Кеше Қазақстан Үкіметінде баспасөз конференциясы өткен болатын. Конференцияда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қойған міндеттерді талқыға салды.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдеріне Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев биыл 21 тамызда Nur Otan партиясының саяси кеңесінде қойған міндеттерді іске асыру шаралары туралы айтып берді.
Премьер-Министрдің орынбасары атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын іске асыру туралы баяндады. Бүгінгі таңда 340 мыңнан аса отбасы немесе 1,8 млн қазақстандық осы көмек түрімен қамтылған. АӘК алушылардың 58%-ы – ауыл тұрғындары. Республикалық бюджеттен төленген қаражат көлемі – 103 млрд теңге. Соның нәтижесінде 37 мың адам жұмысқа орналастырылды, 6 мыңға жуық адам өз ісін ашты. Мәселен, 88 мың ауыл тұрғыны мал, техника т.б. алу мүмкіндігіне ие болды.
«Жалпы, АӘК алатын отбасылардың материалдық жағдайы жақсарды. АӘК көлемі бір адамға шаққанда 6 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін артты. Егер бұрын бір отбасыға орта есеппен 30 мың теңге төленген болса, қазір – 86 мың теңге. Талдау мәліметтері бойынша, АӘК ел экономикасына 300 млрд теңге көлемінде мультипликативті әсер бер-ді», – деді Б. Сапарбаев.
Сонымен қатар Б.Сапарбаев АӘК тағайындауда көмектің шынымен мұқтаж адамдарға көрсетілуіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты. АӘК тағайындауда табысты бұрмалаудың көптеген фактілері анықталды – барлығы 70 мыңға жуық тағайындау қайта қарауды талап етеді. Бүгінгі таңда тұрақты мониторинг жүргізілуде. ЕХӘҚМ-де Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жұмыс істейді, оған зейнетақы қорына қаражат аударатын барлық жұмыс істейтін қазақстандықтар бойынша мәліметтер келіп түседі. Соның негізінде азаматтардың жалақысы мен оның отбасының табысы анықталады. АӘК жосықсыз алушылар бойынша жергілікті атқарушы органдармен олардың нақты табысын нақтылау бойынша жұмыстар жүргізеді.
«Біз мұқтаж адамдарды масылдардан ажыратуымыз керек. Егер біз осы көмекті пайдаланып, масылдыққа бой ұрсақ, біздің болашағымыз не болады, балаларымызға қандай тәрбие береміз, біздің еліміз қалай дамиды? Сондықтан бұл мәселеде қателікке жол жоқ. Дені сау, еңбекке қабілетті адамдар жұмыс істеуі керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған», – деді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат таратумен күресу және оны заңнамалық тұрғыдан реттеу туралы айтып берді. «Елбасының алаңдаушылығын бірінші кезекте, азаматтардың ары мен абыройына зиянын тигізетін жалған ақпаратты тарататын аноним ақпарат көздерінің, фейк аккаунттар мен парақшалардың көптеп пайда болып жатқаны тудырып отыр, – деді Д.Абаев. – Өз сөзінде Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдаланумен орын алатын осындай жағдайлар туралы айтты».
Министрдің айтуынша, бүгінде фейк жаңалықтармен күресу шараларын түрлі мемлекеттердің үкіметі де, әлеуметтік желілердің әкімшілері де жүргізуде.
Ең қызығы, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында айтылған Елбасы тапсырмаларына орай өткізілген баспасөз мәслихатына жиылған спикерлер партия төсбелгісінсіз келіпті. Неге?