Қазақстанда әуе тасымалы саласы кері кетуде. Жағдайды ел тарихындағы тұңғыш лоукостер – FlyArystan әуекомпаниясы да, сондай-ақ Open Sky «ашық аспан» саясаты да түзей алмағанға ұқсайды. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республикада тек 3 миллион 650 мың жолаушы әуе жолымен сапарлаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 миллион 760 мыңнан асқан болатын.
Яғни, былтырдан бері 110 мыңдай жолаушы ұшақтардан бас тартып, өзге көлік түрлерін таңдағандықтан, сала 3%-дан артыққа құлдырап кетті. Салыстыру үшін айтсақ, көліктің барлық түрімен жеткізілген жолаушылардың жиынтықты көлемі қайта 2,7%-ға ұлғайып отыр. Демек, артқа тартқан әуе тасымалын айтпағанда, сала тұтастай алғанда, ілгерілеуде.
Бұл мәселені «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы да назарда ұстап отыр. КҰП төралқасының Логистика және тасымал комитетінің азаматтық авиация қосалқы комитетінің отырысында түйіні шиеленіскен түйткілдер жайында қызылкеңірдек болып айтысқан атқарушы биліктің жауапты тұлғалары, әуежайлар мен әуекомпаниялар өкілдері ортақ пікірге тоқайласа алмады.
Әуежайлар өкілдерінің байламынша, мемлекеттік органдар «ашық аспан» қағидатын толыққанды сақтамайды және халықаралық тасымалдаушыларды шектейді. Соның кесірінен, Тбилиси мен Баку отандық әуежайлардың алдын орап, транзиттік ұшақтарды өздерінде қабылдап, табыс тасқынын жолай бұрып әкетіп жатыр. Таяуда олардың қатарына Ташкент пен Бішкек қосылады деп күтілуде.
Нәтижесінде, өзге елдерде нарық ойыншылары көбейіп, бәсекелестік артып, азаматтар мен жүктер үшін әуе тасымалы қолжетімді бола түссе, ал Қазақстанда билет бағасы, бағаж жөнелту құны жыл өткен сайын тек қымбаттауда.
Бірақ өз кезегінде тасымалдаушылар отандық нарыққа кіруде ешқандай шектеуді байқамағанын айтады. Олардың пайымдауынша, жаһандық алпауыт компаниялар Қазақстанға келуге асқан ынта-ықылас танытып отырған жоқ. Ал авиабилеттердің арзандамауына әуежайлар ұсынатын ұшақ отынының қымбаттығын себепкер санайды.
Үкімет өкілдері болса, Open Sky деген аспанды ашық-шашық тастап, кім көрінгенге көкте бассыздық танытып, бетімен сайран салуына жол беруді білдірмейтініне табандайды. Сөйтіп, қатаң реттеуден бас тартқысы келмейді.
– «Ашық аспан» – еш шектеусіз ұша беруге болады деген сөз емес! Бұл тараптардың өзара келісімге келіп, өз позицияларын белгілеп, өзіне міндеттеме алуын білдіреді. Біз 5 жыл бұрын әуе кеңістігін кезең-кезеңмен либерализациялауға көштік. Осы уақытта түсінгеніміз: шетелдік тасымалдаушылардың ешқайсысы біз арқылы транзитті дамытпайды, шетелдіктер тек төл желілерін дамытуға мүдделі. Еуразиялық одақ аясында да ашық аспан саясаты қолданылады, онда одақтас елдер арасында ашық бәсекелестік болады. Осыған орай өзара стандарттарымызды үйлестіріп жатырмыз, бұл қандай да бір ел екіншісіне қысым жасамауы үшін қажет, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Алматы әуежайының өкілі жүк және жолаушылар тасымалының төмендеу үрдісі жүріп жатқанын растады.
– Біз жүктің де, жолаушылардың да тасымалы азайып бара жатқанын аңғарудамыз. Алматыда туризм басымдықты сала деп анықталды. Саяхатшылар үшін біздің қала елордаға қарағанда әлдеқайда қызықты. Сондықтан Алматы әуежайына «ашық аспан» мәртебесінің тағайындалуы әлдеқайда үлкен тиімділік пен нәтиже әкелері анық. Бізде тұрғындар саны да көп, жеке бизнес белсендігі де жоғары. Алайда барлық халықаралық бағыт Нұр-Сұлтан қаласы арқылы жобаланып, пысықталады. Бұл ел орталығын әлемдік орталықтармен қосу үшін жасалатыны алға тартылады. Ал Алматыға тасымалдаушылардан айырылып қалу қаупі төнуде. Өйткені Ташкент, Бішкек қалаларының әуежайларына өз үкіметтері «ашық аспан» мәртебесін беруді жоспарлауда, – деп алаңдайды «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның авиациялық маркетинг жөніндегі директоры Абдул Құсаев.
Бұл мәртебеден бас қала іргесіндегі ең ірі шаһар да дәмелі. «Сарыарқа» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Сәрсенбек Көшкінов қарағандылық әуежайдың 2011 жылдан бері «ашық аспан» сұрап келе жатқанын еске салды.
– Бірақ астаналық әуежаймен іргелес орналасу салдарынан сол бұрынғыдай жолаушылар ағынын жоғалтудамыз. Кезінде біз жүк тасымалына маңыз беріп, соған екпін түсірдік. Сөйтіп, Алматыға жақсы бәсекелестік құраудамыз. Жүк тасу саласында өз орнымызды таптық және бұл бағытты дамытудамыз. Біз жүк тасымалы үшін «ашық аспан» мәртебесін иеленуге әзірміз. 3 жылдан бері Қазақстанда осы салада ұлттық жүк тасымалдаушысын құру мәселесі талқыға салынуда. Дегенмен бұл іс ілгері жылжыр емес. Мысалға, Ақтауды хаб ретінде дамытуымызға болады. Алайда жүктер грузиялық Тбилиси мен әзірбайжандық Бакуде тұнып қалады. Солармен бірге біздің компаниялар таба алатын табыс та сусып кетуде. Олай болса, «ашық аспан» тұйықтан шығар жолға айнала алады және нарыққа жан бітіреді, – деген ойда Сәрсенбек Көшкінов.
Бір қызығы, Air Astana АҚ-ының мемлекеттік органдармен құқықтық байланыс жөніндегі менеджері Евгений Аксенов Нұр-Сұлтан әуежайында «ашық аспан» енгізгенімен, елордаға рейс жасағысы келетіндердің қатары сонша артпағанын айтады.
«Мәселе жабық саясатта емес, Қазақстан халқының аздығында. Үлкен жолаушылар ағынының және бәсекелі бағадағы әуеотынының жоқтығы, әуежайлардағы баға түзудің ашық еместігі және басқа да мәселелерді шетелдік және отандық компаниялар 1,5 жыл бұрын көтерген. Олар да шешілмей келеді», – деді Евгений Аксенов.
«Ашық аспан» саясаты мүмкіндіктерімен қоса, сын-қатерін қатар ала келуі ғажап емес. Мәселен, оның аясында елге кірген батыстық, не ресейлік алып әуе тасымалдаушысы алдымен тым арзан бағаларымен жергілікті тасымалдаушыларды дәрменсіз күйге жеткізіп, соңынан монополист ретінде Қазақстанға өз дегенін таңуы ықтимал.
– Біз қайталаудан еш жалықпаймыз: егер республикамызда жұмыс жасауға нық ниеті және салмақты жоспары бар компания келемін десе, құшағымыз ашық! Тек өз елінің үкіметі тарапынан молынан субсидияланатын, бізге келіп алып, демпингтік саясатын жүргізетін компанияларға орын жоқ. Мұның сыртында біз өзіміз де байсалды компаниялармен келіссөздер жүргізудеміз. Бірақ тасымалдаушылар бірауыздан қазақстандық әуежайлардың илікпейтініне шағымданады: шетелдік тасымалдаушы Қазақстан арқылы 1 немесе 10 рейс жасасын, оған бәрібір ешқандай жеңілдік бермейді. Оның үстіне әуежайларымыз ұсынатын отын да, көрсетілетін қызметтері де қымбат, – деп проблеманы ашық айтты Талғат Ластаев.
Осындай шағымның барлығын Сыртқы істер министрлігі де мойындады. Сыртқы саясат ведомствосының Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры міндетін атқарушы Денис Роговтың мәліметінше, шетелдік әуекомпаниялар Қазақстан әуежайларында ұшақтарға арналған отын құнының қымбаттығына арызданады. Шынында, авиакеросиннің бағасы бізде Азия елдеріндегіден және Ресейден 40%-ға жоғары екен.
Проблеманы шешу үшін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев әрбір мүдделі тасымалдаушы бойынша әуежайлармен бірге Жол картасын әзірлеуге кеңес берді.
Қалай болғанда, Open Sky мәртебесінің берілуі түптеп келгенде, туристік ағынның артуына, транзиттік әлеуеттік ұлғаюына ықпал етеді. Мемлекетімізден әлемнің әр түкпіріне «шұғыладай» тарайтын бағыттық желінің кеңеюіне жол ашады. Шетелдік әуетасымалдаушыларын тарту арқылы бәсекелестіктің өрістеуіне, саладағы бағалардың қолжетімді бола түсуіне, әуежайлардағы инфрақұрылымның дамуына және сервис сапасының жоғарылауына септеседі. Сарапшылар бұл сондай-ақ бәсекеге шыдас бере алмаған отандық авиакомпаниялардың жабылуына да соқтыруы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Бұдан бөлек, жергілікті компаниялар ортақ қауымдастыққа бірігу жайын да қарастыруда. Әзірше әуетасымалдаушылар өз табыстарын жолаушылар ағынын арттыру арқылы емес, билет бағасын қымбаттату арқылы ұлғайтуда. 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша олар жолаушылар тасудан 166,2 миллиард теңге пайда көрген. Былтырғы жартыжылдықта бұл сома небәрі 142,4 миллиард теңге болды. Жүк пен багаж тасымалдаудан түсетін түсімдері де өткен жылғы 3,13 миллиард теңгеден артып, 3,91 миллиард теңгеге жетті.
IATA әуе көлігінің халықаралық қауымдастығының болжамынша, 2037 жылға қарай қазақстандық авиакомпаниялар жыл сайын 18 миллион жолаушы тасымалдайтын болады. Азаматтық авиация комитеті басшысының дерегінше, 2018 жыл қорытындысында республикада жолаушылар тасымалы 6,8%-ға азайған және 7,9 миллион жолаушыны құрады. Жағдай түзелмесе, 18 миллиондық меже әрі ысырылуы әбден ықтимал.