Спорт десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Әсіресе, олимпиада мен әлемдік жарыстарда ұландарымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды көкке желбіретіп, әнұранымыз шетелдік ареналарда ойналғанда мақтаныш кернеп, көзге қуаныштың ыстық жасы үйіріледі. Ол – қаншама жылын сарп етіп, жеңісті жолға талпынған спортшының маңдай тері арқылы келген еңбектің жемісі.
Ал осындай қуанышты сәттерді сыйлайтын болашақ чемпиондарды дайындайтын оқу орындарындағы былықтарды, яғни сыбайлас жемқорлықты көре отырып, қазынаға қол салғандарды кім деп айтуға болады деп ойға кетеді екенсің. Ақпан айында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі және Ұлттық олимпиада комитеті меморандумға қол қойған болатын. Осы үшжақты келісімге сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі спорт саласында ашықтық саясатын ұстанып, «ашық дереккөзде» бюджет қаражатын игеру, мемлекеттік сатып алулар мен министрліктің табысы мен мүлкі жайлы барлық ақпаратты жария етіп отыратыны да айтылған болатын. Сонымен қатар үшжақты меморандумның басты мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағыттап, бірлескен және үйлестірілген іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру болып табылатыны белгілі.
Осы меморандум нәтижесін бере бастады ма, әлде шынымен де сыбайлас жемқорларды ұстайтын агенттік жұмысына білек сыбана кірісті ме, спорт саласындағы бірнеше қылмысты ашып тастады. Иә, жақында ғана Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков: «Жақында «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМК директоры Мұқашевке қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Оған кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға еңбекақы төлеген болып 21 млн теңгені иемденіп, заңсыз жұмсады деген айып тағылып отыр», – деді. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің заңгерлік басқармасының бас сарапшысы Динара Әбенова аталмыш іс бойынша комитет тарапынан атқарылған шараларға тоқталып өтті: «Комитет төрғасының бұйрығымен орталық директоры Мұқашев, директордың екі орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ орталық директорының тағы бір орынбасары Зайнулдинаға, бас есепшісі мен кадрлар бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Орталық директорының кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйақы төлеу ережелері туралы бұйрығына өзгеріс енгізілді», – деді.
Бауыржан Балғабековтің айтуынша, салаға бөлінген мемлекет қаражаты көп жағдайда тиімді игерілмей отыр. «Жыл сайын бұл салаға бюджеттен 60-80 млрд теңге бөлінеді. Өкінішке орай, соның бәрі мақсатына сай игеріліп жатқан жоқ. 2018-2019 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қарауына 39 сотқа дейінгі өндіріс құжаттары түсті. Оның көбі – ақша жымқыру, қызметін асыра пайдалану, пара алу және пара беру фактілерімен байланысты», – деген ол жемқорлар арасында басшылық лауазымдағы қызметкерлер де, бапкерлер де бар екенін атады. «Мысалы биыл Штаттық ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының директоры Жанпейісов оқу-жаттығу форумдарын өткізу туралы жалған құжат жасау арқылы 139 млн теңге иемденгені үшін ұсталды. Ал Батыс Қазақстан облысында спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Шаяхметов пен бөлім басшысы спорт мектептерінің бапкерлерінен заңсыз ақша жинаған. Сырдария аудандық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің директоры 50 мың теңге пара алған үшін сотталды», – деді Бауыржан Балғабеков.
Міне, сыбайлас жемқорларды айғақтайтын агенттік спорттағы былықты ашып, оны ашық түрде жариялай бастады. Олай болса спорт саласы жемқорлықтан ада болып, алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көрінетін ұландарымыздың жаттығуына кететін қаржы орнымен жұмсалатынына сендік.