Құрылыс та, жұмыс та бар...
Құрылыс та, жұмыс та бар...
275
оқылды
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында бағ­дарын тауып, тірлігі тіктеліп жатқан жобалар аз емес. Әсіресе, «Жұмыс­пен қамтудың жол карта­сы» талай жо­баға «жан» бі­тіріп, тұрғын­дар­дың «екі қолға бір күрек» табуына жәрдем­десуде. Бір ғана Жамбыл облы­сында атал­ған бағдар­лама аясында автожол бо­йын­ша 843 жо­баны жүзеге асыру көздел­се, оған 15,2 мил­лиард тең­ге қаралып отыр. Әрине, бұл аз ақша емес. Атал­ған теңге тетігін таба бастаған тұс­та, жол сапасы жақсарып қана қой­май, жаңа жұмыс орындары ашыла түсетіні анық. Одан бөлек, «Нұр­лы жол» бағдарламасы ая­сында 8,3 мил­лиард теңгеге 23 жо­­ба, «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масы бойынша 2,4 миллиард тең­геге 84 жоба жанданғалы тұр. Жал­пы, үш мемлекеттік бағдарла­ма­ның басын қосқанда 30,2 мил­лиард теңгеге 1 145 жоба қолға алынуда. Негізі, Жамбыл облысында 1 346,2 шақырым автомобиль жол­дарын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жоспарлан­ған десек, оның 180,5 шақыры­мы – облыс­тық, 139,3 шақырымы аудан­дық мәндегі жолдар. Ал 1 026,3 ша­қырымы елді мекендегі көшелер. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 3 ірі жоба іске асып жатқанын да айта кеткен жөн. Олар – «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ», «Тараз-Же­тібай-Тегістік-Ойық» облыс­тық автомобиль жолдарын қайта жаңарту және «Қырғыз Респуб­ликасының шекарасына қарай ұзындығы 16,1 шақырым болатын Тараз қаласының оңтүстік ай­налма автожолының» құрылысы. – Ағымдағы жылдың аяғына қарай жақсы және қанағатта­нар­лық жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үле­сін 85 пайыздан 90 пайызға, елді мекен көшелерін 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін арттыру жос­парланып отыр. Әлемдік панде­мияға қарамастан алға қойған мақсатты жүйелі атқарып, құры­лысты дер кезінде аяқтауға күш саламыз, – дейді облыстық жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Бақытжан Жәнібеков. Автожол салу және жөн­деу жұмыстарын жүргізу ке­зінде са­паны бақылауды тапсырыс беру­шімен бірлесіп, «Жол актив­тері­нің сапа орталығы» ШЖҚ РМК тұрақты түрде жүзеге асы­рады. 2020 жылдың бірінші жартыжыл­дығында аталған мекеменің ма­мандары 53 нысанды тексеріп, 17 бұзушылықты анықтаған. Сонымен қатар жөндеу-құры­лыс жұмыстарын «Nur Otan» пар­тиясы, «Jas Otan» Жастар қа­наты­ның белсенділері, облыстық сәу­лет, қала құрылысы және құ­рылыс басқармалары мен бөлім­дерінің мамандарынан құрылған мобильді топ өкілдері қадағалап отырады. Айта кету керек, облыста ав­тожол жобаларын іске асыру ар­қылы 5 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.  

826 жобаның жемісі көріне бастады

Негізі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бағдарын тауып қойған жұмыстар да баршылық. Мәселен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламар басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, құны 61 мил­лиард 167 миллион 600 мың теңге болатын 826 жобаның жұ­мысы басталып, кейбірінің құры­лысы аяқталып үлгерген. «Аталған бағдарламаның ар­қасында бүгінде өңірімізде жұ­мыс­сыздық мәселесі біртіндеп бол­са да өз шешімін тауып келеді. Мә­селен, биылдың өзінде облыс­та 19 599 жұмыс орнын ашу, оның ішін­де 9 850 жамбылдық азамат­ты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тарту жоспар­ланған еді. Бүгінде нақты 16 435 адам жұмыс­қа тартылса, оның ішінде 8 462-сі жұмысқа жол кар­тасы арқылы ор­наласты. Жыл ая­ғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асыру арқылы қалған аза­маттарды жұ­мыс­пен қамтитын боламыз», – дейді басқарма маман­дары. Жалпы, бұл бағыттағы жоба­ның басым бөлігі Қордай ау­да­нында мықтап қолға алынуда. Онда бүгінде 144 жобаның жұмы­сы жүргізілуде. jol Одан бөлек, Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы №2 ық­шамаудан бойынша №24 үйді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Аталған моноқа­ла­дағы бұл нысан бойынша 114 адам жергілікті жерден жұмысқа тар­тылған. Осы тектес бұл ауданда биыл 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жуалы ауданында да 28 жобаға жан бітіп отыр. Бағдарлама бо­йынша ауданда осы жылы жұмыс­қа тартылуы тиіс 865 адамның 433-і жергілікті тұрғын болуы керек болса, оның 260-ы жұмысқа орналастырылған. – Жұмысшылардың еңбек­ақысы 85 мың теңгеден төмен болмауы қажет. Жол картасының талаптары мен шарттары бойын­ша іс басында жүрген азамат­тардың дені жергілікті тұрғындар. Жұмысқа тартылған тұрғындар арасында жұмыссыз жастар да бар. Олар мұнда халықты жұмыс­пен қамту орталықтары арқылы жолданған. Біз мақсат етіп отыр­ған тағы бір мәселе – осы бағ­дарлама аясында жұрттың тұрақ­ты жұмысқа орналасуы. Мәселен, жыл аяғына дейін ауданда 74 адамды тұрақты жұмыспен қам­тимыз деген ниеттеміз. Бұл меже бір елді мекенге ауызсу құбырын жүргізу үшін су сорғы нысаны са­лынса, ондағы құрылғылардың қа­лыпты жұмысын қадағалайтын ма­манды немесе жаңадан ашыл­ған нысандарға қойылатын күзет­шілерді жергілікті азаматтар ара­сынан тарту арқылы орын­дала­ды, – дейді Жуалы ауданы әкім­ді­гі­нің инспекторы Мұрат Алматұлы.  

9 ауылдан 9 спорт алаңша

Мемлекеттік бағдарлама ая­сында биыл Мойынқұм ауда­нын­да қарқынды жұмыс қолға алы­нуда. Бір ауданның өзінде ағым­дағы жылы тоғыз спорт кешенінің кірпіші қаланып жатыр. Оның алғашқылары 6 шілде елорда кү­ніне орай пайдалануға берілді. Атап айтсақ, «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» бағдарламасы аясында Күшаман ауылында шағын футбол алаңшасы ашылды. Күшамандағы шағын футбол алаңшасының құрылысын «Ұлан­жомарт» жеке кәсіпкері жүргізген. Алаңшаның сметалық құны – 10 573 000 теңге. Нысанның құры­лы­сы жоспарлы түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде ел игілігіне беріліп отыр. Бұдан бөлек, бұл күні Шыға­нақ ауылында да кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаң­ша­лары елге есігін айқара аш­ты. Атал­ған нысанның жоба­лық құны – 12 710 000 теңге. Құрылысқа жа­уап­ты «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі жоспарлы жұ­мысты жүйелі атқа­рып, дер кезінде тапсырып отыр. – Жалпы, 9 ауылдағы құры­лысты маусым-шілде айларында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таң­да екі нысанды пайдалануға бер­сек, Мыңарал ауылындағы алаң­шалар да дайын болып қалды. Онда қалғаны тек жарықтандыру жұмыстары. Қалған Құмөзек, Қа­рабөгет, Мойынқұм, Көкжелек, Айдарлы, Хантау ауылдарындағы кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Мердігер «Айгерім», «Кәусар», «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі мен «Талас Сер­вис» ЖШС құрылыс басында аян­б­ай тер төгіп жатыр. Құры­лысқа тек отандық өндіріс мате­риалдары пайдаланылуда. Тех­ника мен жұ­мыс күші де жеткі­лікті. Бұйыртса, аталған нысан­ның барлығы шілде айының ая­ғына дейін ел игілігіне беріліп қалады, – дейді Мойынқұм ауда­ны әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков. Жалпы, бұл шалғайдағы аудан үшін шаттық екені даусыз. Себебі соңғы 30 жылдың бедерінде Жаз-ата ауылында мұндай ауқымды құрылыс жүргізілген емес. Оған қо­са, Мерей Бектібекұлының ай­туынша, спорт бөлімі келер жарты­жылдыққа тағы 4 ауылдан осындай спорт алаңшаларын салуға өтінім беріп отыр екен. Сол кезде тұтас аудан спорт алаңша­ларымен қамтылмақ. Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық. Аталған алаңшалар ауылды жер­ден әлі талай толағайларды тәр­бие­леп шығарарына бек сенім­діміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы