Елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынғанда, тек алысты жақындататын жол құрылысы туралы айтылмай, жұмыссыздықпен күрес, баспанамен қамтамасыз ету, отандық кәсіпкерлерді қолдау сынды мәселелер де шешімін табатыны туралы айтылды. Осы жоба арқасында аталмыш мәселелер оң шешімін табуда.
Айта кету керек, 2015-2019 жылға дейін жоспарланған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатын болды. Бұл жобаның жемісі десек те болады. «Қарқынды жобаның мемлекетке түсірген кірісі мен елге тигізген пайдасы көп. Көлік инфрақұрылымы жақсарып, республикалық автомобиль жолдары, магистральдық теміржол желілері мен логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілеті арта түсті. Өткен жылы көлік қызметтері 4,6%, еңбек өнімділігі 3,4%-ға өсті. Тек республикалық қана емес, ауылды жерлерге де сапалы асфальт төселеді», – деген болатын наурыз айында өткен «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңін қорытындылаған Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.
Бағдарлама іске асқалы 8 мың шақырым асфальт төселіпті. Семей мен Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, 928 шақырым теміржол жөнделген. Қазіргі таңда бұл жолдардың игілігін халық көріп отыр. Сонымен қатар «Нұрлы жол» аясында су мен жылу да берілді. Наурыздағы есеп бойынша 3 259 шақырым жылу және су тарту желілері, сондай-ақ 24 қазандық салынып, тат басып, шіріп жатқан біраз құбыр жаңарған болатын. «Су тарту жұмыстары әлі де жүргізіледі. Енді алдағы 5 жылда қала халқы 100% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылады. Ауылды жерлерге таза ауызсу тарту жұмыстары жалғасады», – деді өз сөзінде Премьер-министр Асқар Мамин.
Жобаның орындалуы туралы айта келе, Асқар Мамин: «Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасының орны ерекше. Өткен жылдың өзінде ғана 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 54 мың жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бағдарламаны іске асыру елдің көлік әлеуетіне үлкен серпін берді. Өткен жылда транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд долларды құрады.
Миллиардтарға салынған жолдан миллиардтаған доллар пайда түсті. «Нұрлы жол» жолдан ғана емес, басқа да саладан мемлекетке кіріс әкеледі. Әуелдегі түп мақсат та осы: халыққа сапалы жол, сапалы инфрақұрылым тарту. Бағдарламаның бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Былтыр бөлінген 437,2 млрд теңге толық игерілді. Биыл бөлінетін қаржы бұдан 20% көп» – деді А. Мамин.
Осы бағдарлама аясындағы атқарылған көлемді жұмыстарға материалдар мен жабдықтар, сондай-ақ жылу мен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту, реконструкциялау және салу кезінде отандық тауар өндірушілерді тартудың қолға алынуы болатын. Олардың қатарында 25 тауар өндіруші, оның ішінде: 13 құбыр өнімдерін, 3 қазандық жабдықты, 6 ілмекті-реттегіш арматура, 1 сорғы жабдығын шығарушы зауыттар және 2 суды тазалау технологиясы бойынша зауыттар тартылған. Бұл сонымен қатар ағымдағы өндірістің ауқымын арттырып, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Әрі кәсіпкерлікке қолдау көрсету екені белгілі.
Нақтылап айтсақ елімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік нысандар жетіспеушілігінің азайғаны, көлік-логистикалық инфрақұрылымының дами түсуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының арқасында жолға қойылған ауқымды шаралардың тағы бір көрінісі.
Маусым айында өткен Үкімет отырысында Р.Скляр: «2020-2025 жылдарға арналған үш негізгі мемлекеттік бағдарламаны: «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және ИИДМБ әзірлеп, қабылдау қажет. Қазір барлық үш бағдарлама әзірленген, келісу сатысында», – деген болатын. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасымен республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды жөндеу және 7 мың шақырымға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, 12 мың шақырымда ақылы жол енгізіледі. Барлық жұмыстардың түрлері (жөндеу, құрылыс және қайта жаңарту) 30 мың шақырым жергілікті жолдарда жүргізіледі.
Осылайша, 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100%-ға дейін, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға дейін жеткізіледі.
«Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылы жергілікті автожол желісін жөндеуге және реконструкциялауға барлық қаржы көздерінен 150 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сан 200 млрд теңгеге дейін жеткізілді. 2025 жылға дейін бұл қаржы мөлшері сақталады. Сондықтан бұл бізге аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың 95%-ның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді министр. Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасында 10 әуежай, терминал, 16 жергілікті әуе же лісі аэродромдарын салу және қайта жөндеу, 3 мың шақырымға жуық магистралды теміржол желісін жаңғырту қарастырылады.
Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін 7 жыл ішінде арендалық баспана салуға және алуға 350 млрд теңге қарастырылған (жыл сайын 50 млрд теңгеден). Бұл 2025 жылға дейін жылына – 6 мың, жалпы саны 40 мың арендалық баспана салуға жол ашады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ