«Пандемия кезеңінде интернет пен электронды мемлекеттік қызметтер бірінші сатыдағы қажеттілікке айналды. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз. Одан басқа, адамдардың карантин нормаларын сақтауына әсер ететін маңызды сервис – электронды коммерция болып саналады. Биыл біз осы саланың қарқынды дамуын байқап отырмыз», – деді вице-министр.
Биыл алты айда интернет дүкендерден 20 млн жуық тауар сатып алынды. Қазақстандық интернет дүкендерден алынған тауарлар саны биыл 7 миллионнан 14 миллионға дейін екі есеге өсті.
«Карантин кезеңіндегі нарықты қарасақ, адамдардың алатын тауарлар санаты өзгерді. Киім мен косметиканы сатып алудың төмендеуі байқалды. Бірақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып ала бастады. Қазақстанда пандемия кезінде ең қажет тауарларға сұраныс күрт артқан. Тиісінше, қазақстандық өндірушілерді онлайн сатуға шығару бойынша белсенді жұмыс істеу қажет», – деді Бағдат Мусин.
Карантин себебінен фудтех және фармтех бағыттарына әлемдегідей Қазақстанда да сұраныс артқаны байқалады.
«Өңірлерде азық-түлік өнімдерін сатып алудың онлайн сервистеріне сұраныс көп. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлерді онлайн сатуға үйретеміз. Сондай-ақ, фармацевтика сегментінде антибиотиктерді онлайн сатып алуда кедергілер бар, себебі онлайн рецептураның болуын талап етеді. Ол үшін біз Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеп, онлайн рецептілер жүйесін дамытамыз», – деді Бағдат Мусин.