Nur Otan фракциясының жұмысы жаңа тәсілге сай қайта құрылады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі мәртебесінде фракцияның алғашқы отырысын өткізді.
Бұл туралы Мәжіліс төрағасы өз Твиттерінде хабарлады: «Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының алғашқы отырысын өткіздім. Әріптестермен бірге Елбасы тапсырмаларын орындау жоспарын белгіледік. Басты мақсат – жұмыста жаңа тәсіл енгізу, халық мәселелерін шешу, сайлауалды бағдарламаны орындау, соның ішінде, заңмен қамтамасыз ету» деп жазды фракция жетекшісі.
Осының алдында көшбасшы партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі фракцияның жетекшісі лауазымына палата спикері Н.Нығматулинді сайлауды ұсынған болатын.
– Бірінші кезекте, партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзіме зор сенім артқаны үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ осы лауазымға сайлағандарыңыз үшін фракциядағы барлық әріптесіме ризашылығымды білдіремін. Бұл – зор құрмет және үлкен жауапкершілік! – деді фракция жиынында Нұрлан Зайроллаұлы.
Нұротандық депутаттардың алдағы жұмысына тоқтала келе, ол фракция өз күш-жігерін, ең алдымен, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылауға жұмылдыратынын атап өтті.
Осы мақсатта фракцияға мүше депутаттар Үкімет өкілдерімен бірлесіп, тұғырнаманың әрбір нақты тармағы қалай орындалып жатқанына жете талдау жүргізеді. Шешілмеген мәселелерге екпін түсіре отырып, жұмыс нәтижелері фракция қатысуымен өтетін Үкімет отырысында баяндалмақ. Ондай жиынды өткізуді Н.Назарбаев ұсынғаны мәлім.
Н.Нығматулин парламентшілерді заң шығару бастамасын белсенді пайдалануға шақырды. Депутаттық заң жобаларды әзірлеу барысында партия жанындағы Қоғамдық саясат институты көмек көрсетеді.
Ал депутаттық сауалдарды дайындау кезінде, ең алдымен, сайлаушыларды толғандырған мәселелерге, сондай-ақ партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға басым көңіл бөлінеді.
Алдағы жұмыстың басты бағыттары қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту аталды. Бұл міндетті шешу үшін құқық қорғау жүйесінде жұмыс жасау тәжірибесі бар депутаттарды іске қосу жоспарланып отыр.
Елбасы экономикалық өсуді қамтамасыз ету міндетін қойғанын еске салған фракция жетекшісі экономика, әлеумет, бюджет, жастар саясаты, инновация секілді әрбір бағыт бойынша Үкіметпен тізе қоса жұмыс істейтін нақты депутаттарды бекітуді ұсынды.
Үкіметпен өзара іс-қимылды тілге тиек еткен Нұрлан Нығматулин жұмыстың тәсілдері мен форматы өзгеретінін мәлімдеді. Мысалы, «Үкімет сағаттарының» жаңа форматына сәйкес, министрлердің саладағы жалпы жағдайға қатысты емес, нақты мемлекеттік бағдарламаның орындалуы жайындағы баяндамасы тыңдалады. Осылайша, қандай мақсаттар қойылғаны және оларға қаншалықты қол жеткізілгені, іске аспағандары үшін кімнің жауап бергені, бағдарламаға шығындалған бюджет қаржыларының қаншалықты тиімді жұмсалғаны жөнінде егжей-тегжейлі әңгіме өрбуге тиіс.
– Нәтижесінде, бағдарламаны жүзеге асыруды жақсарту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар түзіледі. Қажет болған жағдайда қандай да бір лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі де қаралады. Министрдің барлығы біздің партия мүшелері, демек олар «Үкімет сағаты» аясында ғана емес, сонымен қатар Nur Otan фракциясының отырыстарында да есеп беруге тиіс, – деді Нұрлан Нығматулин.
Ол депутаттарға әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануға, сайлаушылармен тығыз байланыста болуға, заң шығарушылық жұмыстағы жаңалықтар туралы айтып, халықтың пікірін білуге және оны күнделікті жұмыста жаратуға шақырды.
Бұдан былай Nur Otan фракциясы мүшелерін депутаттық төсбелгімен бірге партиялық төсбелгіні де тағып жүргенінен тануға болады.