Ұлыбритания Еуродақты келісімсіз тәрк етер болса, мемлекет азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі, бағалардың өсуімен бетпе-бет келеді. Бұл туралы Sunday Times басылымы жеке танысқан құжаттамада жазды.
Құжат Британияның министрлер кабинеті секретариатымен жасақталған. Британ үкіметі құжаттың шындыққа жанасатынын растады. Sunday Times келтірген құжаттамаға сәйкес, келісімсіз Brexit-тің салдары төмендегідей болмақ:
– жаңа азық-түліктердің құны қымбаттайды әрі мейлінше қолжетімсіз болуы ықтимал;
– Британия құрамына енетін Солтүстік Ирландия және тәуелсіз Ирландия Республикасы үшін толыққанды шекара түзіледі;
– Жанармай жеткізуде мәселелер пайда болады;
– Дәрі-дәрмек жеткізу, инсулин, тұмауға қарсы вакциналар баяулайды;
– Еуропа үшін әуе және теміржол хабарламаларын жеткізуде кідіру болады;
– Кедендік тексеріс салдарынан британия айлақтарының жұмысы үш айға дейін бұзылады.
Sunday Times құжаттамада Британия Еуродақтан келісімсіз шығатын болса, «осындай ықтимал салдарлар» болуы мүмкін. Алайда бұл ең нашар салдар емесін алға тартады. Дегенмен Brexit дайындығына жауапты министр Майкл Гоув Twitter-де бұл Британияға ықпал етер «ең нашар» салдарлар екенін жазды. Гоув Борис Джонсон премьер-министр лауазымына сайланғаннан кейін елдің Еуродақтан шығуы бойынша бірқатар нақты жұмыс жасалғанын алға тартты.
Аптаның сәрсенбісінде Джонсон Германия канцлері Ангела Меркельмен кездеседі, ал бейсенбіде Франция президенті Эммануель Макронмен кездесу үшін Францияға барады.
Берлин мен Парижде өтетін кездесулер барысында Джонсон Британияның Еуродақтан шығуының жаңа шарттарына қол жеткізбек ниетте. Британ премьер-министрі не болса да елді Еуродақтан 31 қазанда шығаратынына уәде етті. Британияның шешім қабылдауына аз ғана уақыт қалды: соңғы дата – 31 қазан. Алайда Еуропа лидерлері Британиямен Brexit бойынша жаңа келіссөздерге бармайтынын бірнеше рет мәлімдеп үлгерді.
Сафина АҚТАЙ