Қазақстандағы басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылық Үкімет белгілеген инфляциялық дәлізді бұзып шығуға шақ қалды. Бұдан бұрын инфляция 4-6% аралығында құрықталып ұсталатыны мәлімделген болатын. Алайда Үкімет отырысында биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша оның жылдық мәні 5,4%-ға жеткені жария етілді.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел Үкіметінің отырысында 2019 жылғы қаңтар-шілдедегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылды. А.Мамин Үкіметтің қазіргі негізгі басымдықтарын атады, оларға халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық ахуалды жақсарту кіреді.
Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны жеделдегені байқалып отыр. Осы кезеңдегі ЖІӨ өсімі өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 4,2%-ға ұлғайған. Осының алдында, 2019 жылғы қаңтар-маусымда 4,1%-ды құраған-тын. Оң өсім құрылыста (11,5%), саудада (7,5%), көлік саласында (5,4%), машина жасауда (17,7%), жеңіл өнеркәсіпте (14,3%), түсті металдар өндірісінде (17,2%), мұнай өңдеуде (5,1%) қалыптасты.
Дегенмен Үкімет жетекшісі салалық министрліктерге арттап қала бастаған көмір, шикі мұнай өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия салаларында жоспарланған көрсеткіштерге жету үшін күшейтілген шаралар қабылдауды жүктеді.
– 7 ай қорытындысында негізгі базалық көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында экономикалық өсімге қол жеткізілді. Әкімдер және меморгандардың басшылары ақырғы нәтижеге қол жеткізу және бюджет қаражатын лайықты игеру үшін дербес жауап беретінін еске саламын. Елбасы бастамалары мен Мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау мақсатында инвестицияларды белсенді тартуды, өнімді жұмыс орындарын құруды, экономиканы әртараптандыруды, өнімділікті арттыруды, экспортты ілгерілетуді, технологиялар мен инновациялар трансфертін жалғастыру қажет, – деп тапсырды Асқар Мамин.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, 7 айда негізгі серпін өнеркәсіп, құрылыс және қызметтер көрсету салалары өсуінің жеделдеуі, сонымен бірге ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың тұрақты қарқыны арқасында мүмкін болған.
Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында бірнеше көрсеткіш бойынша төмендеу байқалып отыр.
– Биылғы қаңтар-шілдеде өнеркәсіпте 3 облыс артта қалып қойды. Бұл Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары. Аталған өңірлерде мұнай (Қызылорда, Маңғыстау) және газконденсатын (БҚО) өндіру қысқарған. Ауыл шаруашылығында барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілді. Айтарлықтай өсімді Ақмола облысы паш етіп отыр. Құрылыста теріс серпін Шымкентте, Маңғыстау облысында және Нұр-Сұлтан қаласында сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар жөнінен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының, сондай-ақ Маңғыстау облысының теріс мәндегі өңірлер қатарында болуы жалғасуда, – деді Р.Дәленов.
Бұдан өзге 3 облыстың бірқатар көрсеткіштері кері кетуде. Біріншіден, Алматы облысында инвестициялардың 6 айдағы өсімі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 5,5% болған. Енді 7 айдағы өсімі 1,7%-ға дейін құлдырап кетіпті. Тау-кен өнеркәсібінің өсімі бұрын 7,6% болса, енді 0,2%-ға құлады.
Екіншіден, Жамбыл облысында құрылыстың өсімі 6 айда 12,4%-ды құраса, ал 7 ай қорытындысында 1,2%-ға төмендеді. Тау-кен өнеркәсібі бойынша өсім тиісінше 2,1%-дан 0,4%-ға дейін түсті.
Үшіншіден, СҚО-да тау-кен өнеркәсібінде өсім 6 айда – 22,7%, ал 7 айда 6,6%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өсім – 2,3%, кейін 0,2% болды. Бас экономист осы көрсеткіштер бойынша теріс серпіннің болмауы үшін қажетті шаралар қабылдау керегін әкімдердің қаперіне салды.
Әкімдер мен министрлерге жыл соңына дейін негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау, құрылыс және ауыл шаруашылығы маусымдарын лайықты өткізу, инфляцияға тосқауыл қою жүктелді.