Тұрғындар саны 2 миллионға жуықтайтын, күнделікті 500 мыңға жуық адам кіріп-шығатын Алматы сияқты алып қаланың жүйелі тәртібін, даму бағытын қалыптастыру да оңайға түспейді.
Жаяу адамдар тіршілігі мен көлігі бар азаматтардың қозғалысын басқару үшін біраз бас қатыруға тура келеді. Қаланың бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек шаш етектен жиналған проблемалардың түйінін тарқатар біраз бастаманы қолға алған да еді.Алматы – еліміздегі ең ірі қала. Ол жердегі бизнес, қаржы құрылымы, экономикалық бастамалар, ақша айналымы, руханият, шығармашылық – бәрі, бәрі қайнап жатыр. Сондықтан Алматыдағы кез келген қателік пен артықшылық өзге өңірлерге ықпалын да тигізеді. Бауыржан Қыдырғалиұлы 2015 жылы қызметке кіріскеннен бастап елеулі жобаларды қолға алды. Қалада веложолдар салу және оны дамыту – Байбек саясатының басты көзірі болатын. Бұл бастаманы оның алдындағы әкім Ахметжан Есімов те теріс көрмеген. Бұл тұрғыда Бауыржан Байбек өзіне дейінгі әкімнің ісін жалғастырды әрі жетілдірді деп айтуға толық негіз бар. Соңғы уақытта жалға берілетін велосипед және самокаттар жүйесінің қалыпта-суы – қала тұрғындарының қолайлы қозғалыс жасауына мүмкіндік беруде. Сондай-ақ бірқатар көшелер бір тарапты қозғалысқа ауысып, орталық көшелердегі жылдамдық – сағатына 40 шақырымға, ал әл-Фараби даңғылы, Саин көшесі, Шығыс айналма жолы бойындағы жылдамдық – 60 шақырымға дейін (2019 жылдың қаңтары) төмен түсірілді. Бұл қаладағы жол апатын азайтуға бағытталған мақсатты һәм берік қадам еді. Алматы қаласы әкімдігінің жаңа командасы әл-Фараби даңғылы бойындағы жылдамдықты қайтадан 80-ге көтерді. Іле-шала шағын және орта бизнеске кедергі келтіреді деген себеппен бірқатар веложолдарды қысқартатынын мәлімдеді. Қала урбанистикасына белсенді атсалысып жүрген мамандардың айтуынша, алып даңғыл бойында жоғары жылдамдықпен жүйтку – шаһарға төнген үлкен қатер болмақ.
– Әл-Фараби даңғылы бойында жылдамдық 60 шақырым болуы керек деп есептеймін. Өйткені ол даңғылды қаланың шет аймағы немесе айналма жол деуге келмейді. Ол жер – қаланың орталығы әрі жан-жағында тұрғын үй кешендері өте көп орналасқан. Көбіне адамдар жолдың үстін кесіп өтіп те жатады. Сондықтан көліктердің жоғары жылдамдықпен жүруі қауіпті құбылыс. 80 шақырым жағдайында жүргізушілердің көлігін тежеп үлгеруі өте қиынға соғады. 80 дегенмен де жылдамдықты 90, 100-ге дейін арттыруға болады. Сондықтан бұл қозғалысты тым жылдамдатып жібереді. Өз кезегінде қауіпті де күшейтеді, – дейді «Архкод» жобасының негізін салушы Әділ Әжиев.
Статистикаға сүйенсек, Алматы жол апаты кесірінен көз жұму фактісі бойынша көш басында тұр. 2017 жылы 114 адам ажал құшса, 2018 жылы бұл цифр 133-ке жеткен. Швеция бұл бағдарламаны сонау 90 жылдары қабылдаған екен. Жоба жемісін де берген. 20 жылда жолдағы адам өлімі 2 есе азайыпты. Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында жылдамдықты 80-ге көтерген соң адам өлімі 20 пайызға өсіп шыға келген. Осыдан кейін оны қайтадан 60-қа түсіру туралы шешім қабылданған. Vision zero жобасының да басты көзірі – жылдамдықты шектеу. Әрине, далиған кең көшеде жай жүру іш пыстырады. Бірақ адам өлімі трагедиясының жанында жай жүру – түк те бас ауыртар дүние емес. Жол апаты кесірінен 2018 жылы қала әкімдігі 101 млрд теңге жоғалтқан. Жалпы, былтыр жол-көлік оқиғаларынан 133 адам қаза тауып, 5000-нан астам адам жарақат алыпты. Дегенмен 2016 жылдан бері жүргізілген жұмыс арқасында жол-көлік оқиғасынан көз жұматын балалар мен жасөспірімдер саны 12-ден 8-ге азайған. Осыған орай, қалада жаяу жүргіншілер өткелдері жерасты арқылы жүзеге асырылып, бағдаршамдар жаяу жүргіншілердің қалауы бойынша жану жүйесіне көшірілді. Vision zero, әсіресе, жол апаты ең көп болатын –
• Төле би – Өтеген батыр;
• Төле би – Момышұлы;
• Райымбек – Емцов;
• Төле би – Тілендиев;
• Абай – Сейфуллин көшелерінің қиылысында қолға алынған.
Әзірге Алматының жаңа әкімі осынау өміршең жобаларды жалғастыруға байланысты позициясын әлі жария еткен жоқ. Ал сарапшылардың айтуынша, алып даңғыл бойындағы жылдамдықты қайта көтеру – дәл осы Vision zero жобасына қарама-қайшы келмек.
– Дененің кинетикалық энергиясы жылдамдыққа тікелей тәуелді. Сондықтан бірдей салмақ, бірақ сағатына әрбір 20 шақырым сайын жылдамдық жағдайында кинетикалық энергия екі еселенеді. Бұл – физиканың заңы. Оны аттап өте алмайсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше сағатына 80 шақырыммен жүрген кездегі жол апаты ықтималдылығы 60-пен жүрген кездегіге қарағанда 17 есеге жоғары болмақ, – дейді архитектор Давит Камински.
Аталған мәселеге орай қазір Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Бауыржан Байбек те ресми пікір білдірген.
– Менің Twitter, Instagram желілерінде парақшаларым бар. Facebook желісін де оқып отырамын. Кез келген мәселенің екі қыры болады. Түрлі пікір айтылады. Оның үстіне ол мәселе адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты болса. Қазір Алматы жол апаты көрсеткіші бойынша тек елде ғана емес, әлемде көш бастап тұр. Бұл статистика тек қаланың ғана емес, Қазақстанның да беделіне нұқсан келтіреді. Жылдамдықты азайту – жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған алты негізгі бағыттың бірі. Әрбір шешімді қабылдаған кезде әлемдік тәжірибені, заманауи үрдістерді ескереміз және Алматыға тың жаңалықтарды енгіздік. Қауіпсіздік – «Алматы – 2020» бағдарламасының басты бағыты. Біз сондай-ақ әлемнің 30-дан астам қаласы қолданып отырған Vision zero жобасын да енгіздік. Партия басшылығына келгеніме екі айдай уақыт болды. Қазір қаланы әріптесім Бақытжан Сағынтаев басқарады. Шешімді сол қабылдайды. Сонымен қатар қоғамдық кеңес пен мәслихат бар. Сондықтан бұл мәселеде менің қандай да бір кеңесім қажет емес, – дейді бұрынғы әкім.
Соңғы 3-4 жыл ішінде жүзеге асқан, әрі қала инфрақұрылымы үшін өз тиімділігін дәлелдеген жобалар ретінде –
• Қала орталығында ақылы автотұрақтардың ашылуын;
• Жүрісі шабандаған трамвай қызметінің тоқтауын;
• Заманауи LRT жобасының басталуын;
• Автобустарға арналған арнайы жолақтың салынуын;
• 2016 жылдан бастап қоғамдық көлікте «Оңай» төлем жүйесінің енгізілуін;
• 2017 жылы барлық мекемелер қоршауларының алынып тасталуын;
• Панфилов көшесі сырт келбетінің өзгеріп, жаяу адамдарға лайықтап жасалуын;
• 2018 жылдан бастап Тимириязев және басқа да бірқатар көшелер бойында жылдам автобус желісінің (BRT) іске қосылуын атап айтсақ болады.
BRT енгізілген соң жолаушылар ағыны 40 пайызға ұлғайып, қоғамдық көліктер күніне 100 мыңнан 142 мыңға дейін адамдар тасымалдай бастаған.
– Қала көшелерінде автобустарға арналған арнайы жолақтардың пайда болуы құптарлық жағдай. Егер арнайы жолақ болмаса онда қоғамдық көліктердің қозғалуы тіпті қиындап кетер еді. Жеке көліктер орын бермейді. Қазірдің өзінде асығып, автобус жолағына түсіп кетіп жатқан көліктерді жиі байқаймыз. Сондықтан маңызды көшелер бойында автобустарға арнап бөлек жол салып, олардың жылдам әрі қауіпсіз жүруін әкімдік дер кезінде қамтамасыз етті. Әсіресе, бұл ретте Тимириязев көшесін айрықша атап өтуге болады. Онда көліктер аялдамалардың артқы тұсынан айналып өтеді. Ал автобустар болса ортадағы екі жолақты толыққанды еншілейді. Бұл өте табысты реформа болды. Бізде әкімдердің арасында өзара түсіністіктің болмауы қынжылтады. Егер жаңа әкім бұрынғы басшысының идеясы мен істерін жалғастырса, одан ары дамытып, жетілдіре түссе қалаға орасан пайда келуші еді. Соның кесірінен тым жақсы басталған көптеген жобалар аяқсыз қалады. Мәселен, бұрынғы әкім мен оның командасы көшелерде жол апаттарын азайту бойынша өте ауқымды жұмыстар атқарған еді. Соның арқасында адам өлімі азайды, қауіп мөлшері әлдеқайда төмендеді, – дейді Әділ Әжиев.
Бұрынғы басшы қалыптастырған тағы бір жоба – қаланың велосипед пен самокаттарға лайықталуы. Қазір бұл жоба жемісін беріп те жатыр. Алайда урбанист Әнуар Жүсіповтың айтуынша, соңғы уақыттағы өзгерістер бұл жобаның тағдырын ауырлатуы ықтимал. Осы туралы белсенділер арнайы баспасөз жиынын да өткізген.
– Қазір велосипед пен электрлі самокаттың ауқымды аудиториясы бар. Тіпті сауда үйлерінде оларға арналған тұрақ та бар. Ал биыл аңғарғанымыз – қалыптасқан транспорт желісі сұранысты қанағаттандыруға, қажетті қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге қабілетсіз. Жаз бойы осыны айтып дабыл қақтық. Қала басшылығы популистік қадамға барып жатыр. Бұл өте қауіпті құбылыс. Біздің бүгінгі жиынымыздан кейін әкімдік атаққұмарларға емес, кәсіби білімді мамандарға құлақ түреді деп сенеміз, – дейді Әнуар.
Біздегі тілек – өмір сүру жүйесі тым күрделі алып шаһардағы жобалардың аяқсыз қалмауы. Бұл жүздеген, мыңдаған емес, миллиондаған адамдардың тіршілігі мен арман-мақсаттарына тікелей әсер ететінін білген жөн. Ал біз жаңа басшылықтың жұмысын шамамен жарты жылдан соң ғана бағалай бастаймыз.
Ақжігіт ҚАЗБЕК