Қазақтың даналығы мен даралығына кім шек келтіре алады? Ол даналық пен даралық үлкеннің бойынан, кішінің ойынан табылып отырған. Үлкені ақыл айтса кішісі құлағына құйып, соған ұйып тірлік жасаған. Кішісі кемел шықса үлкені оны кішіге санамай, кісіге бағалап, айтқан сөзіне құлақ қойған. Тәйт демей, қатарына тартқан. «Бәрекелді балам, бүгін бала болғанмен ертең дана, елге пана боласың», – деген.
Кейде біз бұрынғы абыздарымыздың үлгісін айтып тамсанып жүреміз. Бұл – ақиқат. Себебі, олар дала даналары. Төрткүл дүниені болжады деген Нострадамустан бір де кем емес. Айтқандары тайға таңба басқандай тура келіп отырған. Қазір де сол ақиқатқа көз жеткізіп жүрміз. Оған бір мысал келірер болсақ:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тіл азардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады, – депті Майқы би. Осы сөздерде ақиқат жоқ деп кім айта алады? Осы ақиқатты күнде көретін болып жүрміз.
Иә, алда айтқанымыздай, халықтың арасында дана ой иелері әлі де бар. Бастау басы тұнық сөзді түсінетін жақсыларымызды тани алсақ ұлт рухы әлсіремес еді.
Қабырғалы елден қазыналы қарт шықпай қоймайды екен. Ондай тұғыры мықты тұлғалардың өзі де, сөзі де ұлт ұйытқысына айналуда. Тек бағалай алсақ, алақанға ұстап ардақтасақ, кәне!
Біз бұл ойды неге тереңнен тартып отырмыз? Өйткені таяуда Алатау баурайындағы Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылында тұратын ардагер ақсақал, көптен білгенмен, бұл жолғыдай кең отырып сырласа қоймаған Әріп аға Сыбанбаевпен пікірлескен соң айтып отырмыз.
Қазір ел ағасы, жұрт кісісіне айналған ақсақал балалық шағына тізгін тартқанда өзекті қарыған сұрапыл соғысты есіне түсірді. Соның кесірінен алты жасынан еңбекке тартылыпты. Қатарластарымен бірге өгіз жетектеп, ат соқа көлігінің шылбырын ұстаса, тұстас қыздар шабылған шөптен шөмеле салып, егін орғанда масақ теріпті. Ер азамат майданға кеткенде – елге қарауыл қариялар болыпты. Ауыр жүкті аналар мен бойжеткен қыздар атқарыпты. Қыс жылжып, жераяғы кеңейіп, күн жылына бастағаннан қара жұмыс өріс алып, қар бір жауғанға дейін жалғасыпты. Қыс бойы мал шаруашылығы бел жаздырмапты.
– Мынандай жағдайды да бастан өткердік қой, – дейді Әрағаң ой өткеліне қармақ салып. – Анам өте қарулы адам еді. Қарағай жығып, шөп шапқанда кейбір ерлерді жолда қалдырып кететін. Әлі есімде, көктемде тұқым себуге шығады. Сонда қалтасының түбіне жасырып кешке қарай бір уыс бидай алып келетін. Ол кезде заң қатал. Білсе жазаға кеседі. Жасырып әкелген бидайды табаға қуырып дастарханға шашады. Әлгі шашылған бидайды біз шөже тауықтай теріп жейміз. Оны анамыз бидай демейді, у деп қояды. Біреулер не тамақ жейсіңдер десе, біз у жейміз дейміз. Бастан сондайда ауырлықтар өткен. Кейін үлкендер бұлар у жеп өскен балалар дейтін.
Кейде сол бір қасіретті шақтар есіме түскенде, бүгінгі күнкөріске еш шәк келтірмеймін. Қайта желбуаз болып жүргендерге желікпеңдер, біз көргенді ендігі қазақ баласының басына бермесін дейтінім бар.
Әкем де қуатты кісі еді. Ол кезде астықты қаппен емес, дағармен таситын. Дағарыңыз кісі бойына таяу болатын. Оған қаптаған дән 130-140 килограмнан кем болмайтын. Соны әкем іркілмей ат пен өгіздің жон арқасына дік еткізіп қоя салатын. Е, ол заман да өтті, кетті. Әкем Сыбанбай Есбайұлы 73 жасында, арқалы ақын, ұлттың Хантәңіріне айналған Мұқағали Мақатаев айтқандай, кейінгі жылдары сұрау белгісі кейпіне келсе де, өмірдің қиындығына мойымай, жігерін жасытпай біздің қатарға қосылғанымызды көріп, көңілі марқайып, тәубесінен жаңылмай, сөзінен адаспай, қадір-қасиетін жоғалпай, өз биігінде қалған асыл анам Әуес Дәуренқызы 96 жасында өмірден озды.
Қазір ел ағасы, жұрт кісісіне айналған ақсақал балалық шағына тізгін тартқанда өзекті қарыған сұрапыл соғысты есіне түсірді. Соның кесірінен алты жасынан еңбекке тартылыпты. Қатарластарымен бірге өгіз жетектеп, ат соқа көлігінің шылбырын ұстаса, тұстас қыздар шабылған шөптен шөмеле салып, егін орғанда масақ теріпті. Ер азамат майданға кеткенде – елге қарауыл қариялар болыпты. Ауыр жүкті аналар мен бойжеткен қыздар атқарыпты. Қыс жылжып, жераяғы кеңейіп, күн жылына бастағаннан қара жұмыс өріс алып, қар бір жауғанға дейін жалғасыпты.
Осылай деген Әріп Сыбанбаев мектептен кейін еңбек жолын малшылықтан бастап, сүт зауытына арбамен сүт тасып жүріп көзге түседі. Қара жұмыстың қиындығына төзімділік танытқан ол, жоғары білім алуға да ұмтылады, қолы босай қалса, рухани дүниеге талпынады. Сөйтіп жүріп, өзінің сауаттылығымен де көзге түсе бастайды. Талаптыға нұр жаумай қойған ба, оның талабын түсінген жақсылар есеп-қисапқа жетіктігін ескеріп бөлімшенің бухгалтері қызметін сеніп тапсырады. Бұл баспалдақ жыл санап өсе береді. Бөлімше басқарады.
Ләтипадай қаршығадай қызды үйіне келін етіп түсіріп, ата-анасының қолын ұзартады. Өмірге тұңғыш сәбилері келеді. Ауыр күндер артта қалып, жақсы күндер шуақ шашқанда жоғары білім алмай қадамды кеңейту мүмкін еместігіне көзін жеткізеді. Оның үстіне өндірісті өрістету білімсіз болмайтынын түсінеді. Зерделі азамат сол замандағы іргелі оқу орындарының бірегейі, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына сырттай түсіп, еңбек пен білімді ұштастыра білудің нәтижесінде бес жылдан кейін білім ордасынан ғалым-зоотехник мамандығын алып шығады.
Еңбек тәжірибесі қарғадайынан қалыптасқан, оны жоғары біліммен сабақтастыра алған Әріп Сыбанбаевтың кызметтегі өсу баспалдағы енді биіктей береді. 1973 жылы оны жоғарыдағы басқарушы билік «Қарқара» ет-сүт совхозына бас зоотехник етіп жібереді. Мал шаруашылығының қыр-сырын жетік білетін жас маман бірден жұртшылыққа да, басшылыққа да ұнайды. Шаруашылық директоры Тұрсынбек Манаповпен тіл табысудың нәтижесінде совхоз жұмысы алға оза береді. Мал тұқымын асылдандыру да дұрыс жолға қойылады. Әсіресе атақты шопан, өз елімізге ғана емес, Бүкіл Одаққа танымал, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтай ардақты азаматтың сенімінен шығып, үлкен абыройға ие болады. Аудан, облыс көлеміне танылып, лауазымды басшылардың ілтипатына бөленеді. Ендігі жерде Әріп Сыбанқұлұлының еңбектегі жетістігін, білігін жеке шаруашылықты басқарту арқылы да тану алға шығып, 1977 жылы сол аудандағы «Алғабас» жылқы зауытына директорлық қызметке тағайындайды. Бұл жұмыста да өзінің іскерлігін көрсетіп, жақсы жағынан көзге түседі. Әсіресе жылқы тұқымын жақсарту жолындағы ғылыми ізденістері ғалымдардың назарына ілігеді.
1984 жылы облыс басшылығы бұрынғы Шелек ауданы, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Сөгеті» қой совхозына Әріп Сыбанбайұлын бас зоотехник қызметіне ауыстырады. Онда да үлкен жетістіктерге жетіп, жұрттың алғысына бөлінеді. Оның мал шаруашылығын жан-жақты білуі аталмыш совхоздың басшысы, республикаға танымал азамат Сағыныш Еспергеновпен қоян-қолтық жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді. Жастықтың ауылынан ағалық кезеңге өткен шақтағы елмен тіл табысу кезеңі осы уақытқа сәйкес келген еді. Қандай жұмыста да қарым-қабілетімен таныла отырып, ел бірлігін, ұрпақтың келешегіне жол ашу ісіне мән берген тірлігінен сол жылдары молынан хабардар болғанымызды айта кетуге тиістіміз.
90 жылдардың аласапыранында Әріп Сыбанқұлұлын өзінің кіндік қаны тамған, ауылы Кеген ауданындағы «Тоғызбұлақ» колхозының басқарма төрағасы қызметіне шақырады. Жабайы жекешелендіру белалғанда, ол мал мен жерді сақтап калуға қанша құлшынғанмен уақыт ағыны есе бермейді. Әркім өз тірлігімен кетуге талпынады. Бірақ оның аяғы ауыл күнкөрісінің қожырауына әкеліп соққаны мәлім. Ел мен жерін, ағайын-туысын тастап, қала жағалап кетуге дәті шыдамайды. Өзіне тиесілі мал мен жерді топтастыра келіп «Дархан-А» шаруа қожалығын құрып, соған жетекшілік етіп келеді. Қазір ол ата қонысының ұйытқысына, абыз ақсақалына, ақылшысына айналғаны ақиқат.
– Көп жұрт ауылды алтын бесік деп жатады. Бірақ сол алтын бесіктің жағдайы көңіл көншіте бермейді. Урбанизация деген бір аласапыран кез басталды да, ауылдың үлкен-кішісі қалаға ағылды. Соның салдарынан қаншама ауылдар қаңырап бос қалды. Қалаға барғандардың бәрінің жағдайы жақсарып кете қоймады. Пәтер жалдап, базар жағалап, арба сүйреп жүргендер де баршылық. Ауыл ғана емес, қаладағы бұрынғы дүркіреп тұрған өндіріс орындары да тұралап қалғаны белгілі.
Мен кейде қалаға барып шұбырып жүрген қазақ жастарын көргенде, іштей күйзелемін. Қалай десек те, ас та, киім де ауылды жерде өндірілмей ме? Балаларым білім қуып қалаға ертерек кетіп қалған еді. Мен аласапыран уақытта елде қалдым. Жеке қожалық құрдым. Қазір жасым сексенге келсе де сол қожалықтың тірлігімен жүрмін, – деген абзал азамат Алатаудың баурайындағы Жалаңаш ауылының жағдайын бес саусағындай баяндады. – Ауылды жерге әлі инвестор келе қойған жоқ. Сол инвестиция мен инвесторыңыз Нұр-Сұлтан мен Алматының төңірегінен ұзап, ауылға жетпей жатыр. Соның салдарынан ауылдағы мал, нақтылай түссем, жылқы мен қой, сиыр, ешкі өз төлі есебінен өсу жағы кемшін болып тұр. Өндірген өнімді өңдеу мәселесі де қадам аштырмайды. Бұл барыңды делдалдардың қағып кетуіне жол ашып жүр. Қаншама рет кооператив туралы заң аясында ірілендіру мәселесін көтеріп келеміз. Үш жылға өсімсіз несие беру арқылы МТС жасақтау жайын да алға тартамыз.Бірақ ол да шешімін табар емес. Ауылдағы техника ескірді. Жаңасына қол жеткізу қиынның қиыны болып тұр. Осындай қиын түйіндер ауыл урбанизациясын өршітпесе, азайтатын түрі жоқ. Әсіресе жастар қалмай барады. Әр ауылда бос қалған үйлер ондап емес, елу-алпыстап саналады. Соның әсері шығар, аудандағы ғимараты еңселі орта мектептер бастауыш сыныптарға айналып бара жатыр. Тіпті бірте бірте ол сыныптар жабылып қала ма деген күмән-күдік маза берер емес. Мектеп жабылып, медицина қызметі тоқтаса, ауыл жойылмай қайтеді? Мәселен, аудандағы Жіңішке, Күрметі ауылдарында жиырма- отыз үй қалды. Төрт жылдық мектеп қалт-құлт етіп тұр. Мен мұны елдің жайын, жердің жайын жақсартамыз, жойылып бара жатқан ауылдарды қайтсек сақтап қаламыз деген ниетпен айтып отырмын. Кезінде жүздеген мың мал өсіріп, жүздеген мың гектер егін айдап ел дәулетін арттырған жұртты тарықтырмаған қасиетті жерімізді бос қалдырмасақ деген кәрі кеуденің үнін тиісті мекемелерге жеткізу үшін де осылай ой толғадым. Тыңдар құлақ, естір азамат табылар деген үмітім бар. Ел жайын сексенге келгенде бұлай толғамасам, кейінгі ұрпақ «аталарымыз түк айтпай кетіпті» деуі де мүмкін ғой. Мен мұны аталар сөзі, билер тәмсілі есіме түскен соң тілге тиек етіп отырмын. Осыдан да шығар, алтын бесік ауылдан ұзап кете алмай жүргенім, – дейді кешегі алыптардың сарқытындай, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғындай болып отырған айбарлы ақсақал.
Ауылдың тірегіне айналып отырған, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әріп Сыбанбайұлының байлам пайымы кімнің де болса жүрек қылын тербейді деп білеміз.
Ол сөз арасында аяулы ағасы Совет жайлы да ой қозғап, толқып еске алды. Сиыр тұқымын асылдандыру жөніндегі еңбегіне талдау жасап, соны кейбір пенделер қысастығының кесірінен аяғына шығара алмағанына өкініш білдіріп, дегенмен артында ізін басқан қызы Ләйла мен күйеу баласы Серікті, қызы Аида мен ұлдары Әсет, Есболатты ес тұтатынын, олардан өскен ұрпаққа тәубе келтіретінін алға тартты. Ал кенже інісі Сәкен Сыбанбайұлы Совет ағасының ғылымдығы жолын жалғап, экономика ғылымының докторы профессор атанып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанын мақтан етеді. Кенже інісінің кемел ғалым болғанын да алға тартады. Сол секілді тетелес өсіп, бір-біріне сүйеу болған інісі кезінде талай лауазымды қызмет атқарған, колхоз басқарған, өмірге жарқ етіп келіп, жалт етіп өте шыққан Мэлс Сыбанқұлұлын есіне түсіргенде қатты толқып, қимас кезендерді небір қызықты әңгімелердің арқауына айналдырды. Біздің бір байқағанымыз Әріп аға бала кезіндегі аталарымен, әкелерімен тұстас, аналарымен замандас жайсаң жандарды, өзіне қамқорлық жасаған басшыларды, ағаларын, қатар өскен құрбыларын, бүгінгі ел тізгінін ұстап отырған аудан, облыс жетекшілерін, білікті азаматтарды, ауыл жұртшылығын, қаулап өсіп келе жатқан жас өскін ұрпақты алдымен айтып, олардың болашағына сенім білдіріп отыратыны оның зерделілігін, үлкенге тән қасиетін көрсетіп тұрғаны сөзсіз.
– Біз Ләтипа екеуміз өмірге 9 перзент алып келген едік соның жетеуін қанаттандырдық, екеуі өмірден ерте озды. Үлкен қызымыз Жамилә – энергетика саласының маманы болса, Есенғали – құрылысшы, Сабира –экономист, Есжан – заңгер, Дархан – дәрігер, ғылым кандидаты, Фарида да, Жазира да – бәрі отбасылы. Күйеу балалар мен келіндерімнің де бойында ізет пен инабат молынан. Ол да тектіліктің бір белгісі шығар. Алла көп көрмесін, өсіп, өне берсін: он жеті немереміз, үш шөбереміз бар. Біздің қазіргі барымыз да, нарымыз да солар. Бұрын немеренің қылығы балдай деп жүрсек, шөбереміз одан да тәтті болып шықты. Біздің жолымыз қазір үшбұрыш болды десек, артық айтқандық емес. Жыл бойы қазақ елінің төрт бұрышын шарлап жүреміз. Құда-жекжат, ағайын-туыс бар. Астанаға барамыз, қыздарды көріп келейік деп, Алматыға соғамыз ұлдардың дидарына қарап, мейіріміміз қансын деп. Одан кейін ауылдағы алтын ордаға ат басын бұрамыз. Бұрын немерелеріміз жаздай қолымызда жүретін еді. Енді ауылдағы атасының шаңырағына шөберелер келе бастады. Осыған тәубе келтіреміз. Қазақта өркенің өссін, өрісің кеңісін деген бір аталы сөз бар еді. Біздің де өрісіміз кеңіді, қиын кездегі тауқымет келмеске кетті. Ұрпақтан бөлек арқа тұтар ағайын-туыс та бар. Қазақстанның төрт тұсында құда-жегжат бар. Өркенің өсу, өрістің кеңуі дегеніңіз осы шығар. Ләтипа екеуміз отбасын құрғанда дәл осындай биік белеске шығамыз дей қоймаған болармыз. Бүгінгі тірлікке дән ризамыз. Ең бастысы, азат қазақ еліне бүгін бірнеше отау тігіп, өз үлесімізді қоссақ, ол ертең үлкен үй боларына иманымыз кәміл. Отау үлкен үйге айналады деген қағида бабаларымыздан қалған қасиетті сөз ғой. Мен мұны 80-ге келген жасымның бір жемісі, Ләтипа екеуміздің жеңісіміз десем артықтық ете қоймас, – деп Әріп аға Сыбанбайұлы әңгіме түйініне нүкте қойды.
Ақиқатында, соғыс баласының осылай өсіп, өркендеп ел ағасына айналу бақыты кімді де болса қызықтырмай қоймасы анық. Мұндай өнеге иесі өзгеге де үлгі болары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Жазушылар одағының мүшесі