Әкемнің Шынәлі деген немере ағасы соғыстан оралмады. «Қара қағаз» да, хабар-ошар да жоқ, шамамен Сталинград шайқасында қаза тапқан сияқты. Анасы жылай-жылай «соқыр кемпір» атанып өлгені менің есімде бар.
Сол Шынәлі сонау мың тоғыз жүз қырық бірдің көктемінде өзімен қатар, бірге ойнап өскен көршінің қызы Қазинаға үйленіпті. Той тарқап та үлгермей, «Соғыс басталды» деген суық хабардан жүрек түршігіп, жас жігіт ел көзінше алған жарын құшып-сүйіп те қоштасудан ұялып, қол бұлғап аттанып жүре беріпті. Қазинаның көзінде бір тамшы жас мөлтілдеп тұра беріпті. Шынәліні сүйіп, еңіреп қоштасқан анасымен қатар құшақтауға ауыл қызының ұяңдығы жібермесе керек. Кейде жылап отырып: «Әттең, дүние-ай, құмарым қанып құшақтап та қоштаса алмай қалдым-ау!» деп күңіреніп, күрсініп алатыны есімде.
Мұндай мөлдір сезім сол әйелдің бүкіл ғұмырына сүйеніш болып еді. Ол енесін бағып отыра берді. Бертін келе құда түсіп, сөз айтқандар да болған. Қазина оларға нақты жауап беріп, қайтарып отырды. «Бала күннен сүйіп қосылған жарымның ақ төсегін мен ешкімге таптата алмаспын. Алланың салғанына көндім, Шынәлінің анасын бағып, осы босағада өлемін» деп нақты қайыратын еді. Сол тағдырға белін бекем буып, дүниеден озды. Ауылдағы молада қатар жатқан екі төмпешік – сол екеуі, басында бір қу ағаш шіріп тұр.
Мен осындай бірді сүйген жүректі екіншіге ұсына алмаған қазақ қызымен бірге оқыдым. Нұрсила Бегалиева менімен Алматы Қыздар университетінде бір курста оқыды. Жамбыл облысының бір ауданында райком хатшысы болып қызмет атқарды, қазір өмірден озып кеткен. Екінші курста бір жігіт сөз айтып, оны құлай сүйген. Ал жігіт, шіркін, қыз махаббатын қастерлей бермейді. Нұрсила оқу бітіргесін той жасайық деген батырың асығыстау болды, кешікпей басқа қызға үйленіп кетті. Нұрсила енді ешкімге сенбейтін болып, қатайып кетті.
Оған да сөз салғандар болған, бірақ бірді сүйген жүрек екіншіге елти қоймаған. Ақыры жалғыз өтті өмірден. Мен ғұмырымда осындай мөлдір махаббат иесін көрдім.
Бұл күнде қоғамды шуға бөлеген көпбалалы аналар мәселесінен құлақ тұнып тұр. Ұлттың өсуіне үлес қосады деп қуанайын десең, шындап келгенде, көңіл суытатын да жәйт жетіп жатыр.
Әкімге келіп әкіреңдеп тұрған жас келіншектің бес баласы бар көрінеді. Соғыс жоқ, айдың-күннің аманында бес баланың әкесі жоқ, азаматтық некеде болып, кетіп қалыпты. Ол – жұмыс іздеп көрші республикадан келген, ол жақта заңды әйел-баласы бар адам. Табысын тауып, ақшасын жинап, бәйбішесіне кетіп қалған көрінеді. «Сонда біздің қазақ әйелінің ары, намысы қайда?» деген заңды сұрақ туады. Біздің аналар «Аты жоқ тексіз бала әкелме үйге!» деп тәрбиелеп еді ғой. «Жолда жүргенге жолбике болма!» деп өсіретін еді ғой. «Ақ төсекті былғама!» деген ұғым қайда қалған? Айтуға ауыз бармайды, қоғамда белгілі қыздарымыздың бірі түріктің, бірі қытайдың, бірі кәрістің қойнына еріп жүргені жанды қинайды. Расында, қазақ жігіттері шетінен намыссыз ба? «Батыр баба ұрпағымыз» деп кеуде соғатындар қайда жүр?
Шұбырған баласын мектепке бермей жүрген уахаббист келіншектің құжаттарын қарадым. Бес баласының тегі бес түрлі. Неге деймін-ау, «Бірінші күйеу түрмеде, екіншісі «талақ» деп, өзгемен кеткен, үшіншісі жұмыс іздеп кетіп, оралмай жатыр» деген сан сылтау тыңдап отырмын. Тексіздік деген осы емес пе? Қай бала ертең ата-тегімен мақтанбақ? Оның үстіне намазға жығып, миын шатастырып отыр, білімсіз-біліксіз ұрпақ қоспақ қазақ ұлтына.
Біз өткенді айтсақ, «Уақыт басқа» деп таласатындар бар. Иә, бәрі жаңарды, қоғам да басқа, ұрпақ та бөлек, даму да ғажап. Сонда өткен ғасырдың «надандары» сияқты ақпейіл, мейірбан жандар қайда? Жаңа техника мен технология игерген сауаттыларың қаншалық мейірімді? Қатыгездер қайдан шығып жатыр?
Көпбалалы анаға көмек қолын ұсынып отырған азаматтар жоқ емес, шүкір, саналы байлар, меценаттар шығып келеді. Асырап сақтау әр ата-ананың өз борышы болса керек еді, қазір баласын қолына ұстап, көшеге еркек шығып тұр. Ау, намыс қайда, «азамат»? Соғыс жоқ бейбіт заманда көпбалалы әйелдің қасында неге күйеуі жоқ? Үйің жоқ, күрке жалдап жүрсең, неге бала туа бересің? Неге әкесі тастап кетеді екен?
Бүгінде әйел балаларын еріне тастап, басқаға тиіп те кететін болды. Бұл не жетіскендік екен? Ана деген асыл сөз аяқасты болуына себеп болып жүрген қыздарды кім тәрбиелеп жатыр? Көшеге сәби лақтырып кететіндердің анасы қайда? Иә, «Сүйекке таңба түсіріп, тексіз бала әкелме етегіңе салып» деп сөйлейтін қазақ анасы таусылған ба сонда?! Ұлттың намысын, елдің ертеңін ойлайтындар азайды ма біздің қоғамда? Қала көшелерінде ашық-шашық жүрген қыздардың іздеушісі неге жоқ? Оларды бұзып, ойыншық етіп тастап, алименттен қашып, ұрпағын қаңғытқан қазақ жігіттерін кім тәрбиелеген? Ар да жоқ, заң да жоқ ел болдық па? Жанды қинайтын сұрақ көбейіп тұр. Тәрбие жұмысын насихаттайтын теледидар мен ақпарат құралдары өнегелі хабарды аз көрсетеді. Мәнді, мазмұнды, терең хабар аз, рейтинг дегенге сүйенген, ұлттық бағыттан, ата-баба жолынан ауып бара жатыр.
Біз өткенді айтсақ, «Уақыт басқа» деп таласатындар бар. Иә, бәрі жаңарды, қоғам да басқа, ұрпақ та бөлек, даму да ғажап. Сонда өткен ғасырдың «надандары» сияқты ақпейіл, мейірбан жандар қайда? Жаңа техника мен технология игерген сауаттыларың қаншалық мейірімді? Қатыгездер қайдан шығып жатыр? Аферист қазақ қыздары мен ұры қазақ жігіттері аспаннан түскен жоқ қой. Қос диплом сатып алған жас жігіт үлкенге сәлем де, орын да бермей, кәкірейіп неге тұр? Жас келін дәрігер мен ұстазға жұдырық жұмсайтын халге қалай келдік?
Пәрәнжа жамылғандар Ұлы дала тарихында болған емес. Оны бүркеніп жүрген есірткі сатушы немесе іздеуде жүрген алаяқ болуы мүмкін ғой.
Ұлтқа ана болатын қазақ қызының тәрбиесін бүкіл ел болып ойластыратын күн өтіп барады, бұл да кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Арды ойлайтын анасы болмаған елдің салтанат сарайымен сәні кірмейді.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері