Басқаруға білікті, адал менеджерлерді қою керек – дәрігер
Басқаруға білікті, адал менеджерлерді қою керек – дәрігер
Фото: автордан
227
оқылды
–Шетелдік мамандар COVID-19 індетінің екінші толқыны әлем елдеріндегі жағдайды күрделендіре түсуі мүмкін екенін айтып жатыр. Бұған не дейсіз? –Елімізде карантин шараларын енгізу оқшауланудың әлі де маңызды екенін дәлелдейді. Сондықтан сақтық шараларын ұстаныңыздар, бұған бейжай қарауға болмайды. Мүмкіндігінше жанұялық мерекелер, т.б. шараларды уақытша тоқтата тұрыңыздар. Осы арқылы біз егде тартқан адамдардың, яғни қауіп тобындағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға әсер ете аламыз. Жеке гигиеналық талаптарды орындау арқылы кез келген аурудың алдын алуға болады. Бұл қазір әр азаматтың өмір сүру салтының бір бөлігіне айналды.
Иммунитетті көтеруге күш салуымыз керек. Күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтау, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақтану режимі, стрестік жағдайлардан мейлінше аулақ болу, спортпен шұғылдану, таза ауада серуендеу және барынша позитивті көңіл күйді сақтауға талпыну арқылы ауруды өзімізден алшақтата аламыз. Сондай-ақ дәрумендерге бай жеміс-жидектер жеу керек. Таңқурай, қарақат, С дәруменіне бай жидектер, жаңа піскен өріктер, қарбыз, қауынның құрамында пайдалы микроэлементтермен қоса, зәр айдайтын әсері бар. 
 –Қазір өкінішке қарай біраз адам қосалқы ауруларын өршітіп алды... –Иә. Қосалқы аурулары бар адамдарға мынадай кеңес бергім келеді. Егер сізде артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, созылмалы жүрек, өкпе аурулары және т.б. бар болса, сол бойынша емдеуші дәрігер жазып берген негізгі ем жоспарын тоқтатпауыңыз қажет. Егер COVID-19-ға шалдығып ауруханаға жатқызатын болса, қосалқы аурудан қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріңізді өзіңізбен алып жүргеніңіз абзал. Себебі қосымша сырқат  салдарынан COVID-19 асқынады.  –Мамандар вакцина әзірлеп жатыр. Тамыз айының ортасында шығуы мүмкін екенін айтты. Бұл көмектеседі деп ойлайсыз ба? –Инфекционды аурулардың негізгі алдын алу әдісі – вакцина. Инфекционды ауруларды шартты түрде  басқарылатын (вакцина қолданылатын)  және басқарылмайтын (вакцина қолданылмайтын) аурулар тобына бөлуге болады. Қазақстан Ұлттық вакцинация тізбесінде көрсетілген вакциналар көптеген инфекционды аурудың алдын алып отыр. Сондықтан оларды басқарылатын деп атаймыз, яғни қолымызда  тікелей алдын алуға бағытталған шара бар. Ал вакцина жоқ немесе ойлап табылмаған аурулар басқарылмайтын инфекциялар тобына жатады. Әрине, коронавирус  инфекциясы – жаңа инфекция, бізге беймәлім қаншама тұстары бар. Осы инфекциядан зардап шегіп жатқан алпауыт елдер пандемия тараған уақыттан бастап вакцина әзірлеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы зерттеу нәтижелері де бар. Әрине, уақыт өте келе, біз де сол елдердің дәлелденген вакцина өнімдерін пайдаланатын уақыт та келер. Көмектеседі деп ойлаймын. Үміт бар. – Отандық медицинаның қазіргі жағдайына тоқталайықшы. Сіздіңше, салаға қандай өзгеріс керек?
–Отандық медицинада, әрине өзекті мәселелер бар. Дәрігер, отандық медицина университетінің доценті ретінде мынаны айтқым келеді. Ең біріншіден, дәрігерлердің жалақысын көтеру қажет, дәрігерлерге әлеуметтік қамтамасыз ету пакетін жасау керек,  инфекционды аурулар бейіні бойынша даярланатын дәрігерлер тобын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеулер жасау үшін зерттеу лабораторияларымен қамтамасыз ету қажет. Жалпы, қаржыландыру көзін кеңейтіп, басқаруға білікті, адал менеджерлерді қою керек.

–Әңгімеңізге рақмет!