Ақтап алар судья табыла ма?
Ақтап алар судья табыла ма?
391
оқылды
Соңғы жылдары ақталып, қылмыстық ісі тоқтаған бақытты жандардың «бүлдірген тірлігі» алуан түрлі. Бір азаматтың есірт­кі сатқысы келгені дәлел­денбеген, басқа жағдайда мем­лекеттік ЖШС басшысы өңір­дегі бағаны тұрақтандыру үшін қантты белгіленген бағадан арзан сатқанын судья қылмыс деп танымаған. Немесе Оралда зейнетақы төлеу мекемесінде 10 мың теңгені қателесіп алып қойған қызметкер де ақталды. Ал жолаушысының кім екенін білмей тасыған М.Төлеушов есімді такси жүргізушісін полицейлер есірткі таратты деп айыптаған. Тіпті, сот 3 жылға бас бостандығынан айырған. Былтыр Жоғарғы сот оның қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып, ақтап шықты. Сандарды «ойнату». Ал енді айтқанымызды нақтыласақ. Былтыр 11 айда 230 азаматты ақтайтын үкім шыққан. Бұл аз ба, көп пе? Бас прокуратураның мәліметінше, 2017 жылы 26 492 іс қаралып, үкімі шыққан. Онда 39 істе 51 адамды ақтаған. Пайызға шақсақ, ақтау үкімі 0,1 пайызды құрайды. Ал 2020 жылы ауыр қылмыстарда ақтау үкімі 12 есе, аса ауыр қылмыстарда 6 есе көбейген. Өкінішке қарай, барлық қылмысқа қатысты шы­ғарылған үкімдердің арасында ақтау үкімі неше пайыз екені туралы мәлімет жоқ. Өйткені былтыр 230 адам ақталды де­геннің өзінде дәл сол уақытта судьялар 3,3 млн іс қарағанын ұмытпаған жөн. Яғни, нақты үлестік статистика болмай, қазіргі шынайы жағдайды бағамдау қиын. Оған қоса, адвокаттар жалпы ақтау статистикасында ауыр қылмыстардан гөрі жала жабу секілді жеңіл айыптардың үлесі көп, Жоғарғы сот бәрін қосып есептейді, сонда Қазақ­станда ақтау үкімінің саны артып шыға келеді дейді. Неге ақтамаймыз? Ал енді судьялардың күдіктіні ақтауға асықпауының себебі неде деген сауалға келсек.Әрине, басты фактордың бірі – сот жүйесінің ерекшелігі. Кеңестік үлгі сақ­талды. Тергеуші мен прокурор істі зерттеп, аяқталған күйде сот процесіне әкеледі. Яғни, судьяның істі тың көзбен қайта қарауға мүмкіндігі мен уақыты бола бермейді. Ал Батыс елдердің көпшілігінде (англосаксондық жүйеде) тергеудің негізгі бөлігі судьяның қатысуымен өтеді. Сәйкесінше, ол жақта ақтау үкімдерінің пайызы жоғары. Әрине, ешкімнің екі басы жоқ. Тергеуші де, прокурор да кінәсіз адамды сот залына сүйреп әкеле қоймас. Яғни, көпшілігі жазасын алады. Тек кейде азаматтардың істеген әрекетіне берілетін баға әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, жоғарыдағы мысал. Мемлекеттік ЖШС басшысы Жамбыл об­лысындағы нарықтағы қант ба­ғасын тұрақтандыру үшін оны төмен бағамен сатқан, ал құқық қорғау органдары оның шешімі бюджетке 14,5 млн шығын әкелді деп бағалаған. Мұндайда судья батылдық танытпаса, аш бәледен қаш бәле деп прокурордың сұ­раған жазасын беріп жіберуі әбден мүмкін. Өйткені ақтау үкі­мін шығарған жағдайда «судья күдіктіден пара алмады ма» деп оның өзінен күдіктене бастайтын кездер жиі болады екен. Судьяға да тыныштық керек. Ақтау үкімі шықты дегені – істі тіркеген, тергеген прокурор мен тергеуші қатты қателесті деген сөз. Прокурор да өзін ақтау үшін апелляцияға беріп, істі созып алуы ғажап емес. Сондықтан көп­теген судья осы у-шудан басын алып қашып, айыптау үкімін жиі шығара салады. Мәселен, ақтау үкімі шыққаны үшін Бас прокуратура 2017 жылы 13 қыз­меткерін жазалады. Прокурор осындай тізімге ілікпеу үшін істі тізеге басып жіберуі бек мүмкін. Кешегі тергеуші бүгін судья. Сондай-ақ мамандар отандық сот жүйесінде ақталушылар са­нының аз болуының тағы бір себебін судьяның кәсіби деңгейімен байланыстырады. Соңғы кезде судья атануға та­лап күшейді. Ал бұған дейін тер­геуші, прокурор, тіпті судья хатшысы да сот мантиясын кие беруші еді деген пікір бар. «О баста қызмет жолын тергеу мен айыптаудан бастаған адамның ертең қызметін ауыстырса да (судья атанған соң), оның айыптау логикасының өзгере қоюы ша­малы», – дейді адвокаттар. Ал тәжірибесіз судьялар көбіне прокурордың дәлеліне илана қояды екен. Түптеп келгенде, бұл да сот жүйесінің ерекшелігіне келіп тіреледі. Тағайындалған судья үнемі жоғары инстанцияға алаңдап отыратыны хақ. Өйткені облыстық сот басшысы аудандық судьялардың карьерасына тіке­лей ықпал ете алады. Ал Батыс елдердің көпшілігінде судьяны азаматтар сайлайды. Бұл жүйе судьяға ешкімнің тәуелді бол­мауына, тек азаматтардың сені­мінен шығатын әділ төреші атануы­на жағдай жасайды. Ауылы аралас, қойы қоралас болмауы міндет. Сондай-ақ сот этикасы да аса маңызды. Құқық қорғау органдарының қысымын көргісі келмеген судья кейде олармен жақсы қатынаста болғысы келеді. Сәйкесінше, олардың жиған дәлелдерінің аздығын көрсе де, күдіктіге жаза тағайындайды. Аймақтардағы судья, полицей, прокурорлардың кейде өзара той тойлайтын кез­дері кездеседі. Ал АҚШ-та судья этикасы қатаң бақыланады. Сот төрелігін шығаратын азамат адвокатпен кафеде шай ішсе, жарты бағасын өзі төлеуі міндетті. Ас үстінде жабылған істерді талқылауы мүмкін, алайда әлі жалғасып жатқан істер жайлы сөз қозғауына тыйым салынады. Судья мерекеде өзгелерден тіп­ті шоколадты тарту ретінде қа­былдай алмайды. Жалақың қанша, судья? Әрине, қалтасы тесік адамның кәсіби тұрғыда толық тәуелсіз болуы екіталай. Сондықтан, айталық АҚШ-та өңірлік су­дьяның (біздіңше аудандық) жалақысы жоғары, 12 мың доллар, федералды судья (біз­діңше облыстық) айына 17 300 доллар алады. Ал Қазақстанда аудандық судья 450-550 мың теңге алса (1000-1300 доллар), облыстық судьялардың айлық нәпақасы 700-800 мың теңге (1680-2000 доллар). Сөз жоқ, мұндай салыстыруларда теңгенің девальвациясы теріс ықпал етеді. Бастысы, судьялар да депутат Гүлжан Қарағұсова айтқан «Кімге қалай төленсе, ол солай жұмыс істейді» деген қауіпті принципке өтпесе болғаны. Негізгі тақырыпқа орал­сақ. Істі болған адамды ақтау – түп­­кі мақсат емес. Алай­да та­лай жан­ның қолдан құрас­тырыл­­ған қыл­мыстық істің құр­ба­ны бол­ғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ұрды, қинап мойындатты де­гендер қаншама? Олар да өзін ақтау үшін полицейлерге жала жабуы мүмкін. Қауіп төнгенде күдіктілер түрлі айлаға басады. Сондықтан күрделі істердің ақ-қарасын ашу оңай емес. Дегенмен Жоғарғы сот ақтаған азаматтардың ісіне қарасақ, погон­дылар талай адамды на­қақ­тан нақақ айыпты еткенін (әсіресе, есірткі саудасына қа­тысты) көреміз. Міне, осындай заңсыздықтардың алдын алу үшін де азаматтарда ақталу мүмкіндігі болу керек-ақ. Өзгелерде жағдай қандай? Ақтау үкімінің санына сот жүйе­сінің ерекшелігі қаншалықты ықпал ететініне көз жеткізу үшін шетелдік көрсеткішке көз жүгіртейік. Мәселен, Ресейде барлық үкімнің ішінде ақталу үкімінің үлесі 0,2 пайыз. Тәуелсіз құқық қорғаушылар мұны сын­ға алса, Ресейдің тергеу коми­тетінің басшысы мұны біздің сапалы жұмысымыздың нәти­жесі деп бағалайды. Сайып кел­генде аталған мәселеде судья­ның тәуел­сіздігі мен оны сайлау шешуші фактор ретінде қарастырылатын секілді. Айталық, Канадада ақтау үкімдерінің үлесі – 42 пайыз, Англияда – 19 пайыз, Швеция­да – 7,5 пайыз. Ал Үндістанда – 35 пайыз. Саяси жүйесі Ресейге ұқсас Беларусь пен Қытайда ақтау үкімдері 0,2 және 0,1 пайызды ғана құрайды. Күдіктіні ақтау – басты мақсат емес. Алайда әр адамда ақталуға мүмкіндік болуы керек және судья ол құқықты пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл – бағ­зы заманнан келе жатқан дәстүр. Ежелгі Мысырда да айып­талу­шы­ға ақталудың түрлі әдісі ұсы­нылған. Ал бұл күндері егер тер­геуші мен прокурордың жиған дәлелі, таққан айыбы шешуші фактор болып қала берсе, онда «әділ қазы», «сот төрелігі» сөз­дерінің мәні қалмайды.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА