Әке әлемі
Әке әлемі
396
оқылды

Менің бұрынғы бала, қазіргі дана көңілімде Мақталы Алматыдан да, Ташкент, Мәскеуден де үлкен, қасиетті, тек қиял қанатына ғана сыятын жұмбақ әлем. Бұл жер – әкем Жолдасбек Сүлей­меновтің жастық жалыны, жүрек жылуы, қол­таң­басы қалған жер.

Жарық жұлдыз – темірқазығым

Әжемнiң баласы болып өскен­мін. Әкемдi аға, анамды жеңеше дедiм. Әжем Хадишаның маған деген сағынышын, аналық махаббатын ойласам, осы күнге дейін таңғаламын. Ол кiсi бүкiл әулеттiң алтын діңгегі еді. Әкем Жолдасбек пен көкем Мәуiздi, iнi-қарындастарымның барлы­ғын мектепке жетектеп емес, арқалап алып барған да осы кiсi. 1935 жылы «Жартытөбе» колхо­зында мектеп табалдырығын аттағанын Жолдекең мақтаныш сезіммен еске алып отыратын. Ал 1939 жылы атамыз Оспан Сүлей­менов Мырзашөл өңіріне, қазіргі Жетісай ауданына канал қазып, тың жерді игеруге, «ақ алтын» егуге аттаныпты. Ұлы Отан соғы­сы ауыл балаларын ерте есейтті. Тракторшылар дайын­дайтын курсты бітіріп, 1944 жылы, он алты жасында колхоздағы ең ескі трактордың рөліне отырады. Одан соң агроном, аға агроном, комсомол-жастар бригадасының бригадирі, ал 1958 жылы жаңадан шаңырақ көтерген Мақталы совхозының №4 бөлімшесіне басқарушысы болып тағайындал­ды. Екі жылдан соң совхоз дирек­торы.

Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің орда бұзған отыз бірінші көктемі еді...

...Өмірге келіп, қырқымнан шығар-шықпас күнімде әкем достарымен бірге келіп, әжемнен «көтерейінші» деп сұрап алыпты. Содан қуанышы қойнына сый­май, арғымағын қамшылай, ала­қандай Ленинабад ауылы­ның шаңын аспанға көтере, бір айна­ла шауыпты. Әжем де «Құлыным­ды құлатып алмаса, жарар еді» деп артынан жүгіріп, колхозды бір айналып шығыпты...

Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің жастық, жалын күндерінің ең үлкен қуанышы еді!..

Әжем менi бірінші сыныпқа арқалап апарғаны әлі есімде. Оған бүкіл ауыл куә. Тентектігім үшін әкемнiң жауырыныма бағыттаған қамшысына әжемнiң алақаны тосқауыл тұратын. «Сенiң-ақ бiр қағарың бар екен» деп, әкем одан соң маған шапа­ла­ғын да, қамшысын да «сыйла­май­тын» болды. Алақандай ғана ауылда менен асқан ерке, тентек бала жоқ еді. Тепсе темір үзер, өжеттігі өр, қайсарлығы жау тізе­сін дірілдетер, рухын шайқал­тар күштің иесі, біздің ауылдың жігіт­теріне тән еді. Бұл қасиет соғыстан кейінгі барлық жастар­дың бойына біткен асыл да ар­дақ­ты қасиет еді. Бұл – шыным.

Әкем өте қатал, сонымен қатар шексiз мейiрiмдi, әзіл-қалжыңы қатар жүретін кiсi-тін. Қатал дейтiнiм, бiздiң жалқау­лық­қа бой ұрып, жат қылық­тар­мен әуестенуiмiзге мүлдем жол бермедi. Бiздiң үйдiң маңында көлденең бiр талшық шөп жат­пай­тыны да, бақшамызда неше түрлі жемiс-жидектердің самсап тұратыны да сондықтан едi.

Журналист мамандығын қала­ғанымда әкем алғашқыда қарсы болды. Бiрақ «жоқ» деп бетi­мнен қақпады. Кәсiби жол­да­­мамды Жезқазған облыс­тық газетiне алғанымда, «Барып қайт, нағашыларыңның елi ғой», – деп шығарып салды. Сол жерде жүріп, үлкен өмiр мектебiнен өттiм. Ал, Киров аудандық газе­тiндегi бiр жарым жылдық өмiрiм әкемнiң көз алдында өрбiдi. Алғашқы күннен бастап фелье­тон, сын мақалаларым жария­ланды. Бiраз ағайындар үйге келiп, ризашылықтарын бiлдiрдi. Кейбір шаруашылық, мекеме басшылары аудандық партия комитетiне шағым жасап, ме­нiң сын мақала жазбауыма ты­йым да салдырмақшы болып­ты.

— Балам, менi райкомға шақырды. Екінші хатшы сенiң жазған сын мақалаларың туралы айтты. Бюро мүшелерінің кейбiрi солардың сөзiн сөйлеп, ауыздары қисайып қалыпты.

– Сiз не дедiңiз? – дедiм мен.

– Баламның жұмысына ара­ласпаймын деп жауап бердiм, – дедi әкем. – Жаз, тек шындықты жаз, дұрыстап жұмыс iстесiн!

Әкемнiң бұл сөзiне iштей қуанып қалдым.

Аудандық газетке «жарама­ған» кейбiр сын мақалаларым облыстық, республикалық басылымдардан пана тапты.

Алматыға жұмысқа ауысқа­нымда, кейбiр басшылар қуан­ғаннан той жасапты.

 

Мақталы – алтын бесігім

Әкемнiң бүкiл жастық шағы, ал менiң балалық, бал дәурен – гүл дәурен күндерiм Мақталы кеңшарымен тікелей байланыс­ты. Менiң санамда Мақталы – үлкен бiр әлем. Оның мақталы алқаптары ұшан-теңiз, қоршаған саябақ ағаштары ит тұмсығы өтпейтiн Американың Жунгли – ну ормандарынан, көгiлдiр көктемнен бастап, қоңыр күздiң соңғы күндерiне дейiн шомыла­тын каналы Амазонкадан, Ты­нық не Атлант мұхиттарынан бiрде-бiр кем емес-тi. Қазiр сол естелiктерiмнiң барлығы Мақ­та­лы тарихының бiр тамшысы – менiң өмiрбаяным. Әкей өмірден өтті. Оның көзін көрген­дер де азайып қалды. Бірақ сол кісінің ұлы екенімді естігендер ерекше ілтипатпен, мейірім шуағымен қарайды. Елге таны­мал журна­лист, жазушы болсам да, «Жол­декеңнің баласы» деп қа­был­дайды. Бұған әрине, мақтанамын.

Әлі есімде, менiң алғашқы мақалам аудандық «Коммунистiк еңбек» газетiне 8-сыныпта оқып жүргенiмде жарық көрдi. Ренжіп жүрмесін деп, бiрге оқитын қыз-жiгiттердiң аты-жөнiн түгел тiз­дім. Жақсылық Сырбеков, Сапархан Мұратов, Тұрысбек Мүтәлиев, Сапаралы,   Құттыгүл Сабырова, Роза Қабыланова... Күнiне 70-80 келiден мақта тере­тi­нiмiздi мақтана жаздым. Ерте­ңi­не мектеп директоры бар­лық сыныптастарымды қатар тұрғы­зып, атқарған жұмыстары­мыз­ды талдай бастады. Орташа есеп­пен әрқайсымыз күнiне 30 келi­ден мақта терiппiз. Кейбiр дос­тарым айына оншақты күндеп жұмысқа келмеген. Сондағы ұялғаным-ай!

Ойламаған жерден совхоз директоры Жолдасбек Сүлейме­нов келе қалмасы бар ма?

– Бұл батырлар не қылып тұр, мақта термей? - дедi әкем.

– Жолдеке, Бейсенбайдың аудандық газетке мақаласы шы­ғып­ты, соны талқылап жатыр­мыз, – дедi мектеп директоры әзілдеп.

– Сонда не дейдi?

– Күнiне 110-120 келiден мақта теремiз деп уәде беріпті, Жолдеке.

– А... онда оншақты күнде жоспарды орындайды екенбiз ғой, – дедi әкем.

Мен кiрерге тесiк таппадым. «Мақала жазып нем бар едi». Достарымда үн жоқ. Тiс жарып, ешқайсысы ренiш бiлдiрмедi. Бiрақ бiр бiлетiнiм, сол күннен бастап, бiздiң сыныптың оқушы­лары еңбек етуден алдына жан салмады.

Тоғызыншы сыныпты біті­рі­сі­­мен әкем мені: «Ақыры бара­тын жерің ғой, ертерек таныса бер. Сиқымбай көкеңмен Алма­ты­ға жолға дайындал» деді. Аста­на­да профессор Әбді Тұрсын­баев­тың үйіне тоқтадық. Әбекең КазГУ-де КПСС тарих кафедра­сы­ның меңгерушісі, үлкен ғалым еді. Мәриям жеңгеміз өте бауыр­ма­шыл, қолы ашық, анамыздай мейірімді жан болып шықты. Дастар­қанынан қонақ үзілмей­тін. Ал 1968 жылдың көктемінде мектеп бітіріп, Алматыға оқуға келдім. Таныс қала. Ой-шұқыры көзіме оттай басылды. Өмірге ерте икемдегені үшін әрине, әкеме рақмет!

Құжаттарымды журналистика факультетіне тапсырып қойған­мын. Емтиханға үш күн қалғанда ауыл­дан әкем келіп: «Балам, талан­тың болса, жерде қалмас­сың. Малдәрігерлік институтты бітіріп-ақ Шыңғыс Айтматов қан­дай жазушы-журналист. Ол­жас Сүлейменов те тау-кен инсти­тутын бітірген. Ал, жырақ­та, Дон жағалауында жатып-ақ Михаил Шолохов әлемді аузына қаратқан жоқ па? Қарапайым журналист болсаң, қарның ашып қалады. Менің ақылымды тыңда­саң, тарих факультетіне түс. Ең болмаса, партия қызметінде жүрерсің» деді. Төбемнен жай түскендей. Әкеге қарсы келу қайда?! Сөйтіп, құжаттарымды қайтарып алдым. Бұл әңгімені ешкімге айтқан жоқпын. Маза­сыз күндер басталды...

Әкем ауылға қайтысымен құжаттарымды қайтадан журна­лис­тика факультетіне тапсыр­дым. Оны үй-ішіне білдірмедім.

Әкем мені Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларына жиі алып баратын. Онысы ел араласын, жер көрсін дегені болса керек. Сондай кездердің бірінде, әкем демалыстан оралып, оны Мәскеу – Ташкент пойызынан күтіп алуға бардық. Пойыз 12 сағатқа кешікті. Теміржол вокзалында алаңдаумен жүрдік. Бір кезде пойыз келді-ау. Әкеммен бірге екі өзбек әйелі түсті. Оларды ешкім күтіп алған жоқ. Әлгі екеуі мазасыздана бастады. Сол кезде әкем оларды өз көлігімен жеткізіп тастайтынын айтты. Екі апайды мінгізіп, ескі Ташкенттің көшелерімен ұзақ жүрдік. 

Алғашқы емтихан күнгі әбігерге түскенім әлі есімде. Балалық та шығар, асығып жүріп төлқұжатымды пәтерде ұмытып кетіппін. Емтиханға кіргізбеді. Үйге барып, төлқұжатты алып келуге тура келді. Жүгіріп сыртқа шықтым. Көлік тоқтай қойсай­шы. Жұрттың бәрі таңертеңгі жұмысына асығып барады. Оның үстіне көлік дегенің де бірен- саран. Менің шыдамым жетпей жолдың арғы бетіне өттім. Бір кезде үш доңғалақты мотоцикл келіп, бағдаршамға тоқтады. Жүгіріп барып, артқы орынды­ғына отырып алдым.

– Ағатай, құжаттарымды үйде қалдырып кетіппін. Емтиханға кіргізбей жатыр. Кешігіп барам. Көмек­тесіңізші? – деймін орыс­шалап. Мотоцикл жүргізуші де жұмысқа асығып бара жатқанын айтып, көнбейді. «Түс, түс!». Екеу­міз кері бағытқа қарай зулап бара­мыз. «Бітті, енді келер жылға қал­дым. Әкеме не деймін? Ауыл­дағылардан да ұят» деген ой келді. Тіпті ұзап кеттік. Болар іс болды, мен де қайтпадым. Бір кезде жүргізуші аяп кетті ме, оңға бұрылып, мен айтқан мекенжайға қарай тартты. Пәтерге кіріп, төлқұжатымды алып шықтым. Мейірімді ағатай университет маңына әкеліп түсірді. Қуаны­шым қойныма сыймай тұр. Жақсы адам екен. Ақшамды да алған жоқ. Кетерінде бұрылып: «Мықты журналист бол!» деді. Мен уәде бердім.

...Оңтүстіктегі үш ауданды Өзбекстанға өткізіп жіберген кез. Мақталы совхозы Сырдария облы­сындағы ең озат шаруашы­лық­тардың бірі. Әкемнің дүркі­реп тұрған кезі. Жақында ғана Ленин орденімен марапатталған. Совхоздың жұмыстарымен танысуға Өзбекстан Компартия­сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ш.Рашидов келмекші екен. Аудан басшылары шала бүлінуде. Қадірлі қонақ біздің үйден түстенетін болыпты. Бірақ аяқ астынан дайындалған ас қа­зан-ошағымен дала қосына әке­тілді. Үйде тіске басатын ба­уыр­сақ та қалдырған жоқ. Біраздан соң сау етіп, мемлекет басшысы­ның қара «Чайкасы» нөкерлері­мен есіктің алдына келіп тоқта­ды. Мен далаға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, өзім күнде теледидар­дан көретін Шараф Рашидов ака көлігінен түсіп тұр. Айналасы тола адамдар. Қастары­на келіп амандастым. Барлығы аң-таң. Үйдің алдында менен басқа ешкім жоқ. Үлкен қонақ менің қолымды ұстап тұрып, атымды сұрады. Дауысы да жұмсақ, жүзі де мейірімді көрінді. Әкемнің үлкен тас жолдан оңға, үшінші бөлімшеге бұрылатын дала қосын­да күтіп жатқанын айттым. Олар көліктеріне мініп, солай қарай кетті. Кездесетін жер табан астынан өзгертілгендіктен жол бастаушы түсінбей қалыпты.

Әкем мені Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларына жиі алып баратын. Онысы ел араласын, жер көрсін дегені болса керек. Сон­дай кездердің бірінде, әкем демалыстан оралып, оны Мәскеу – Ташкент пойызынан күтіп алуға бардық. Пойыз 12 сағатқа кешікті. Теміржол вокзалында алаңдаумен жүрдік. Бір кезде пойыз келді-ау. Әкеммен бірге екі өзбек әйелі түсті. Оларды ешкім күтіп алған жоқ. Әлгі екеуі мазасыздана бастады. Сол кезде әкем оларды өз көлігімен жеткі­зіп тастайтынын айтты. Екі апай­ды мінгізіп, ескі Ташкенттің көше­лерімен ұзақ жүрдік. Жүр­гізу­ші көкем де сасқалақтап, жол ережесін бұзғаны сол еді МАИ тоқтатпасы бар ма? Әлгі әйелдің біреуінің сыртқа шыққаны сол еді гаишник сәлемдесіп, кешірім сұрады. Біз екі қонақты үлкен қорғанның алдына апарып түсірдік. Олар есіктің алдында паранже жамылған екі кемпірмен көрісіп, мәре-сәре болды. «Ада­сып кетпейсіңдер ме?» деді бізге. «Жоқ, қайтар жолды табамыз» деді жүргізуші. Сөйт­сек, әлгі апай Өзбек ССР Жоғар­ғы Кеңесі Президиумының төрайымы Ядгар Садыққызы ханым екен.

1966 жылғы 26 сәуірде Ташкентте, таңертеңгі сағат 5-тен 22 минут өткенде, күші 8 бал­дық қатты жер сілкінісі бол­ды. Неге екенін білмеймін, әкем мені сол күні Өзбекстанның астанасына алып барды. Қираған үйлер. Зілзала теңселткен халық. Тас көшелердің қақ ортасына тігілген палаткалар... Осы бір қай­ғылы көрініс есіме түскен сайын, әлі күнге дейін төбе ша­шым тік тұрады.

Бірақ зілзала түскен жеріне ауыр болғанымен, алып импе-
рия – Кеңес Одағы тауқыметті кө­­те­ріп алды. Әрбір Одақтас Рес­пуб­­ли­ка жабыла жұмылып, екі жыл­да жаңа қала салып берді. Со­ның айғағы зәулім үйлер бой түзе­ген Қазақстан даңғылы әлі күн­­ге дейін менмұндалап тұра­ды...

...Мына оқиғаның мен үшін шоқ­тығы биік. Өзбекстанға өт­кен, өзбек теледидарын көр­ген, күндіз-түні өзбек әуенін тыңда­ған кезең. Сол жылы Сырдария облы­сы мемлекетке «Ақ алтын» тап­сыру жоспарын орындай ал­май, 31 желтоқсанға дейін мақ­та тергеніміз әлі есімде. Қар­дың астында қалған-құтқан, шашыл­ған «ақ алтынды» жинап, әбігерге түстік. Мақталы совхозы облыста алғаш­қылардың бірі болып, жос­парын 161 пайызға орында­ған. Халықтың әбден қалжырағанын түсінген әкем мақталық алқап­тың жерін айдатып жібереді. Оны білген облыс, аудан басшы­ла­ры комиссия жібертіп, тексе­ру­­мен болады. «Жоспар артығы­мен орындалды. Алқапта теретін мақта қалған жоқ. Ендігі жылғы науқанға дайындалып жатыр­мыз» деп әкем ақталумен әлек. Тиісе­тін себептері де жоқ. Жос­пар артығымен орындалған. Сонда да болса, комиссия мүше­лері айдалған жерді қайта қазып, астында қалған қозапаяларды тексерумен болды. Ешқандай айғақ жоқ. Бірақ жоғары жақтың тап­сырмасы сол, тіміскілеу ке­рек. Әкем олардың бұл әреке­ті­не ерегісіп, егістік алқаптарды суа­рып жібереді. Сол кездерде, Мыр­­зашөл өңірінде халық би­лік­ке наразы болып, Қазақ­стан­ға қайта өту мәселесі қозғалып жатқан кез еді. Кейбір жандай­шап-намыссыздар халық ара­сын­да іріткі салып, «Өзбекстанда қаламыз. Жағдайы­мыз жақсы» деген арыз-шағымдар ұйымдас­ты­рып жүрді. Ол «науқанның» басы-қасындағылар облыс, кей­бір аудан басшыларының өздері еді. Олардың құйтырқы әрекетте­рін әкем жақсы білетін. Күнара облыстық партия комитетінде жиналыс. Жоспарды орындау, халықты жұмылдыру керек. Сон­дай күндердің бірінде, облыс­тағы жиналысқа әкем бармай орнына совхоз партия ұйымының хат­шы­сын жібереді. Жандайшаптар облыстың бірінші басшысына шағым түсіреді. «Біз міндеттемені орындай алмай жатқанда кейбір совхоз директорлары жоспарла­рын бітіргенін тойлап жатыр. Ол – Жолдасбек Сүлейменов» дейді. Облыстың бірінші хатшы­сы ашу­ға басады. Оны естіген әкем: «Олай болса, қызметтеріңді ала қо­йыңдар. Мен Қазақстанға көшемін!» деп өз еркімен жұмыс­тан кетуге арыз жазып береді. Облыс басшылары екіге бөлініп, жұмыстан босатқанмен көшуге рұқсат бермейді. Билік онсыз да дүрліккен халықтың Қазақстанға көшуінен қорқып, әкемді жібер­мей­ді. Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің «Қызыл импе­рия­ның» сұрқия саясатына, ала тақиялы ағайындардың астыр­тын отарлау саясатына ашық нара­зылығы, көрсеткен азамат­тық мінезі еді...

Осыдан бір жыл бұрын әкем демалыста жүргенде үйге суық киінген екі кісі келді. Түнімен қағаздарын ақтарды. Суреттерін іздеді. «Ертең әкеңмен хабарлас, бізге жалғыз түскен, документтік суреті керек» деді. Менің «не үшін?» деген сұрағыма: «Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсына­мыз» деп жауап берді. Сол кез­дер­де әкемнің үйде суреті де жоқ екен. Екі-үш күннен соң Кисло­во­дс­ктен әкем хабарласты. Жаңа­ғы әңгімені айттым. «Жоқ! Керегі жоқ» деді қысқа қайырып. Мен әлі күнге дейін олардың «үш» әріптің бе, әлде екі әріп «ЦК» адамдары ма екенін түсін­бе­дім. Кейін, жылдар өте ойлап қарасам, оларға Өзбек­стан­ның сөзін сөйлейтін, жергілікті тұр­ғын­­дарды тыныштандыратын се­німді адам керек екен ғой! Иә, әң­гіменің төркіні қайда жатыр?..

Бұл оқиғаны әкемнің қызмет­тес достары кейінге дейін: «Өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кеткен бірінші директор» деп әзілдеп жүрді...

Әкем жұмысты қайтадан, тө­мен­нен бастады. Алты ай Мақ­талы кәсіптік-техникалық учи­ли­­щенің директоры, одан соң жаңадан ұйымдасқан Узсельхоз­тех­ника бірлестігінің басқару­шы­сы. Табандай жеті жыл аудан шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз етті. Одан соң жаңа­дан шаңырақ көтерген Қоға­лы қаракөл-қой совхозына директор болып тағайындалды.

Бұл – әкем Жолдасбек Сү­лей­­­меновтің   қамал алған төр­тін­­ші мүшел жасы еді...

Жолдекеңнiң «Қызылқұм қа­зы­­насы» кiтабының жазылуы­на себепшi болған Жаппар Әбдәзi­мов. Ауылға келген сайын бiр топ жур­налист жолдастармен аудан­ға, райкомға соқпай, бiрден Қо­ға­лы қаракөл-қой совхозы­на өтiп кететiнбiз. Ол кезде газеттiң беде­лi, құдайға шүкiр, ханның өзi iз­деп келiп сәлем беретiндей еді ғой.

Республикалық «Қазақстан пионерi» («Ұлан») газетiнiң Бас редакторымын. Көкем академик, Мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанов ол кезде «Жас алаш» («Лениншiл жас») газе­тiнiң Бас редакторы-тын. Ауыл­ға барғанда қасымызда рес­пуб­ликалық газеттердiң Оңтүстiк өңiрiндегi меншiктi тiлшiлерi, сондай-ақ атақты фототiлшi Рахымбай Ханалы жүретін. Мұндай кезде әкем бір жасап қалады. Қоғалы совхозының шаруашылығын аралаймыз. «Ақ түйенің қарны жарылған» мереке басталады. Алматыға келген соң, Рахымбай Ханалының фоторе­портаждары бүкіл республикалық басылымдардың беттерінен орын алады. Қазақ радиосынан шопандар жайлы очерктер айлап үзбей беріледі. Сондағы шопан­дардың қуанышын айтсаңызшы! Олар жоспарларын қайта қарап, міндеттемелерін еселей түседі. Құмды ауылда ұлан-ғайыр той-думан бастала­ды. Бұл кез әкем Жолдасбек Сүлейменовтің бақ қонған, жұлдызды күндері екен. Бұл – алтын ғасырдың алтын дәурені еді!

Оңтүстік өңірге еңбегі сіңген, халық игілігіне бөленген қан­шама адам маған да көке атанды. Олар Социалистік Еңбек Ері, сол кездердегі ОҚО темір жолының бастығы Әуезхан Салықбаев, жазу­шы Садықбек Адамбеков, про­фессор Әбді Тұр­сынбаев көке­лерім еді. Әкем оларға ар­найы ертіп барып, шеге­лей таныстырғаны да әлі есімде. Солардың арасынан Оңтүстіктің алтын діңгегі атанған Әуезхан Салықбаевты көрген сайын қуанып қалам. Ол кісі де әкемнің жақсылығын айтып, көңілімді көкке жеткізіп тастай­ды. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы да.

Асыл әкемнiң дүниеден өткенiне отыз жылдай уақыт өтіпті. Жер басып жүрген адамға аз мезгіл емес. Мен әкемдi үнемi қасымда жүргендей, жеңiсiме қуанып, қолдап, демеп жүре­тіндей сезiнемiн. Өйткенi, ауылға барсам, әкемнiң көзiн көрген, тұз-дәмдес болған, үзеңгiлес жүрген жандарды көремiн. Олар да маған ерекше мейiрiм шуағы­мен қарайды, бауыр тартады. Ең бiр жақын туысындай, ерке ұлындай қарсы алады. «Жақсы әке нашар ұлға қырық жыл азық болады» деген осы шығар.

Өмiр жалғаса бередi. Әке өсиетiн тiршiлiкке арқау етiп, бiз келемiз. Жұмыр жердiң қай түк­пi­рiнде жүрсем де, қараңғыда жол сiлтеген жарық жұлдыз –Темiр­қазықтай қарсы алдымда сәу­ле шашып, әке бейнесi тұра­ды...

              

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
публицист, жазушы