Жұмыссыздық жыры
Жұмыссыздық жыры
374
оқылды

Пойызда келе жатырмыз. Жа­нымдағы кішкентай қыз бойжет­кен­де кім болатынын қызыға баян­дауда. Өзінің би үйірмесіне барғысы келетінін, бірақ анасы гимнастикаға жаздырғанына шағымданды. Болашақта 6 жерде жұмыс істейтінін айтқанда таңғалдым. Неге дегенімде, «әкемнің сатушы болғанын, анамның оған ұрысқа­нын қаламаймын» деді. Еріксіз терезеге қарап ойланып қалдық.

Ұлттық экономика министрлігі Ста­тистика комитеті мәліметінше, 2019 жы­лы шілде айындағы жұмыссыздар саны – 440,9 мың адам. Елдегі жұмыс­сыз­дық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. Шілденің соңында жұмыспен қамту органдарына 172,7 мың адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі жұмыс күшінің 1,9 пайызы екен.

Республика экономикасын бағалау бо­йын­ша 2019 жылы шілдеде 8,8 млн адам жұ­мыспен қамтылды. Жұмыспен қамтыл­ғандардың арасында 6,7 млн-ы жалдамалы қызметте істейді. 2019 жылғы ІІ тоқсанда жасырын жұмыссыздық деңгейі жұмыс кү­шінің 0,3 пайызын құрап, 30,4 мыңға жеткен.

2019 жылы қаңтарда жұмыссыздар са­ны – 442,7 мың, тіркелген жұмыссыздар саны 111 мыңға жетті. Ақпан айындағы жұмыссыздар саны – 443,1, тіркелген жұ­мыссыздар – 131,8 мың. Наурызда жұ­­мыс­сыздар саны 442,9 мыңды көр­сеткен, соның ішінде тіркелгендері – 160,7 мың. Мамыр айында жұмыссыздар саны 441,8 мың­ды құрап, тіркелгендер саны 169,9 мыңға өсті. Маусымда жұмыс­сызбын деп тіркелгендер 176,7 мың бол­са, жалпы жұмыссыздар саны 441,3 мың­ды көрсетті.

2018 жылы тамыз-желтоқсан айла­рын­да жұмыссыздар саны 441,6-442,1 мың­ның арасында болса, тіркелген жұ­мыссыздар саны 91,6-151,8 мыңды құрады.

World Employment-те Қазақстан 2014 жылмен салыстырғанда 31 орынға төмен сырғыған. Статистикаға сүйенсек, 2014 жылы – 51-орында (5,30%), 2015 жы­­лы – 53-орында (5%), 2016 жылы – 70-орында (5%), 2017 жылы 70-орында (4,9%) тұрған. 2018 жылы 4,9 пайыз көрсеткішпен 82-орынға жылжыған. Демек, әлемдегі жұмыссыздар саны сәл де болса, кеміді деген сөз. Өйткені 2009 жылғы бағалау бойынша жұмыс­сыздар саны ең көп ел Зимбабве (95%). Яғни, Зимбабведе жұмыспен қамтыл­ғандардың үлес салмағы 5 пайыз болған.

Статистика комитеті сайтында 2019 жы­лы шілдедегі қызметкердің ор­та­ша айлық атаулы жалақысы 186 221 тең­ге деп көрсе­тіл­ген. Ең жоғары номиналды жалақы – 401,1 мың теңге. Мұны тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу. Қаржы және сақтандыру қызметіндегі қызмет­кер­лер 323 мың теңге айлық алады. Бұл – екінші дең­гейлі жалақы. Үштікті ғылыми және техни­калық қызмет саласында жұмыс істейтіндер түйіндейді. Олар 296,3 мың теңге алады.

Ең төменгі жалақы мөлшері – 93,2 мың теңге. Бұл – ауыл, орман, балық шаруа­шы­лығында жұмыс істейтіндердің еңбекақысы. Қазақстанда ең жоғары жалақы алатындар Атырау облысында тұрады (322,7 мың теңге). Ең төменгі жалақы алатын облыс – Түркістан облысы (109 мың теңге).

2019 жылы 622 447 адам жұмысқа орна­ластыру органдарына жүгінген. Жұмыс із­де­ген ерлер саны 303 975 болса, 318 472 әйел органға өтініш жазған. Ауыл-аймақтан
303 339, қала тұрғын­дарынан 319 108 өтінім қабылданған.

Статистикаға көз жүгіртсек, өтінім бер­гендердің дені – қаладан. Ауыл-ай­маққа орган жұмысы жайлы хабар жет­педі дегеннің өзінде қала үшін көлемді цифр. Жұмыс іздеп ауылдан қалаға ағы­латындар қатары көп. Қаланың өзінде жұмыс таппай жүргендері қан­шама. Осындайда «Тракторшының ма­хаббаты» сериа­лын­дағы мораль еске түседі. Қай өңір несімен танымал, соны негізге алу керек сыңайлы. Сүтті сиыры бар мекенге сүт зауыты, кені бар жерге металл өңдеу орта­лығы, қойды ауылға тері өңдейтін ор­ын ке­рек-ақ. Сон­да жұ­мыс іздеп сен­дел­гендер саны азайып, пойыздағы әңгіме ауаны өзгерер еді.


Айбике ЖАНАСЫЛ