Алтын құйма сыйлау сән бе?
Алтын құйма сыйлау сән бе?
313
оқылды

Өткен жылдың 30 қарашасынан елдегі ақша айырбастау пункттерінде алтын құймаларды сатуға рұқсат етілгелі бері бұл металға қызығушылық бұрынғыдан да арта түскендей. Елдегі экономикалық тұрақтылық адамдардың қор жинауына мүмкіндік берді. Рас, күні кешеге дейін банктерде депозит ашып, валюта сатып алып, жылжымайтын мүлікке ақша құйса, енді өз жинақтарын инвестициялаудың тағы бір мүмкіндігі туды. Ол – алтын құймалар сатып алу.

Алтын құймаларды сатып алуда не мән бар? Мұның ең басты ерекше­лігі – алтын құнының ешқашан жо­йылмайтындығында. Мысалы, сол ал­тын құймалар айырбастау пункт­те­рінде сатылымға шыққан өткен жыл­дың 30 қарашасында Ұлттық банктің бағамы бойынша алтынның бір гра­мының бағасы 14 640 теңге бол­са, осы жылдың 30 шілдесінде 17 569 теңгеге көтерілген. Айналасы тоғыз айдың ішінде 20 пайызға өскен. Дегенмен бұл ұзақмерзімді қор жинағысы келетін­дерге қолайлы нұсқа екенін айтқымыз келеді. Бүгін алтын құйманы сатып алып, араға аз ғана уақыт салып қайта сататындар бұл жерде ауыз толтырып айтарлықтай пайда көреді дей ал­маймыз. Сондықтан алтын құймалар ұзақмерзімді жинақ үшін ыңғайлы тәсіл екенін ескеру қажет.

Жасы 14-ке толған кез келген тұ­тынушы, тіпті өзге мемлекеттің аза­маттары да алтын құймаларды сатып алуға мүмкіндігі бар. Кейбір айыр­бас­тау пункттерінде тек 2 миллион теңге­ден артық сомаға алтын құйма сатып алғанда ғана жеке басын куәланды­ратын құжат талап етіледі екен.

Қазіргі таңда 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймалар саты­лымда. Сынамасы – 999,9. Алтын құй­малар қорғаныш қаптамада. Қор­ғаныш қаптамасының бүлінбеуі құймалардың сапа сертификатын білдіреді. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, 5 және 10 грамдық алтын құймалар сатылымда көш бастап тұр. Мұндай құймалардың әрқайсысы барлық сатылған алтын құймалардың 25 пайыздан астамына тең. Яғни са­тылған құймалардың жартысынан ас­тамы осы екі түрге тиесілі. Осы жыл­дың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша ақша айырбастау пункттерінен 1,7 мың дана алтын құйма сатылған. Жалпы салмағы – 48,7 келі. Ал сатылымға түскен 2017 жылдың мамырынан бері жалпы салмағы 222,3 келі 6 мың құйма иесіне жол тартқан. Әрине, адам баласы әр нәрсеге сақтықпен, арты қалай болар екен деген байыппен қарайды. Алтын құймалар сатылымға түсті екен деп, бұқара халық жаппай құйма сатып алған жоқ. Ақша айыр­бастау пункттеріне сатылымға түскен өткен жылдың 30 қарашасынан жыл соңына дейін бар болғаны жалпы салмағы 810 грамм болатын 37 алтын құйма ғана сатып алушылардың иелігіне өткен. Бірінен бірі естіп, біліп, бірте-бірте алтын құйма сатып алу қарқын ала бастады. Ақша айырбастау пункттерінің бәрі бірдей алтын құйма сатуға бет бұрған жоқ. Қазіргі таңда жалпы ақша айырбастау пункттерінің 11 пайызы ғана бұл сауда түріне ден қойды. Қалғаны әлі де әліптің артын бағып отыр.

Әйтсе де елдің алтын құймаларға қарай аңсары аууына да белгілі се­бептер бар. Ұлттық валюта бағамының үнемі құбылып тұруы елді осы салаға қарай назар аударуға итермелеп отыр. 

Алтын құймалар сатылымға шық­қалы сарапшылардың пікірі де қақ жарылды. Бірі – құп көрсе, екіншісі – пайдасы шамалы екенін алға тартады. Әлі де «Валюта – ең қолайлы инвес­тиция» деп табан тіреп отырғандар көп. Олардың уәжі – валютаны кез келген ақша айырбастау пунктіне барып сатып алуға және сатуға болады. Ал алтын құймаларды сату үшін мін­детті түрде бағалау комиссиясының рұқсаты керек. Бұл қосымша уақытты талап етеді. Оның үстіне алтын құй­маларды банкте немесе үйде ұстаған жағдайда арнайы сейфтерде сақтау қажет. Банкте сақтау қосымша қара­жатты қажет етсе, сейф те кез келген­нің үйінде бола бермейтін бағалы зат. Сейфі болған күннің өзінде оның қа­уіп­сіздігіне ешкім жауап бере ал­майды. Алтын құймаларды үйде сақтауға тек сейф қана емес, да­былқаққыш құрал­дар да қажет. Бұл әрине қосымша шығын. Бұл шығын да бағалы тауарды сақтау үшін орнатылатын болған­дықтан алтын­ның бағасына қосымша әсер етеді. Мұндай қосымша шығынды ақтау үшін көп көлемде алтын сатып алу керек. Ал бұған екінің бірінің шамасы келмейтіні айдан анық. Бағалы зат үйде қаншалықты көп сақталса сон­шалықты ұрлық-қарлық әрекет­те­рінің тәуекелі басым болады.

Әйтсе де елдің алтын құймаларға қарай аңсары аууына да белгілі се­бептер бар. Ұлттық валюта бағамының үнемі құбылып тұруы елді осы салаға қарай назар аударуға итермелеп отыр. Ұл-қызының болашағын ойлаған материалдық жағдайы жақсы ата-аналар алтын құймаларды мұра ретінде қалдыра алады. Бұл – ұрпағының жақсы білім алып, болашағы жарқын болуына үлкен кепілдік.

Алтын құймалардың бағасын Лон­дон биржасының бағамымен сәй­кестендіріп Ұлттық банк белгілейді. Сондықтан оның бағасы әр жерде әртүрлі болмайды. Белгіленген бағаға негізделеді. Мұндай жағдайда үстеме бағамен сатып отыр екен деген күмән болмауға тиіс. Ең қызығы – қазіргі таңда алтын құймаларды мерекелерде, туған күндерде, басқа да айтулы күндері бір-біріне сыйлық ретінде ұсынатындар қатары көбейіп келеді. Өйткені сапасы сенімді, құны жоғары, сондай-ақ бүгін пайдаланып, ертең қолданыстан шығып қалатын зат емес. Сәннен шығып қалады деп те қауіп жасауға негіз жоқ. Демек ақша жасауды білетін, тек бүгінді ғана емес, ертеңін, ұрпағының болашағын ойлайтын адам үнем жасап, алтын құймалар сатып алуға болады.