Нұр-Сұлтан қаласында бүгінгі күні проблемалы 51 үлескерлік құрылыс нысаны бар. Негізгі түйткіл – құрылыс жұмыстары мерзімінің сақталмауы, пәтер құжаттарының жоқтығы, екі-үш қайтара сатылуы, құрылыс сапасының, инженерлік тораптардың тиісінше тартылмағандығы, материалдардың қолды болуы, тұрғындардың күнделікті тұрмысында қажетті паркинг, балалар алаңы және спорт алаңқайларының ескерілмеуі болып келеді.
Үлескерлердің жанайқайына құлақ түрген қала әкімі Алтай Көлгінов бір жарым ай ішінде олардың бәрін аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып шықты. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ведомстволық бақылауына алынған 51 түйткілді нысанда 15 мыңға тарта үлескер бар. 22 нысанның (4 156 үлескер) жұмыс жоспары бекітіліп, үлескерлер жергілікті атқарушы биліктің көмегімен құрылысты өздері жалғастырып жатыр. Ал аса проблемалы 29 нысанның
(10 660 үлескер) құрылысын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС (ЕҚК) «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 40 млрд теңге қаржы аударатын болды.
Қазіргі күні әкімдік проблемалы үйлердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеумен және өзектілендірумен айналысып жатыр. Бұл жұмыстарға жеке инвесторлар тартылуда. BI Group, «Орда Инвест», «Базис А», «Элит Строй» сынды ірі құрылыс компанияларымен елордадағы «сақалды құрылыстарды» аяқтау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Тиімсіз нысандардың экономикалық ахуалын жақсарту үшін қосымша жер телімдері беріледі. «Жол картасы» әзірленіп, үлескерлердің мәселесін түбегейлі шешу үшін әр нысан бойынша іс-шаралар кешені белгіленді.
Алтай Көлгінов «Комсомольский» тұрғын үй кешенінде болғанда қаладағы барлық үлестік нысандарының құрылысын қарқындату жөнінде айтқан болатын. Аталған үй 2015 жылы проблемалы деп танылған. Оның үлескерлерінің саны 600 адамнан асады. Ал «Айсанам De Luxe» ТК-нің жобалық-сметалық құжаттамасын түзетуді қажет етеді. Бұл кешен 4 жыл бұрын проблемалы деп танылған, үлескерлердің саны 465 адамды құрайды.
Сондай-ақ 170 үлескері бар «Көктал-2» тұрғын үй кешені орталық жылуға қосылмаған. Үй пайдалануға берілмесе де, тұрғындар былтырдан бері тұрып келеді. Тұрғындар паркингтегі орындарды сатып алған, бірақ паркинг жобада қарастырылмаған болып шықты. «Жаңа Отан» нысаны 2015 жылы проблемалы деп танылса, мұндағы үлескерлер саны – 35 адам.
«Оберег» және «Берекет» тұрғын үй кешендерінің сыртқы инженерлік желілерге сараптама жасалмаған, құжаттарды жинау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Хазрет» тұрғын үйінде 64 үлескер бар. Жоба бойынша тұрғын үйде 500 пәтер орналасқан. Құрылыс жұмыстары әлі басталмаған, қазір үй құжаттары бойынша жұмыстар жүріп жатыр. «Алтын Раид» тұрғын үйінде бірнеше жылдан бері тұрғындар тұрып келеді, бірақ кешен ресми түрде пайдалануға берілмеген. Қазір үй құжаттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Проблемалы деп танылған «Мирный дом» үлестік тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау үшін 5 учаскедегі құрылыстарды бұзу қажет. Тұрғындардың жалпы саны 279 адамды құрайды. Үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. «Лея Уют» тұрғын үй кешенінде 44 үлескер бар. Үй тұрғындарының қатарына басқа тұрғын үйдің 20 үлескерін қосқан болатын. Пәтер саны – 110. «Талисман» тұрғын үй кешенінде 2017 жылдан бастап жұмыс жүргізілмеген. Жоба бойынша тұрғын үй 170 пәтерге есептелген. Тұрғындардың айтуынша, нысаннан трансформатор мен кабельдерді ұрлап кеткен. «Аниса-1» кешенінде 26 пәтер бірнеше адамға сатылған. Тұрғындар 2015 жылдан бері өз пәтерлерінде тұрады, алайда сол уақыттан бастап үй құжаттарын ала алмай жүр. Үлескерлердің айтуынша, оларда қазір екі негізгі проблема бар. Біріншісі – үйді пайдалануға беру, екіншісі – орталық жылу жүйесіне қосу.
«Алтын Бұлақ» тұрғын үй кешені 2017 жылы проблемалы деп танылған. 401 пәтерден тұратын үлескерлер саны – 385 адам. Пәтер иелерінің айтуынша, нысан аумағындағы мүлік үлкескерлерге өтпеген. Бірінші блоктың құжаттары бар, ал үйдің екінші блогының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
«Медина» тұрғын үй кешені құрылысы 2014 жылы басталған. Үлескерлердің жалпы саны – 500 адам, алайда олар екі тұрғын үй құрылыс кооперативтеріне (ТҚК) бөлініп кеткен.Үй әлі пайдалануға берілмегеніне қарамастан, тұрғындар өз пәтерлеріне көшіп алған.
«Зере-1» тұрғын үй кешені 2016 жылы проблемалы болып танылған. Үлескерлердің саны – 191 адам. Ал үйдегі пәтерлер саны – 176. Мұнда бір пәтерді екі, үш рет сату фактілері кездеседі. Тіпті бір пәтерге 4 адам үміткер болып тұрған пәтерлер де бар. Олардың барлығы бір пәтерге ақы төлеген.
«Мұнар-2» ТК нысанында 87 үлескер бар. Жобалық-сметалық құжаттама электронды түрде бар, инженерлік желілер үшін жобалық-сметалық құжаттама жоқ. Сонымен, үйді техникалық тексеріп, қаржылық тексеруден өткізіп, тұрғын үй кешенінің аумағына арналған гараждарды сатып алу қажет.
Қала әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, құрылысы 15 жылға созылып кеткен «Территория комфорта-1» ТК сырылып, орнына жаңа үй салынатын болады.
Айта кету керек бүгінде жосықсыз құрылыс салушы сегіз адам 8 жылдан 12 жылға дейін сотты болған. Олар пәтер иелеріне 1,2 млрд теңге қарыз. Бірақ осы қарызды айыпкерлерден қайтып өндіріп алудың механизмі жасалмаған. Қазіргі кезде ең өзектісі осы мәселе.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі проблемалы ұзаққа созылған құрылыстарды сырып тастауды жоспарлап отыр. Ол үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына өзгертулер енгізуге мүдделі. Проблемалық нысандарды аяқтау үшін «Бәйтерек девелопмент» АҚ әкімдіктің өкілетті ұйымдарына кредит береді.
Әділ БЕК