, қос-қос көлігі, табыс әкеліп тұрған кәсібі барлар шығып жатыр. «Ертең тартып алса да, бүгін алып қалайын» деген психология! Бес баласы барлардың ішінде ай сайын 105 мың теңге алып, жұмыстарын тастап, шіреніп жатқандар бар. Сарыағашта «Құдайдың бергені ғой, айына 21 000 теңге салып, «гәп ойнайық» деп айтқан сөздерді құлағымыз шалып қалды. «Өкімет асырамайтын болса, балаларды неге тудық?» деді әлеуметтік желі­де мосқал тартып қалған бір әйел.

Өз басымды мысал етсем, 60-жылдардың басында ауылда тұрып жүгері нанын, талқанын жеп күнелттік бірер жыл. Шардара­ның күріші шыға бастаған кез еді. Негізгі тамағымыз күріш болды. Есік алдындағы жерге жабылып қызанақ, қияр, қауын, қарбыз, жоңышқа, жүгері егіп алатынбыз. Оларды өзіміз қарап, баптап, суа­ра­­тынбыз. Қазір ондай учаске­лер­дің көбі тулаққа айналып кетті.

Анамыз әкемізден ореол жа­сай­тын: «Мына қылығыңды әкең біліп қоймасын» деп тәрбие­лей­тін. Демек адамның қарнының тоқты­ғы, көретін жақсылығы өздеріне байланысты екенін ұғынып өстік.

Ауызды қу шөппен сүрткендей болмағанда, жетіп жатқан жетіс­тік­теріміз де жетерлік. Елбасы: «Қа­зақ қазақпен қазақша сөйлес­сін» деді. Тыңдадық па? Тыңда­ма­дық. «Аста-төк той жасағанша, ең қымбат адамдарыңмен шағын ғана тойлап, жинаған ақшаңызға жас отауға үй сыйлаңыздар» деді. Тыңдамадық. «Жалғыз сиырыңды сатып, нашар бір машина алып, ол екі-үш жылда жарамсызданып қалмасын» деді. Тыңдамадық. Наразымыз. Күндедік. Қызғандық.

Әйелдерді нақты қолдаймыз десек, 7 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді толық жалақы беріп, 4 сағаттық жұмыс күніне көшіріп, балаларына көбірек қарауға мүмкіндік берген жөн. Голландияда солай. Ол ел ірі қараның сүті мен содан шығатын өнімдермен және туризмнен түскен табыспен елін асырап отыр. Бізде де сондай мүмкіндік бар.

Осыдан екі мың жыл бұрын еврейлер Иерусалимнен қуылып, тауға шығып кеткен кезде қалада қалып қойған бірен-сарандары хат жазыпты дейді: «Бізді төмендетіп жатыр, біздің балаларымызды дұрыс мұғалімдер оқытпайды, бізге дұрыс жұмыс бермейді» деп. Сонда таудан хат келіпті: «Егер сен­дердің балаларыңды нашар мұға­лімдер оқытса, өздерің жеті­ліп, балаларыңды оқытатын өз мұғалімдерің болсын. Егер сендер­ге дұрыс жұмыс бермейтін болса, өздерің жетіліп, басшылық қызмет пен кәсіпорын иесі болыңдар да, адамдарыңа өздерің лайықты жұмыс беріңдер» депті. Мұндағы мораль: сәл болмай қалды, менің жөнім еді, алдымды орап кетті дегенді қойып айқын басымдыққа ие болып тұрсаң, өмірден өз үлесіңді аласың.

Жақында Фейсбуктегі парақ­шам­да: «Мен Тәуелсіз елдің еркін ойлы, мемлекетшіл азаматымын. Біздің ел үшін үлкен тағдыршешті мәселе алдында тұрмыз. Эконо­ми­ка­мыз көңіліміз қалаған биікке сүйрей ала тұрып, төмендеп қал­дық. Шаштық. Төктік. Мақтан­дық. Есірдік. Енді есімізді жияйық. Арымызға жүгінейік. Артымызға қарайық. Жіберіп алғанымызды қайталамайық. Тарих доңғалағын ешкім де тездете алған емес. Бөр­кі­мізді алып ойла­на­йық» деп жаз­дым.

Өмір бұлайша жалғаса беруі тиіс емес. Әрқайсымыз – өз бақы­ты­мыздың қожасымыз. Ойла­на­йық!

 

Мырзагелді КЕМЕЛ