Биыл – Жастар жылы! Әркім өз бойындағы қабілетін көрсетіп, мерейін үстемдететін жыл. Әртүрлі жобалар ұйымдастырылып, әр өңірде үлкен шаралар өтуде. Бірақ бір әтеген-айы бар. Соны айтып өтсем деп едім.
«Нұр-Сұлтан қаласында елімізде ішкі туризмді дамытуға арналған жоба таныстырылды. Қазақстан — табиғаты ерекше көркем, әсем жерлерге бай ел. Бірақ көрікті орындардың көбін көпшілік біле бермейді. 7 бағыт бойынша ел аумағының рухани-мәдени мұрасымен танысу үшін Жастар керуені жолға шықты. Жаңа жоба аясында бұрын жиі айтылып, көрсетіле бермейтін жаңа бағыттарға жол түспек. Әр аймақтағы іс-шара 4 күнге жоспарланған. Жобаға еліміздің әр өңірінен 16 мен 29 жас аралығындағы белсенді, білімді жастар қатысады» деп аспанға бөркімізді аттық. Жақсы жоба, жастардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілігін оятатын, әрі туризмді дамыту үшін жасалған. Иә, дегенмен осы жерде «неге белсенді және білімді жастар ғана қатысады?» деген ой келді.
Осы бізге білімді, белсенді, дарынды деген атау неге керек? Әр адам өзінше талантты. Бізде дарынды деп мектепті беске оқығандарды, әншілерді, спортшыларды, суретшілер мен жазушыларды ғана айтамыз. Сонда басқалар дарынсыз ба?
Әр адам өзінше бір тұлға. Әр адамның бойында тұнған талант бар. «Жастар еліміздің болашағы» деп ұрандатамыз. Бірақ сол жастарды сортқа бөліп тастағандаймыз.
«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген қазақ. Әр саланың өз үздігі бар. Мейлі ол құрылысшы, ауылда жүрген жұмысшы болсын. Солардың арасынан үздіктерді іздеп, үлкен жобаларды осы жастардың арасында неге жүргізбеске?
Мектептерде де қазір өскелең ұрпақты екі топқа бөлу байқалады. Мысалы, биылғы жылы тоғызыншы сыныпты бітірген Әлия атты қызым емтихан тапсырды, үш сабақтан да бес алды. Бірақ күзде оныншы сыныпқа өту үшін тамыз айында тағы да сынақтан өту керек. Бұл мектеп қағидасы екен. Өйткені ол мектеп физика-математика бағытында сабақ өткізеді-мыс. Осының кесірінен тоғыз жыл бойы білім алғандардың көбі тәуекелге бармай мектепті тастап кетсе, кейбірі он бір бітіріп жоғары оқу орнына түсем деген арманын тәрк етіп, колледждерге кетуге мәжбүр.
Жастар дейміз, бірақ сол жастардың болашағына балтаны мектептен шабудамыз. Әр мұғалімнің мектепте белсенді, жақсы оқитын балаларға ынтасы ауып, көмек қолын ұсынғысы келіп тұрады. Ал нашар оқитын оқушы олар үшін дарынсыз. Олардың бойындағы қабілетті ашу немесе ынталандыру жұмыстары көбіне жүргізіле қоймайды.
Ойланып қарайықшы, бір сыныпта отыз оқушы бар. Оның біреуі әнші, екі-үшеуі сабақты беске оқиды. Бір-екеуі олимпиадаларда орын алып жүр. Қалғаны сонда дарынсыз ба?
Тағы да бір айтарым, жастар шығармашылығын көрсету, жас ақын-жазушыларды таныстыру мақсатында да жақсы жобалар қолға алынып, қомақты қаржы берілуде. Бұл да жақсы үрдіс. Шабыт береді, құлшынысты арттырады.
Дегенмен осындай үлкен жобаларды қолға алғанда басқаларды неге ұмытады. Мысалы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, малшы, сауыншы, дәрігер басқа да мамандық иелері арасында да осындай жарыс өткізіп, тиісті баға бермеске?! Және де қаржылай қолдау көрсетсек болар еді ғой.
Жыл сайын «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді. Бес номинация бойынша дарынды жастар бәсекеге түседі. Атап айтқанда, «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика».
Шабыт деген тек әнші мен қолға қалам ұстағанда ғана болады әрі олар дарынды екен-мыс.
Қазіргі таңда жастар деп 18 бен 35 жас аралығын айтамыз. Енді бірде 16 мен 45 дейміз. 16 мен 29 жас аралығы деген тағы бар. Мейлі 18-45 жас болсын. Бірақ солардың арасынан дарындыны іздегенде, тек шығармашылықпен айналысатындарды ғана емес, қара жұмыс істеп жүргендерді де қоссақ та болар еді. Өйткені олардың да өз жұмысына деген махаббаты бар, өз жұмысы ашып берген таланты бар. Оларда да шабыт бар. Осыны ұмытпасақ екен!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ