Қазақстанның қоғамдық һәм саяси өмірінде өзінің маңызды орнын еншілеген Nur Otan партиясы жақында саяси кеңестің отырысын өткізіп, келешекке бағдар болар көптеген мәселені айқындады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешілуі қажет түйткілдерді тізбелеп өтіп, партия басшылығы мен мемлекет басшылығы атқаруы тиіс тапсырмаларды да ашып айтты. Осы орайда саясаттанушы Ерлан Саиров ағамызбен сөйлесіп, алдағы уақытта партия жұмысы қалай өрбуі керек деген мәселеге кеңінен тоқталған едік.
– Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында бірқатар маңызды мәселе айтылды. Сіздің көңіліңізге жаққан, ең тиімді тұстары деп қайсын айтар едіңіз? Ұсыныстарыңыз қандай?
– Билеуші партияның трансформация жасауы өте қажет. Өйткені Қазақстанның қоғамы және қоғамдық қатынастар өзгеріп кетті. Осы орайда бас партия бүгінгі күн тәртібіне сәйкес екенін, халықтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өтей алатынын көрсету керек. Сол себепті, саяси кеңестің күн тәртібі – қоғамның қажеттіліктеріне сай болу стратегиясы деп айтуға болады. Сондықтан партияның өз ұстанымы мен бағытын қайта қарауы – заңды құбылыс. Билеуші партияның алдында әрқашан екі мақсат тұрады. Біріншісі – халықтың әл-ауқатын арттырып отыру, екіншісі – халықтың әлеуметтік-психологиялық ауа райына сәйкес келу. Бұл – өте қиын. Бұл ретте Nur Otan партиясының алдында аса ауқымды жұмыс тұр деп айта аламыз. Саяси кеңес отырысында біраз өзгерістер жайлы айтылды. Соның өзектілерінің бірі – парламенттік фракция жұмысын жетілдіру. Фракцияның жұмысы жан-жақты болуы керек, сонымен бірге, әлеуметтік, экономикалық саладағы әртүрлі министрліктер жауапкершілігі де әрдайым партия бақылауында болғаны дұрыс. Себебі, қазір халықтың әлеуметтік мәселелері өте күрделі болып отыр. Сонымен қатар аймақтарда, оның ішінде өңірлік мәслихаттарда партия жұмысын сапалы ете түсу – аса маңызды. Мәслихаттың көбінде Nur Otan мүшелері отырса да, сол мәслихаттардың жергілікті әкімнің ыңғайына жығылып кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Әкімнен басқа жергілікті жерде қоғам бар, азаматтар бар, әртүрлі түйткілдер бар. Сондықтан аймақтық фракциялар өз жұмыстарын қайта қарауы керек. Сондай-ақ Nur Otan – номенклатураның, яғни министрлер мен әкімдердің партиясы деген стереотип бар. Соны бұзып, партия халыққа жақындай түсуі керек. Бұл ретте партияға тың күштер тартып, оның ішінде әлеуметтік желіні де өз ыңғайына қарай пайдалану өте маңызды дер едім. Сол кезде барып партияның бет-әлпеті өзгереді.
– Партияға халық тарапынан түрлі сыни пікірлер де айтылады ғой. Соңғы уақытта елімізде біраз жағдайлар да болды. Сондай кезде партия қандай ұстанымда болып, қандай көзқарас танытуы керек? Жедел түрде пікір білдіріп, мәселеге тікелей араласуы керек пе?
– Әрине. Мәселен, Атырау, Қарағанды облыстарында түрлі әлеуметтік жағдайлар болды. Сондай мәселелер туындаған кезде партия белсенді түрде өз көзқарасын жариялап отыруы керек. Сол жерге барып, ұжымдағы мәселені терең зерделеп, тезірек шешімін табуына атсалысуы қажет. Партияның қолында ресурс көп. Соны тиімді пайдалануы керек. Сосын болашақта Қазақстанның қай жерінде қандай әлеуметтік қиындықтар туындауы мүмкін. Соларды алдын ала зерттеп, шешу жолдарын қарастырып қойғаны жөн. Халықпен тығыз араласуы керек. Сонда ғана ол келешекке болжам жасай алады, болуы мүмкін проблемалармен уақытынан бұрын күресе алады. Сондай кезде халықтың да партияға деген сенімі артады. Түптеп келгенде «Барлығы адам және адамның игілігі үшін» деген ұстанымды қолға алуы керек.
– Бұдан былай мәжілісте де, мәслихатта да партиялық тізіммен сайлау болатыны айтылды. Яғни, пропорционалды жүйе бойынша. Бұл ретте партия аталған жүйенің әлемде кең таралған жүйе екенін айтады. Осыған қатысты не айтасыз?
– Негізінде еліміздегі қоғамдық жүйеге бірқатар реформа жасау керек. Менің ойымша, пропорционалды жүйемен қатар мажоритарлы жүйені қалдыруды да қарастыру керек сияқты. Бұл турасында халық арасында әлі дискуссия жасаған жөн секілді. Қажет болса аралас жүйе бойынша депутаттар сайлауды да ойластыру керек шығар. Енді ол – болашақтың шаруасы. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де бұл мәселе қарастырылады деп ойлаймын.
– Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл қызметті бұған дейін де атқарған. Ендігі кезекте партия өмірінде қандай жаңалық болуы мүмкін және өзіңіз не күтесіз?
– Бауыржан Байбек – өте жақсы менеджер. Алматыда әкім болған кезде де халық үшін тиімді шаруаларды жүзеге асырды. Халық пен билік арасын жақындату жолында көп жұмыс істеді. Менің ойымша, бүгінгі таңда еліміз үшін өзгерістердің керек екенін партияның менеджменті жақсы түсінеді. Ендігі сұрақ – сол өзгерістерді қалай енгізу керек? Мемлекеттің мүддесі мен ұлттық мүддені қалай сәйкестендіру керек? Сонымен бірге, еліміздегі қоғамдық процестерді қалай жүзеге асыру керек? Міне, осы үш сұраққа партия басшылығы жауап іздеп жатыр деп ойлаймын. Осы сауалдарға қалай жауап табылады, партияның келешектегі тағдыры соған байланысты. Nur Otan билік партиясы болып қалуға тырысатын болса онда халықтың қажеттілігін, халықтың діттеп отырған мақсаттарын орындаудың жолына түсу керек. Сондай-ақ мемлекеттің мүдделерін де девальвация жасауға болмайды. Ең бастысы – партияның басшылығы мен оның әрбір мүшесі офистік мінез-құлықтан арылып, халықтың ортасына барсын. Қазір ауылға ешкім бармайды. Әкім де, министр де. Осы қасаң қағиданы да бұзып-жарып елдің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, ауылдағы ағайынға көмек жасаудан бастаса деген тілек бар. Егер ауылдың әлеуметтік ауа райы шешілетін болса, онда жалпыхалықтық атмосфера да түзеле бастайды.
Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ