Саяси кеңес отырысы өтті
Саяси кеңес отырысы өтті
290
оқылды

Апта сайын партияның орталық аппаратында жиын өтіп тұрмақ

Алматыда Nur Otan партиясы қалалық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев төрағалық жасады. Шараға қалалық саяси кеңес және депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Жақында ғана елордада партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партияның саяси кеңесінің отырысы өткен болатын. Ол жерде Елбасы партия жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар нақты міндеттерді атап, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламаны көпшілік назарына ұсынған еді. Ол бойынша партия белсенділерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, биліктің барлық деңгейінде партия жауапкершілігін арттыру және ақпараттық саясатты қайта қарай сияқты маңызды мәселелер көтерілген. Осыны негізге алған қалалық филиал біраз маңызды тапсырмалар бойынша кеңесу мақсатында бас қосты.

– Елбасы партия мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осы орайда партия қаламыздағы проблемалардың нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істесе діттеген мақсаттарға иек артамыз деп сенім білдіремін. Барша халықтың көңіл-күйіне баса мән беріп, қоғамда туындаған түйткілді мәселелерді реттеуге бағытталған шараларды бірге жүзеге асыратын боламыз, – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан кейін жарыссөзге шыққан Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев ауданда атқарылып жатқан ілкімді істер жайында баяндады.

– Партия төрағасы айтып өткендей аудандық партия филиалы әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен жұмыс істеуді күшейте түседі. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ауданда кең көлемде жұмыс жүргізілуде. Қалалық саяси кеңес бюросының тапсырмасына сәйкес аудандық бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен депутаттарымыз 10 отбасыны өз қамқорлықтарына алды. Ауданда тұрғын үй кезегіне тұрған 79 көпбалалы отбасының 20-сы «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында баспаналы болды. Ал көпбалалы отбасылардан шыққан 55 бала балабақшаларға орналастырылса, 143 озат оқушы шәкіртақы алып отыр. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында 1400 балаға көмек көрсетілді, – деді аудан әкімі.

Ортаға шығып, атқарылып жатқан келелі істерге тоқталған «АКҚЗ Group» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов жұмыссыздық мәселесіне баса назар аударды. Оның айтуынша, нарықта 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде белсенді бастауыш партия ұйымына айналған Алматы Көпір Құрылысы Зауыты құрамына 260 партия мүшесін біріктіріп отыр.

– Біз көбіне жастарға көңіл бөлеміз. Олар біздегі жұмысшылардың 40 пайызын құрайды. 3 жас маманымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген. Jas Otan жастар қанатымен жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу бойынша ортақ меморандум бар. Бастауыш партия ұйымы қоғамдық істермен белсенді айналысады, барлық бастамаларға үн қосады. Мәселен, соңғы Президент сайлауына біздің ұйымнан 1000-ға жуық адам қатысып, өз таңдауларын жасады, – деді ол.

Мекеме басшысының айтуынша, зауытта қоғамдық қабылдау қызметі қарастырылған. Ардагерлерге де көңіл бөліп, оларға жыл сайын материалдық және қаржылай қолдау көрсетеді. Ал көпбалалы отбасылардағы 30 балаға жазғы лагерь жолдамасы тарту етілген. Қазіргі таңда зауыт көпір құрылысына қажетті материалдармен отандық нарықтың 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Тіпті сырт елдерге де экспорттайды.

– Жұмыс істеймін деген адамға қашанда мүмкіндік көп. Жастар бос жүрмей тыңғылықты еңбекке араласуы керек. Қазір зауытымызда жұмыс қызу жүруде, түрлі инновациялық тетіктер іске қосылды. Сондықтан еңбек құмар адамдарды біздің зауытқа шақырамыз. Жұмыс орнын ұсынуға өз тарапымыздан дайынбыз. Электрик, дәнекерлеуші мамандар өте тапшы. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Қазірдің өзінде 75 адамға бос орын тұр. Сондықтан жастар масылдық психологиядан арылып, жұмысқа, еңбекке талпынуы керек, – деді Ахметжан Шардинов.

Ал әкім алдында сөз сөйлеген қалалық Jas Otan жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов қала жастарына қатысты өзекті мәселелерді тізбеледі. Ол жастарға арналған коворкинг орталығының іске қосылғанын, көпбалалы аналарға арналған «Іскер ана» жобасының бастау алғанын, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын белсене қолға алғанын, әлеуметтік маңызы зор «Қамқоршы» жобасының да басталғанын, сондай-ақ алматылық еріктілердің басын қосатын онлайн платформаның жүзеге аса бастағанын жариялады.

Мәслихат депутаты Әміржан Нәбиев ел игілігі үшін атқарылып жатқан бірқатар істерге шолу жасап, соның ең маңыздыларын жіктеп айтты.

– Депутаттар әрдайым халықпен кері байланыс жасауы керек. жыл басынан бері 134 рет партияның қоғамдық қабылдауы жұмыс істеп, 725 азаматтың мұң-мұқтажы тыңдалған. Оның ішінде 311 мәселе оң шешімін тапқан. Біз қайырымдылық шараларына да белсене араласамыз. Бұл ретте біздің басты нысанамызда – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар болады. Әр депутат партия бастамасына үн қосып, көпбалалы аз қамтылған отбасыларды патронаттыққа алды, – деді мәслихат депутаты. 

Жиын соңында Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмаларын орындау үшін партияның қалалық филиалы мен әрбір мүшесі, әрбір бастауыш партия ұйымдары ерінбей еңбек етуі керек екенін жеткізді. Сонымен қатар апта сайын партияның орталық аппаратында жиын өткізіп, күн тәртібіндегі басты мәселелерді талқыға салып, шешім шығарып тұратынын да айтты.