Биыл дала өрті қаулаған жыл болды. Жаз ортасынан ауа бере жер-жерде ана жерде өрт, мына жерде өрт деген хабар күнделікті жаңалыққа айналды. Бұл да – қазақ даласы үшін көктемдегі қара судың ауылдарды басуы сияқты апат. Қайғылысы сол – адам өлімі де бар.
Жақында WhatsApp арқылы ауылдан жаңалық жетті. Әбіл деген ағамыздың Аққияқ деп аталатын жердегі шабындығы өртеніп кетіпті. Үш-ақ көпене шөбі жанбай қалған. Ауыл болып өрт сөндіруге барған, сонда да өрт әзер ауыздықталған екен. Бұрын ауыл маңында өрт шыға қалса, бүкіл ауыл болып көтерілетін. Қазір де жұмылады. Бірақ ауылда өрт сөндіруге баратын адамдар да қалмады-ау. Біреуі – вахтада. Енді біреулері баяғыда ауылды тастап, басқа жаққа көшіп кеткен. Осының кесірінен шаруа қандай шығынға ұшырағанын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Бұл өрт еліміздегі барлық өңірді шарпып жатқаны рас. Мысалы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп жанып, өрт орманға таралған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Министрліктер үйінде өткен баспасөз мәслихатында: «Дала өрті бойынша Қарағанды облысындағы ахуал қиын – мұндағы жалпы өрт көлемі 2,7 мың гектарға жетті. Оны сөндіруге Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқару органдарының және ІІМ бөлімшелері жұмысқа тартылды. Өртті оқшаулап, сөндіру үшін қосымша тікұшақтар бердік», – деді.
Жамбыл облысындағы Ақкөл орман шаруашылығына қарасты Шабақты жерінде ірі өрт болып, салдарынан ауқымы 50 гектар қураған шөп пен сексеуіл ағаштары жанып кетті. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен үш күн бойы арпалысқан болатын. Облыста жыл басынан бері 11 дала өрті тіркеліп, 37 мың гектар жер жанып кеткен. Алдын ала болжам бойынша қоршаған ортаға 3 миллион теңгеден астам шығын келіп отыр.
Бұл жерде айта кетер мәселе, бізде тек мемлекетке келген шығынды ғана есептеп, сол жерді жалға алып отырған шаруа қожалықтарының шеккен миллиондаған зардабы хатталмайды.
Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында да дала өрті өршіп тұр. 9 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Күршім ауданы Құйған ауылынан 15 шақырым жерде далалы алқап өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Мұнда да шамамен 800 гектар аумақта құрғақ шөп өртенген.
Сол күні Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Ерейментау ауданы Қойтас ауылдық округінің Масақпай мал жайылым учаскесіндегі дала өрті туралы хабарлама түскен. Мұнда 280 гектарда құрғақ шөп отқа оранған.
Алматы аумағында және Алматы облысының «Думан» ықшамауданында, сондай-ақ Талғар ауданының Бесағаш ауылында құрғақ шөп өртенген. Ал Панфилов ауданында дала өртін сөндіру кезінде 3 адам қаза тапты, 7 адамды түрлі дәрежеде күйік шалды.
Ақтөбе облысында жылдың алғашқы тоқсанында 20 дала өрті болса, былтырғы жылы бұл уақытта тек 4 дала өрті тіркелген. Соның салдарынан 2 800 гектар жер алқабы өртке оранды. Өрттің басым бөлігі Хромтау, Мәртөк, Қарғалы, Ойыл, Шалқар аудандарында болған...
Жазып, айта берсек мысал жеткілікті. Иә, бұл өртті табиғи апат деп табиғаттың мойнына арта саламыз. Сөйтіп, кінәмізді мойындағымыз келмейді. Айтар болсақ, осы дала өртінің көбі өзіміздің салғырттығымыздан орын алады. Темекі шегіп, сөндірмей тастай салу, сіріңке жағып отпен ойнайтын ойын баласы да өртке басты себеп. Таза ауаға шығып, далаға барып демалып, от жағып тамақ пісіріп, артынан ошақтағы отты сөндірмей кететін де өзіміз. Иә, кейде қатты желдің салдарынан бағана бойындағы ток сымдары бір-біріне тиіп, тұйықталып, өрт шығу қаупін тудырады. Дегенмен бұндай оқиға аз тіркелген.
Айтар болсақ, демалыс орнынан кетерде міндетті түрде шоқты сөндіріп, күн сәулесі түсіп тұрған жерге бөтелке немесе шыны сынығын тастамай жинап алсақ, қарапайым ғана нәрсе, темекімізді өшіріп тастасақ болды емес пе?! Мұндай алапат өрт болмас еді. Дала өртіне өзіміз себепші екенімізді түсінетін уақыт жеткен сияқты!