А.Көлгінов: Мектептерге 200 мұғалім керек
А.Көлгінов: Мектептерге 200 мұғалім керек
5,198
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында 200 мұғалім жетіспейді. Бұл жайында «Білім және ғылым» тақырыбында өткен елорда педагогтарының жыл сайынғы Тамыз кеңесінде қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Қаламызда 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Мәселені шешу үшін 2018 жылы әкімдік оқытушыларды даярлауға байланысты университеттерге 100 грант бөлінді. Жалпы, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін біртіндеп қадам басуымыз керек. Қазіргі кезде жоғары сапалы оқытушылар құрамын дайындап жатырмыз. Ал 3-5 жылдан кейін өз жұмысымыздың нәтижесін көреміз.  Кадрлардың біліктілігін арттыруға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері «Астана» гуманитарлық колледжінің базасында үздіксіз «колледж-университет» білім беру жүйесі құрылды, - дейді Алтай Көлгінов.

Ол жылдан-жылға бала саны көбейіп жатқандықтан елордаға әлі де болса жаңа мектептердің қажетін айтты. Айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде елордадағы мектептер саны 1,5 есеге артты. Сонда да көбірек қажет. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанда 108 мектеп бар. Енді, қыркүйекте 185 мың оқушы білім алуға барады.Сонымен қатар, алдағы бес жылда қалада 40 білім беру нысанын, оның ішінде  жаңа мектептер салу жоспарлануда екен. Бұл мақсаттарға жеке инвестициялар белсенді тартылатын болады.

«Қазірдің өзінде жеке инвестициялар есебінен 11 мектеп салу жайлы келісімге келдік. Оған 30 миллиард теңге жұмсалады. Соның арқасында жаңа 12 мың орын пайда болады. Бүгінгі таңда қалада 17 мың орын жетіспейді», - дейді ол.