Қазір Алматы көшелерінен самокатқа мініп жүйткіп бара жатқан тұрғындарды жиі көресіз. Көлікпен кептелісте тұрғандардан гөрі солардың жолы жеңіл, шабысы жылдам сияқты. Қалай болғанда да қолайлы көлік түрі екені анық. Мұны аңғарған шаһар билігі осы жазда электр самокаттарын жалға беретін арнайы қалалық сервис ашқан.
OZIM SCOOTERS деп аталатын электр құралдарын жалға беретін сервис 300 электр самокатын ұсынып отыр. Олар үшін арнаулы 35 станса жұмыс істемек. Сервисті мобильді қосымша арқылы пайдалануға болады. Картаны қосып жіберіп, жақын маңда тұрған көлік құралын оп-оңай тауып аласыз. Сосын минутына 19 теңгеден төлейсіз де қалаған бағытыңызға қарай шапқылап кете барасыз. Биліктің айтуынша, бұл өзі – жайлы, қонымды, экологиялық тұрғыдан таза дүние.
– Әлемдік тәжірибеге зер салар болсақ, электрлі самокатпен жүру ұзақтығы – 5-7 минут. Көпшілік оны метро немесе автобус бекеттеріне дейін жетіп алғанға жиі қолданады. Самокатты Android және IOS қосымшалары арқылы банк картасымен төлеуге немесе «ОҢАЙ» картасы арқылы да төлем жасап пайдалануға да болады. Жыл соңына дейін біздің парк тағы 500 самокатпен толығады, – дейді ұйымдастырушы, DosCar компаниясының директоры Асылбек Есенов.
Қазір шаһарда 100 шақырымдық веложолдар салынған. Самокат иелері сол жолмен де зулай алады.
– Кикшеринг жүйесі үлкен қала үшін өте қолайлы саналады. Электр самокаттарын қысқамерзімді жалға беру жобасы әлемге әйгілі қалаларда кең қолданысқа ие. 2012 жылы бұл жобаны Сан-Франциско іске қосты. Кейін Берлин, Париж, Мадрид, Лос-Анджелес, Вашингтон, Сингапур, Ницца, Рим қалаларында электр самокаттар жүйесі түпкілікті жолға қойылып, халық оны белсенді түрде пайдаланады, – деп жазды қала әкімінің бұрынғы орынбасары Ерлан Әукенов.
Алматыдағы самокат құны – минутына 19 теңге. Бұғаттан шығаруға тағы 100 теңге төлейсіз. Салыстырмалы түрде самокатты жалға алу үшін Парижде минутына 420 теңге, Берлинде 80 теңге, ал Амстердамда 120 теңге төлейді екен. Алайда әкімдіктің бұл дерегі қалалықтар тарапынан қатты сынға ұшыраған. Париж бен Алматының экономикалық, қаржылық һәм әлеуметтік жағдайын әсте салыстыруға келмейді. Сондықтан Алматы үшін минутына 19 теңге төлеудің өзі қымбат дейді олар.
«30 минутқа 850 теңге төлеу қымбат әрі бұл ақылға сыймайды. Одан да жаңа самокат сатып ала салған тиімді сияқты» дейді Евгения Россова есімді желі қолданушысы.
Стансалардың болжамды орналасу аумақтарына байланысты қала тұрғындары әлеуметтік желіде өз ұсыныстарын жолдаған.
«Негізгі ағын батыстан шығысқа қарай жүреді. Яғни, шағынаудандардан қала орталығына қарай. Өзге алыс аудандардан келушілер үшін неліктен станса қарастырылмаған?» деп жазады Ибрагим есімді қолданушы.
«Идея өте жақсы, бірақ неге Розыбакиевтің батыс бағытында станса жоқ? Негізгі жолаушылар ағыны Әшімов пен Момышұлы көшелерінен басталмай ма?» дейді Дәурен Асқаров.
Қазір шаһар бойынша 20 мыңдай велосипедші мен самокат тізгіндеуші бар. Нұрболат Құдайбергенов есімді қала тұрғыны 3 айдан бері самокатты өзіне біржола серік еткен.
– Самокаттың басты артықшылығы – барар жеріңе кептеліссіз тез жетесің. Орталық көшелерде велосипедтерге арналған жолақтар жүруге өте қолайлы. Өкінішке орай, ондай көшелер аз. Мен көбіне автокөлік жолының ең шеткі қатарымен жүремін. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен жүруге де болады, бірақ олар тар және кісі көп жүретіндіктен қолайсыз, – дейді Нұрболат.
Оның айтуынша, стансалар тезірек салынса дұрыс болар еді. Өйткені қайда барсаң да, 15 келі самокатты өзіңмен бірге көтеріп жүру өте қолайсыз.
– Самокат қалдыратын тұрақтардың болмауы қолайсыздық тудырады. Велосипед жолақтары бар ең ыңғайлы көшелер – Абай даңғылы, Қонаев, Шевченко, Байтұрсынов, Мақатаев көшелері. Сондай-ақ жақын арада самокатымды сақтандырғым келеді, – дейді ол.
Шынында да, самокаттарға да сақтандыру керек-ақ. Себебі, солардың қатысуымен қала ішінде түрлі жол-көлік оқиғалары да жиі бола бастады.
•2018 жылы самокат иелері екі мәрте жол-көлік оқиғасына тап болған.
•Биыл самокат мінген ер адам жаяу жүргіншілер жолағында KIA Rio автокөлігімен соқтығысқан.
•Осы жазда автобус жүргізушісімен жаға жыртысып, артынша жеңіл көлік келіп соққан самокат иесі туралы видео желіде кеңінен таралып кетті. Төле би мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған оқиғадан самокат иесі қатты зардап шеккен.
•11 шілде күні самокат мінген ер адам таксиден түскен 19 жастағы қызды соғып өткен.
Дидар Марданов: Ал электр самокаттарының пайда болуы – мен үшін ерекше жаңалық болды. Бірақ 10 минут үшін 350-400 теңге төлеу жүйесі бәсекеге қабілетсіздікті байқатады, сондықтан адамдар мұны транспорттық мүддесі үшін емес, көңіл көтеру үшін мінетіндей. Жоба иелерінің де желілерді дамытып, сапаны жоғары деңгейде ұстап тұра алатыны күмән тудырады. Сонымен қатар скутерлердің тоналу және тозу коэффициенттерін де ескеру керек. Меніңше, әкімдік бұл транспортты дамыту үшін басқа форма ойластыруы қажет сияқты. Мәселен, азаматтардың скутер сатып алуын субсидиялау жүйесі. Бұл көлік құралының орташа бағасы – 160 мың теңге. Көтерме бағасы 120 мың болады. Өндірушіден алса 90 мың теңге шамасы. Мысалы, әкімдік тікелей өндірушіден (Xiaomi сапа әрі баға бойынша ең ыңғайлысы) 100 мың теңге бағаға 10 мың самокат сатып алса, сосын оны қалалықтар 0 пайыз мөлшермен, айына 8 500 теңгеден бөліп төлеу жүйесімен тұрғындарға сатса. Қала қандай мақсаттарға қол жеткізеді?
• Қоғамдық көлікті жеңілдетеді;
• Қаланың экологиялық жағдайын жақсартады;
• Такси құны төмендейді;
• Халықтың мобилділігін арттырады. Адамдар кафе, дүкенге жиі бара бастайды. Себебі, қалтасында артық ақша бар.
• Алға басқан қаланың имиджін көтереді. Қала бюджеті аз шығындалады.
Биыл наурыз айында 70 мың теңгеге самокат сатып алдым. Сол уақыттан бері таксиге жұмсайтын шығыным 50 мың теңгеге, ал айына 5000 теңгеге азайды. Уақытымды да ұтымды пайдалана бастадым. Көпшілік менің ұсынысыммен келіседі деп ойлаймын.
Осыған дейін Ішкі істер министрлігі электрлі самокат иелерін заңмен қадағалау туралы жария еткен. Мемлекет заңы бойынша самокаттар мопедтерге теңестірілген.
– Самокат мінгендерден жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Сондай-ақ самокаттың техникалық жағдайына да мән берілмейді. Осыған орай, шаралар ойластырамыз. Бұл ретте халықаралық тәжірибені жіті зерттеу керек, – деген еді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев.
Самокат иелерінің жол ережесін бұзуы Әкімшілік кодексі негізінде қарастырылып, тәртіп бұзғаны үшін олар 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал егер зардап шегушілер болса онда айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін өседі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 685-бабына сәйкес жоғарыда аталған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарау құзыреті Ішкі істер органдарына (полицияға) жүктелген. Алайда жол-көлік оқиғаларынан самокат иелерінің өздері де жиі зардап шегеді. Осыған орай, оларды сақтандыру қызметі де қоғамға қажет бола бастады. Қазір мұндай шаруамен «Аманат» сақтандыру компаниясы айналыса бастаған. Аталған компания «Жазатайым оқиғалардан сақтандыру» атты қызмет түрін де іске қосқан. Яғни, самокат кесірінен зардап шеккен клиенттің де шығынын өтеп беруге дайын.
– Кез келген адам мұзы тазаланбаған жолда тайып құлауы немесе кездейсоқ жарақат алуы мүмкін. Бұл күнделікті өмірде ұшырасып қалуымыз ықтимал қауіп-қатердің бір-екі мысалы ғана. Мұндай оқиғалар ұзақ уақыт бойы ем алуға мәжбүрлеп, қаржылық тұрақтылықтан айырады. Ал сақтандыру полисін сатып алған клиент біздің компаниядан өзіне тиесілі төлем алып, дәрі-дәрмекке, емделуге кететін шығынды өтей алады. «Жазатайым оқиғалардан сақтандыру» қызметін компания үшін қосымша шығын деуге келмейді. Себебі, бұл – біз ұсынатын басты өнімдердің бірі. Жан-жақты ойластырылған, клиенттің мүддесіне жұмыс істейтін, сондай-ақ сақтандыру компаниясының да мақсаттарын орындайтын сервис, – дейді компанияның PR-маманы Дінмұхамед Зиядин.
Маманның айтуынша, клиенттер «Жазатайым оқиғалардан сақтандыру» бойынша қандай да бір қатер түрін енгізуді немесе керісінше алып тастауға қатысты ұсыныстар жолдайды екен.
– Жаңа өнім сақтандыру полисін сатып алған адамның үшінші тарап алдындағы жауапкершілігін де, сондай-ақ оның денсаулығына келуі мүмкін залал шығындарын да қамтиды. Қазір Алматыда 20 000-дай велосипедші мен самокатшы бар. Яғни, бұл көлік иелерін сақтандыру жөніндегі өнімнің пайда болуы – осы саланың дамуындағы кезекті кезең. Ал велосипед-самокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары туралы статистика сақтандыру өнімі түріндегі қандай да бір шешім қажет екенін көрсетті. Біздің компания адамға деген қамқорлықты әрдайым басты орынға қояды. Мұндай өнім түріне қызығушылық танытып, хабарласатын азаматтарды көп деп айтуға келмес, бірақ бар және олардың саны артып келеді, – дейді маман.
DosCar компаниясының хабарлауынша, Алматы қаласы бойынша жалға беріліп отырған самокаттардың барлығы дерлік – Xiaomi моделі. Скутердегі әр батареяның қуаты 4 сағат үздіксіз жүруге жетеді. Яғни, шамамен 25-30 шақырымға дейін еркін заулай аласыз.
– Біздің баға саясатымыз тек Алматы қаласындағы тарифтерге негізделген. Скутерді жалдау бағасы Almaty Bike және таксимен салыстырғанда әлдеқай орташа бағаға саналады. Ал метро мәселесіне келер болсақ, онда ол жерасты бекеттеріне жақын тұстардан стансалар ашылады. Әзірге қаланың шет аудандары жағынан станса ашу жоспарланып отырған жоқ. Тек қала ішімен шектелеміз, – дейді DosCar компаниясының басшысы Асылбек Есенов.