Мәртебеңіз биік болсын, мұғалім!

Мәртебеңіз биік болсын, мұғалім!

Мұғалімнің мәртебесі, жалақысы, білім беру жүйесіндегі өзгерістер талқыланатын дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам ұстаз жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен іс-шарада жағымды жаңалық жетерлік.

Конференция мемлекеттік әнұранмен басталып, әрмен қа­рай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мо­де­ра­торлығымен өтті. Ұстаздар мен ата-аналар Мемлекет бас­шы­сының алдында сөз сөйлеп, ұсы­ныстарын жеткізді. Қасым-Жо­март Тоқаев терең дәстүр са­­­бақтастығы ұлттық тәрбие ар­­қылы берілетінін айта келе, ұс­таздар мәртебесін көтерудің маңы­зына тоқталды. «Дәстүрге ай­налған Тамыз конференция-сы – ұстаздар қауымы бас қоса­тын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетіс­тік­ке жетсе де, білім берген ұстаз­да­рын ерекше қадірлейді. «Бі­лім­діден шыққан сөз, талаптыға бол­сын кез» деп ұлы Абай айт­қан­дай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұла­ғатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауап­ты әрі күрделі міндет. Сіз­дердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұс­та­зы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам бол­майды. Бәріміз де кезінде мұ­ғалімнің тәлімін алып, білі­мін үйрендік. Сондықтан бо­ла­шақ­қа жол сілтейтін мұғалімнің ең­бегін лайықты бағалау – өте маңыз­ды міндет» деді Президент ұстаз деген ұлы тұлғалар алдына құрметі жоғары екенін жеткізіп.

Мемлекет басшысы білім са­ласындағы бірқатар мәсе­ле­лерді атап өтті. Соның ішінде, бі­лім сапасын көтеру үшін ке­шен­ді шаралардың қабылдануы қа­жет екені белгілі. Яғни, ұстаз­дың білігі, оқулықтардың са­па­сы, заман талабына сай ин­ф­ра­құрылым мен материалдық қор­ға байланысты мәселелерді ше­шу қажет. Жыл сайын аталған проб­лемаларды реттеудің түрлі жол­дары қарастырылады. Әйтсе де, білім саласы әлі де сыннан көз ашпайтын салалардың бірі бо­лып отыр. Бұл олқылықтың ор­нын толтыру маңызды.

Қабылданатын реформа­лар­да педагогтарға нақты не қажет екені есепке алынбайды. Әрі кә­­­сіби тұрғыдан даму үшін бар бол­ғаны сала министрлігінің са­­лалық құрылымдары тара­пы­нан ұйымдастырылатын курс­тар­мен және семинарлармен шек­­­теліп отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл ша­­­­ралардың да қажет екенін ай­­­та келе, әлі де дамыта түсу ке­­регін шегелеп жеткізді. Яғни, ұс­­т­аз­дарға арналған курстарда олар­­­ды толғандыратын өзекті мә­­­селелер назардан тыс қалып жа­­­­тыр. «Мысалы, 2018 жылы өт­­­­кізілген сертификаттаудың қо­­­­рытындысында педагог­тар­дың 35 пайызы тиісті нәтиже көр­­­­сете алмаған. Тағы бір айта ке­­­тетін жайт, педагогтар еңбе­гі­нің көрінісі бақылаушы құ­ры­лым­­­дар үшін жасалатын есептің ке­­­сірінен нашарлап келеді. Оқы­тушыға да, оқу­­­шыға да ба­ғалау жүйесі пси­хо­­­ло­гиялық қы­сым көрсетеді. Өйт­кені баға мек­тептің рей­тин­гіне әсер ете­ді» деді Тоқаев. Пре­зи­­денттің бұл сөзі ұстаз­дар­ға май­­дай жақ­са керек. Өйт­кені мұн­­­дай мә­се­ленің бары – шын­дық. Ба­ға­лау жүйе­­сі қоғамның қай са­ла­сына бол­сын қажет-ақ. Сол ар­қылы жұ­­­мыстың қаншалықты нә­ти­же­лі істелгені көрінеді. Сон­дық­­тан жүйеге аз­даған ғана өз­ге­ріс ен­се жеткілікті.


Жалақының жайы не болады?

Тамыз кеңесінің басты жаңа­лығы – мұ­ғалімдер жалақысының екі есе көте­рілуі. Бүгінде ұстаз­дар­дың айлығы саты­лап өсіп келеді. Дегенмен еңбекақы база­лық лауа­зымдық жалақы арқылы есепте­леді. Сондықтан көпшілігі қара­жатының көбейгенін аса сезіне қой­майды. Бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше тоқталып, мұғалімдердің қазіргі жалақысына көңілі толмайтынын ашық жет­кіз­ді. «Ұстаздардың еңбека­қысы – еліміздегі ең төменгілердің бірі. Яғни, ел экономикасындағы орта­ша жалақысының 65 пайызын ғана құрап отыр. Осыны ескере отырып, Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тартып, мәртебесін кө­теру үшін жалақы көлемін алдағы 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын» деді.

 

Жүйеде қандай өзгеріс бар?

Басқа-басқа, білім саласы өзгерістің түр-түрін бастан өткерді. Небір тәжіри­белер көз алдымызда жасалып жатыр. Уақыт өзі екшеп, таразылап, жөн болға­нын орнына қойып келеді. Әр министр ауысқан сайын орын алатын өзгерістер қызу талқыға түседі. Әбден сы­налып, жан-жақты талқыланады. Заманға сай білім беру жүйесі де өзгереді. Бұл – заң­дылық. Жаңа заманға өте тез бейімделу керек екенін Мемлекет басшысы да атап өтті. «Әлемнің алдыңғы қатардағы мек­тептері баланың креатив по­тен­циалын дамытумен жан-жақты айналысып жа­тыр. Диджитал тех­нология мен ғылымға көп көңіл бөледі. Педагогтар қазір білім беру әдістемесін ойын форматына ауыс­тырған. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Біз де Қазақстанды дамыту үшін сапалы, қолжетімді әрі зама­науи білім беруіміз керек. Заманауи деген сөзге екпін түсіріп айтып отырмын. Аталған салаларға жаңа, қуатты шабыт қажет» дейді Пре­зидент.

 

Балапан кезден білім беру

Мектепке дейінгі білім беруге қатыс­ты да талқы болды. Өйткені тәрбие процесінде сапаны арттыру қажет. «Жи­налмайтын жер емес, ластамайтын жер таза болады. Экологиялық сана қалып­тасты­руды балалардың құлағына құя беру қажет. Тұрмыстық тазалық, гигиена, табиғатты қорғау мәсе­лелерінде үлгі көрсетуіміз тиіс. Мысалы, Солтүстік Еуро­пада эко­логиялық мәдениет солай дамы­ған. Елбасының «Рухани жаңғы­ру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында осы жөнінде ай­тылды. Енді педагогтар осы құнды­лықтарды әрмен қарай да­мытуы қажет. Білім берілетін саланың барлығында осы нәрсе қолға алын­сын» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мектепке дейінгі білім берудің маңызы сол – ол құдды іргетас болады. Мемле­кеттік емес балабақшаларда тәрбие және білім беру процесінің дамуы кенжелеу. Бұл да – мәселе. Оған тәрбие­шілердің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сай келмеуі себеп болып отыр. Айталық, соңғы кездері балаға қол көтерген фак­тілерді құлағымыз көп естіді. Бейне­жазбадан да көрдік. Демек, балабақшадан бастап балаларға өнегелі тәрбие беруді назарға алуымыз қажет.

 

Мұғалім мәртебесінің маңызы

Елбасы педагог мәртебесін арттыру керегін жиі айтатын. Заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарасты­рылған. Ұлттың ертеңі, бәсекеге қабілетті болуы үшін мәртебесін барынша биіктету қажет. Қазіргі таңда ұстаздардың мойнына артылған жүк ауыр. Қағазға көміліп, мардымсыз жа­лақыға жұмыс істейтін оларға түрлі ауыртпалықтар да артылады. Кей жерлерде шағымданып айтып қалғанымен, жабулы қазан күйінде қалып, көнбіс күй кешіп жүрген­дері рас. Мемлекет басшысы педагог мәртебесін асқақтатуға қатысты сөйлеген сөзінде «Сынып жетекшісі болып жүргені, дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі еселеу керек. Сонымен бірге, бар­лық мұғалімге еңбек демалы­сын 56 күнге дейін ұзартқан жөн. Әрі магистр және өзге де дәрежелер үшін де қосымша ақы төленуі тиіс» деген болатын.

Сондай-ақ мұғалімдер үшін бес күн­дік жұмыс аптасы енгізіледі. Естеріңізге сала кетсек, бүгінде мектептердің бір бөлігі бес күндік оқу аптасына ауысты. Бірақ сала министрі Аймағамбетовтың ай­туынша, шешілмеген мәселе – шаш етектен. «Балалар аптасына бес күн оқы­ғанымен, ұстаздар алты күн жұмыста жүреді. Барлық өңірде солай демейміз. Бірақ бәріне бірдей тәртіп болуы тиіс» деді ол. Министрдің айтуынша, заңна­мада бес күндік режимге еш кедергі жоқ. «Сенбіні педагогтар қалауына қарай өткі­зуі қажет. Яғни, балалармен өткізгісі келе ме, сабаққа дайындала ма – өзі ше­шеді. Немесе осы күні педа­гоги­калық ке­ңес өткізуге де болады. Тек айтарымыз – алтыншы күнді мұғалімдер жеке уақыты деп қа­был­дауы керек» дейді министр.

Білім бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Сондық­тан мұндағы теңсіздік жо­йылса құба-құп. Шыны керек, дамыған елдердің өзінде бұл мәселе өзекті. Теңдік орнауы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей байланыс­ты. Президент қала мен ауылдың баласының білім алу деңгейінде айырмашылық болмауы керегін айтты.

«Мұғалім мәртебесі туралы» заң 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қабыл­данады. Бұл туралы Гүлшара Әбдіқа­лықова айтты. «Уақытты көп алмай, екі мәселе­ге тоқталғым келеді. Бірінші мә­селе – ол Президент айтқан мұ­ғалімдердің мәртебесін көтеру туралы заң. Осы заңды жақын уақытта, 1 қыркүйекке дейін Пар­ла­ментке енгізуіміз керек. Сон­дықтан министрлікке 1-2 аптаның ішінде Парла­ментке енгізу туралы тапсырма беремін» деді ол. Оның айтуынша, «Мұға­лім мәртебесі туралы» заң жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жан-жақты талқыланған. «Сондықтан 1 қаң­тарға дейін бұл заңды қа­былдауға негізгі мүм­кіндік бар деп ойлай­мын. Екінші мәсе­ле – ол барлық деңгейде білімнің дамуы мен ғылымның дамуы. Осыған байла­нысты біз 2025 жылға дейін білім мен ғы­лымды дамытудың мем­лекеттік бағ­дар­ламасын қа­был­дауымыз керек. Бұл бағдарлама осы жылдың соңына дейін толық жоспары жасалып, қабылдануы тиіс» деді Гүлшара Әбдіқалықова.

 

6 жастан, 12 жыл оқу жүйесі

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беруді одан ары дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қа­былдауды тапсырды. «Әлем ел­дерінің 60 пайызында мектепте білім беру 6 жастан басталады. Яғни, мұндай жүйе баланың зияткерлік және әлеуметтік жа­ғынан ертерек дамуына оң ықпал етеді. Үкіметке Білім мен ғылымды да­мы­тудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағ­дар­ламасы аясында 12 жыл­дық білім беру моделіне бір­тіндеп, жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын» деп атап өтті Президент. Мемлекет бас­шысы «Жас маман» жобасының жүзе­ге асырылуын, техникалық және кәсіби бі­лім беру жүйесін дамыту жұмысын пы­сықтау, сон­дай-ақ үш ауысымды және ша­ғын комплектілі мектептер мәселесін шешу қажет екеніне назар ау­дар­ды. «Ж­а­ратылыстану пәндерін ағыл­­шын тілінде оқыту білім орта­лық­тарының кадрлық мүм­кіндігіне қарай, оқушылар мен ата-ана­лар­дың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан ағыл­шын тілін оқытуды 2-3-ші сы­ныптан немесе ата-аналардың қа­лауына қарай 5-сыныптан бас­тау орынды әрі тиімді болады деп санаймын» деп Президент өз ұстанымын жеткізді.

Білім бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан мұндағы теңсіздік жо­йылса құба-құп. Шыны керек, дамыған елдердің өзінде бұл мәселе өзекті. Теңдік орнауы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Президент қала мен ауылдың баласының білім алу деңгейінде айырмашылық болмауы керегін айтты. «Білім беру стандарты да, бағдарлама да бір болуы керек. Қайда тұрса да, қандай әлеуметтік жағдайда өмір сүрсе де сапалы білім оған қол­жетімді болсын. Сондықтан білім және ғылым министрлігіне тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалардың акаде­миялық артта қалған тұста­рын реттеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тап­сырамын. Облыс әкімдері осы мәселеге аса мән берсін. Бұл – олардың тікелей мін­деті. Мысалы, ауылдардағы ша­ғын­комплектілі мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Мұндайда сапа туралы не айтуға болады? Аймақ басшылары мықты менеджерлер мен облыстың үздік педагогтарын тартуға грант бөлсін. Облыстардың тұрақты дамуы үшін бұл қадам қажет-ақ. Білім – стратегиялық сала, эконо­миканың бө­лігі. Бұған аса назар аударып, қаражат құю керек. Ата-ана онсыз да барын салады, мем­лекет те көмектесуі тиіс. Қазіргі таңда жаһандық ЖІӨ өсімі интел­лектуал қызметке тиесілі. Жасанды интеллекттің әлемді билейтін күні алыс емес» деп білім саласына басымдық берді Мемлекет бас­шысы.


Білім грантының саны артқаны сапаны
арттыра ма?

Білім берудің барлық сатысы сөз болған кеңесте жоғары білім жайы да тыс қалған жоқ. Сапаның сын көтере алатын­дай деңгейде болуы керегі белгілі. Өйт­кені оқу­шы алдында мәртебесі биік болып тұруы үшін алдыңғы кезекте ұстаз білікті болуы тиіс. Сапалы жоғары біліммен қамту жайына Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталды. «Әр ата-ана баласының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Дегенмен бүгінгі одан да өзек­ті мәселе – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орын­дарын сапалы біліммен қамта­масыз ету қажет. Оқу үрдісінің са­пасын арттырмай, білім грант­тарының санын көбейту жақсы­лыққа емес, жаман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімдігін қамтама­сыз етуді көздеп жүріп, оның де­валь­ва­циясына жол бермеу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Пре­зидент Үкіметке мемлекеттік грант­тардың құны мен оның қазіргі заманға сай-сай еместігін мұқият зерттеуді тапсырды.

 

Балалардың қылмысқа қатысы болмаса екен...

Қазақстанның балалар құқығы жө­ніндегі уәкілі Аружан Саин балалар бола­шағына алаңдап, олар­дың құқығы үшін күресу ке­регін айтты. «Бүгінде ғылым мен білім саласына ерекше назар ауда­ры­лады. Әйтсе де, әлі де шешіл­меген мә­се­лелер бар. Мысалы, балалар қыл­мы­сы, олардың құ­қық­тарының қорғал­мауы, өміріне қауіп төнуі сынды проб­лема­лар­ды жиі айтамыз. Осыны шешуге жү­йелі түрде кірісу қажет. Матема­тика, физика қан­дай маңызды болса, қосымша білім де сондай. Егер балалар үйірмелерге қа­ты­сып, қызығушылықтарына байла­ныс­ты іспен айналысатын болса, алдағы уа­қытта жағдайдың жақсы жаққа өз­ге­ретіне сенемін. Өйткені дамыған ел­дер­де азаматтық қоғам орнаған. Балаға өз-өзін дамытуға мүмкіндік берілсе, суицид те, кәмелетке толмағандардың қыл­мысы да азаяр еді. Сонымен бірге, ба­лаларға көрсетілетін немесе балалар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесін де айта кету керек. Мемлекет басшы­сы­ның алдағы Жолдауында ұсыныста­ры­мызға жауап аламыз деп сенеміз. Аудан­дар мен ауыл­дарда көбі таныс, ағайын болғасын көп нәрсе айтыла бермей, бү­гілген күйінде қалады. Жергілікті деңгей­де ғана қарас­ты­рылады. Құжаттар мен тергеу ісін тоқ­тату облыстық ІІД жетек­шілері мен про­куратура санкцияларынан кейін ғана жүруі тиіс. Осы ретте екі жақ­тың ымы­раға келу мүм­кіндігін болдырмау керек. Қандай да бір келеңсіз жағ­дай бола қалса, отбасыларға қо­қан-лоққы көрсе­тіп, са­тып алуға тырысады. Осы­лайша, ба­ла­ның құқығы қор­ғалмай қалады» деді ол.

Конференция соңында Қасым-Жо­март Тоқаев отандық білім беру са­ла­сын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ұстазды марапат­тады. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен – Павлодар қала­сының №8 дарынды балаларға арналған мектеп-ли­цейінің мұғалімі Ана­толий Билида, Ал­ма­ты облысы Іле ауданы №13 орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Казер­баева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Орал қаласы Ә.Мол­дағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұға­лі­мі Гүлзихан Таскарина, Түркістан об­лысы Кентау қа­ласының А.Югнаки атындағы орта мек­те­бінің мұғалімі Дә­негүл Қуатбек, «Ша­пағат» медалімен – Қарағанды қа­ласын­дағы Н.Нұрмақов атын­дағы №2 облыстық маман­данды­рыл­ған мектеп-интерна­ты­ның мұ­ғалімі Екатерина Нипрук мара­патталды.

 

P.S.

Биылғы Тамыз конференциясының бір ерекшелігі – қарапайым жиын түрінде өткені. Президент, Президент Әкімшілігінің басшысы, Үкімет басшысының орынбасары, министр және басқа да білім саласының қызметкерлері бір деңгейде отырды, биік мінбер болған жоқ. Президент, осылайша, ұстаздарға деген құрметін білдірді. Тағы бір байқағанымыз, Президент сөз сөйлеген кезде жиі қол шапалақтаулар болған жоқ. Мемлекет басшысы өз сөзінде білім саласындағы барлық түйткілді мәселелерден хабардар екенін байқатты. Үштілді білім беруге қоғамның дайын емесін, үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмегенін, сондай-ақ жергілікті биліктің ұстаздарды орынсыз «жұмсап» отырғанын да білетін болып шықты. Сол үшін де осы олқылықтарды жою үшін Үкіметке 8 нақты тапсырма берді.
Мінбеде сөйлегендер де өз пікірлері мен ұсыныстарын ғана айтты. Мемлекет басшысын мақтамады, мадақтамады. Сондай-ақ залда ешқандай жалынды ұрандар мен жалпақ баннерлер де болмады. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбаттарының бірінде баннерлер мен суреттерін ешқайда ілдірмейтінін айтқан болатын. Аймақтан келген мұғалімдер Президенттің қасына келіп, рұқсат сұрап, суретке түсіп жатты. Ешкімге қарсылық білдірмеді. Бұл да болса, Мемлекет басшысының қарапайымдылығынан хабар берсе керек. Президент, осылайша, үлгі көрсетті. Ендеше, біз де қарапа­йымдылыққа, еңбекқорлыққа қарай ұмтылуымыз қажет!