Университеттің бірінші курсында ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев бізді Ұзынағашқа, Жамбыл музейіне алып барған. 1970 жыл еді. Ұлы жыраудың дүниеден өткеніне ширек ғасыр жаңа толған. Жәкеңнің көзін көрген кісілер ол кезде баршылық. Ауылдағы ана кісімен тілдессеңіз де, мына кісімен тілдессеңіз де, әңгіменің тиегін ағыта жөнеледі. Сондағы ауыл қарттарының бірі айтқан мына сөз есте. «Жамбыл жүзге жеткен жоқ» дейді ол кісі. «Білеміз, «Жамбыл да жүзге жетпеген» деп айтылады ғой, тоқсанның тоғызында өмірден өткен ғой» дейміз біз. «Тоқсан тоғызға да жеткен жоқ» дейді ол кісі. Айтуынша, партия Жәкеңе кем қойғанда бес жасты қосып жазған. «Өздерің журналист болғалы жүрген балалар екенсіңдер, бастарыңмен кішкене ойланбайсыңдар ма, тоқсанның бес-алтауына келген адам өлең шығара ала ма екен? Мына өзіміздің жасымыз сексенге де жеткен жоқ, не айтып, не қойғанымызды бір сағаттан кейін ұмытып қаламыз» дейді. Сол сөз қайтар жолда біраз таласымызға арқау болған-ды. Біріміз олай, біріміз былай тартқанбыз.
Арада жылдар өтті. Өзімнің атам – әкемнің әкесі тоқсанның сегізіне келді. Неменесін, яғни шөпшегінің баласын көрді. Бір аптадай ғана төсек тартты да, шақыртар адамын шақыртып, қаумалаған үрім-бұтағына айтарын айтып, тапсырарын тапсырып, бәрімізге батасын беріп, бақұлдасты да жүріп кетті. Жасы кіші болғанымен, жолы үлкен жеңгелері бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар, мына қаза – той деп, табыттың үстін қызыл-жасыл маталармен жауып тастағаны көз алдымда. Әр отыз жасқа бір жастан қосатын мұсылмандық әдет бойынша атамның жасы жүзге толған деп шығарды құранды. Содан бір жыл ғана бұрын, облыстық теледидардың басшысы Байділда Қонысбеков атам туралы «Қазына» атты 20 минуттық хабар дайындатып алған екен. Рұқсат сұрасақ келіспей жүре ме деген шығар, маған оны айтпапты да. Жаңағы хабарды түсіргенде ол кісі тоқсанның жетеуінде. Ағылтып әңгіме айтады, сөзін тұздықтауға өзінің өлеңдерін келтіреді, ара-арасында сызылтып гармон да тартып жібереді. Сол «Қазынаны» көрген сайын ойлаймын, бәрі де адамына қарай екен ғой деп. Жамбыл бабамыздың тоқсанның бесеуінде «Ленинградтық өренім» деп жыр төгетіні, тоқсанның жетеуінде «Алғадайлап» арнау аңырататыны әбден-ақ мүмкін екен ғой деп.
Ондай ойға түпкілікті тоқтатқан тағы бір жай – өткен жылдың ақпанындағы той дастарқаны. Қазақтың Қаратайының – Қаратай Тұрысовтың немересі үйленіп, Қарекеңнің өзі көре алмай кеткен қуанышын қызықтауға Алматыға арнайы бардық. Бізді бірінші үстелдегілердің тізіміне жазып қойыпты. Құда қатарында Сафи аға Өтебаевпен бірге отырдық. Сол тұста ол кісінің тоқсанның сегізіне толуына бірер ай қалған еді...
«Табиғатынан, жаратылысынан әдемі туған Сафи аға жүзге таяған шағында да нұрлы, келбетті. Мұндай бақытты да Аллаһ тағала әркімге бере бермеген, сүйген құлына ғана берген. Ағамыз осындай бақытқа ие болған адам. Өсек-аяңды, пыш-пышыңды, пендешілікті білмейтін, кісінің ала жібін аттамаған, ешкімге қиянат жасамаған, мейірімнен, шапағаттан, сұлулықтан туған адам. Өмір сүрудің, еліне қызмет етудің асыл өнегесін жасаған кісі. Сафи ағаны бәріміз осы қасиеті үшін де жақсы көреміз.1999 жылы Сафи аға тоқсан жасқа толды. Той жасады. Мен төрде қасында отырдым. Коньяк ішті, «Қызыл бидай», «Май тура» делінетін өзінің сүйікті әндеріне салды, үзілісте қыздармен биледі. Бәріміз де қызықтық, сүйсіндік. Кейінірек өзінің інісі Рахмет Өтесіновтің 75 жылдық мерейтойында да аздап коньяк ішіп, ән салып, үзілісте қыздармен билепті. Келіні Сафура:
– Аға, қыздармен билейтініңіз не, ұят емес пе, тәтемдермен билесеңізші, – дегенде:
– Қой, құрсын, оларды алып жүру қиын, – деген екен».
Мырзатай Жолдасбековтің 2006 жылы жазылған «Бәйтерек» атты мақаласындағы осы жайдың бәрін дерлік сол дастарқан басында өзім тағы көрдім. Атамыз кеш бойы керім отырды. Әңгіме шертті. Коньяктан да дәм татты. Бірер рет билеп те қайтты. Тек ән айтқан жоқ. Жан-жақтан қаумалаған жұртшылық қайта-қайта жанымызға келіп, ағамен суретке түсті. Сондай сурет менде де бар. Ауық-ауық қарап қоямын. Қарасам күш-қуат алғандай боламын.
Сөйтсем, асыл ағаның соңғы той дастарқанында бірге болып, қатар отырған екенмін. Арада ай өтер-өтпесте, 12 сәуірде, тоқсанның сегізінде Сафи ата фәниден бақиға аттанып кете барды. Алматыға жеттік. Театрға жиналған жұртшылықтың талайы ағылып, «Кеңсайға» да көтерілді. Ағамыз апамыздың жанына барып жайғасты. «Көңіл құлазытатын көріксіз хабар жетті. Дауылпаздай даңқы бар Сафи-ата Өтебаев дүниеден өтті. Қиян түкпір Маңғыстауда қалған балғын бала кезімізде есімін ең көп естіген адамым еді. Ол маған ұшқыш Чкаловтай, поляршы Папаниндей, комбат Бауыржан Момышұлындай, геолог Қаныш Сәтбаевтай – Арман архипелагының ақиық тұрғынындай болып елестейтін. Өйткені ол қазақ жерінен таяуда ғана табылып, нәпақасы қазақ ауызына енді-енді тие бастаған ең жаңа ырзық – ұлттық мұнай өнеркәсібінің ізашары, көшбастары еді», деп өрбітті біздің газеттегі «Патриарх» аталған қоштасу сөзін Әбекең – Әбіш Кекілбаев. Енді міне, мұнай абызының жылы да келіп қалыпты. Келесі жылы – 100 жылдығы...
Өнегелі өмір деп жиі айтып, жазып жатамыз. Жиі айтылғаннан, жазылғаннан кейін журналистік жаттанды тіркестердің біреуіне де айналып кеткендей. Ал Сафи аға Өтебаевтың өмірі қай жағынан қарағанда да, қай өлшеммен санағанда да нағыз өнегелі өмір. “Қазақ мұнайының ардақтылары” атты өмірбаян сериясымен жарық көрген жазушы Нұрлыбек Сафиннің “Сафи Өтебайұлы” деген тамаша кітабын арқау етіп ала отырып, біз де сол өмірдің өрімдеріне көз салайық...
Өткен жылы күзде Атырауда болғанымызда ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың 80 жылдығына арналған іс-шаралардың үстінен шық-тық. Университеттегі конференциядан кейінгі дастархан басында сол өңірдегі талай адамның ата кәсібіне айналған, Зейнағаңның өзі өмір бойы жазып өткен мұнайшылық жайында сөз қозғалып кетті. “Бір мұнайшы бабамыздың әні де бар ғой...” деп қалдым мен. “А, қандай ән?” “Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда” деп басталатын ән ше?” “А, оның мұнайға қатысы қанша?” “Мұнайдың ағылшыншасы ойл екенін білген, соны іздеп жүрген адамның шы-ғарған әні емес пе?”... Жұрт күліп жатыр. Ал шынына көшсек, атамыз қазақ мұнайды баяғыдан білген. Баяғыдан осылай, мұнай деп атаған. Бұл кәсіпке бізден біртабан жақын сияқты көрінетін әзірбайжан ағайындардың футбол командасы ұзақ жылдар бойы “Нефтяник” болып келіп, кейінгі кезде “Нефтчи” аталғанын есіңізге түсірсеңіз, олар мұнайдың атын да, затын да бізден кештеу көрген сияқты әсер қалдырады. 1903 жылы Девриен баспасынан шыққан “Россия. Полное географическое описание нашего Отечес-тва” деген көп томдықтың “Киргизский край” аталатын 18-томында (жақында ғана қолымызға түскен бұл кітап жөнінде жеке әңгімелейтін де шығармыз) қазақ даласындағы мұнай туралы “впервые указаны ея в бассейне нижнего течения рр. Уила, Сагиза и Эмбы” (69-бет) деп жазылған. Әне, сізге керек болса “Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда”...
Сафи Өтебаевты «ұлттық мұнай өнеркәсібінің ізашары, көшбастары» (Әбіш Кекілбаев), «қазақ мұнайының атасы» (Балтабек Қуандықов), «байтақ еліміздегі барша мұнайшылардың батагөй атасы» (Нәсіпқали Марабаев), «мұнай-газ өнеркәсібінің абызы» (Оңайбай Көшеков) дегенде, әншейінде өзегінен өлең өріле қоймайтындай көрінетін жақын інісі Мереке Құлкеновтің өзі: «Асқар тау секілдісіз арамызда, Боламыз ініңіз де, балаңыз да. Қазақтың мұнайының атасы боп, Әлі де ілігесіз сан аңызға» деп жырлағанда, нені негіз етеді? Әрине, Сафи Өтебаевқа дейін де қазақта мұнайды нәсіп еткен адамдар болған. Бірақ оған дейін қазақ топырағында мұнайды кәсіп еткен адам, бұл саланың жоғары білімді маманы, яғни кәсіби мұнайшы болмаған. Ол кісінің өзі мұнай жұмысшыларын алғаш рет жеті жасында, 1916 жылы көрген екен. Ат арбамен сонау өзі туған Қарабаудан жүз шақырым жердегі Доссорға әкеліп, мұнай кәсіпшілігінде тартальщик болып жүрген ағалары Ғұсман мен Қалиға: «Сафижанды біреуің кәсіпшілік басына алып барыңдаршы. Көрсін мұнайдың жұмысын» дегенде сол сөзді әкесі Өтебайдың аузына Құдай салып тұрған шығар.
Сафидің әу баста көргені Доссордағы ағаларының азапты өмірі еді. Оның жасөспірім шағында инженер болуды армандаған қиялы ағаларының ауыр жұмысын жеңілдетуді ойлағаннан шыққаны да әбден табиғи. Адамды ойламаған адамзатты ойлай алмайды. Жақынына жақсылығы жоқтың шартарапқа шарапаты да жоқ. Сафидің бағына қарай, 1925 жылғы күзде Доссорда ФЗУ ашылып, бұрғышы, слесарь, токарь, оператор мамандықтарына оқыта бастайды. Сафи ФЗУ-ды бітірген 1928 жылы бұрғышы болып шығады. Онан кейін Орынбор рабфагіне түседі. 1931 жылы Баку мұнай институтының студенті атанады. Осы оқу орнындағы жалғыз қазақ та, тұңғыш қазақ та Сафи Өтебаев еді. Сондағы факультет комсомол комитетінің хатшысы болатын. Ол Бакудегі институтты бітірген кезде еңбегі ең азапты жер – Ембіге сұранып, өз шешімін: «Ембі менің туған жерім. Мен – қазақпын. Сондықтан басқа жаққа баруға менің азаматтық та, моральдық та қақым жоқ. Ембінің мұнайын Баку мұнайына жеткізуге атсалысуым керек» деп түсіндірген.
Мен өз басым Сафи ақсақалмен кейінгі жиырма шақты жылда бірнеше рет бас қосқанымда ол кісінің сонау бала жастан-ақ бар қазақтың азабын азайтуды, халықтың бағын ашуды ойлағанына кәміл сенгенмін. Сафи ағамен біздің анда-санда дастархандас болып қалып жүретініміздің себебі мынадай. Ол кісі – атақты сахна саңлағы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық артисі Сәбит Оразбаевтың қайын атасы. Сәбеңмен сонау жетпісінші жылдардан ағалы-інілі араласып-құраласып кеткенбіз. Кезінде Сәбең Алматыға оқуға атамның батасын алып аттанған екен. Ол кісі актердің алпыс жылдық тойын 1996 жылы, 94 жасында ашып берген. Сафи ағаны көрмей тұрғанда да көз алдыма шамамен осылай елестететінмін. Сәбең үйіндегі Света жеңгеміздің бір қараған адамға да сезілмей қоймайтын сырлы сыпайылығы, салқын сабыры тереңнен тартқан тектілігін жазбай танытар еді. Света Өтебаева ширек ғасырдай Қазақтың хор капелласында дирижерлік етті, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атанды.
Соншама жылдың ішінде қаншама әңгімесін тыңдай жүріп Сафи ағаның күйкі тірлік күйбеңін, көр-жерді сөз еткенін, біреуді олай, біреуді бұлай деп жатқанын естімеппін. Қашанда кесек сөйлейтін, жалқының емес, жалпының сөзін айтатын. Баку институтын бітіріп, Ембіге келген бетінде сондағы “Ембімұнай” тресіне басшылыққа жіберілген Яков Васильевич Лаврентьевтің: “Надо прекратить человеческий импорт” деген сөзін ағаның аузынан сонау сексенінші жылдардың аяқ жағында естігенмін. Бұл Я.В.Лаврен-тьевтің ұлттық кадрларды өсіру керек дегенді айтқаны.
Сафи Өтебаевтың бүкіл өмір жолымен танысқан адам оның дәйім ірі турағанын кәміл көрер еді. 1938 жылдың ақпанында ол КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының төрағасы Л.Кагановичтің қабылдауында болады. Бұл кезде Сафи «Ембімұнайдың» бас инженері. Трест бастығы – С.Гутин. Кагановичтің алдында бұлардың айтқан ұсыныстарының бәрі де қабылданады. Сондағы әңгімеден кейін Саяси бюро Гурьев-Қосшағыл су құбырын салу, Гурьев-Қандыағаш теміржолының жұмысын жеделдету, болашақта Гурьев мұнай өңдеу зауытын салу мәселелері жөнінде арнайы қаулы қабылдайды. «Су құбыры іске қосылып, қыстақ халқы Жайықтың мөлдір суына қарық болды да қалды. Осыған дейін олар мұнай құбырымен келетін суды ішуге мәжбүр болды ғой. Халық оған да көнді... Сөйтсе, өмірі орындалмайтын армандай болған мұқтаждықты шешуге елдің қамын ойлайтын бір азамат жетпей тұр екен ғой. Сол жылы Сафидің трест бастығымен бірге Мәскеуге барғаны, онда мұнайшылардың су емес, у ішіп отырғанын айтып, көмек сұрағаны, басқа жерді қайдам, осы Қосшағылға аңыз боп тарап еді. Енді сол арман бір-ақ күнде орындалды да қалды» деп жазатын Н.Сафин сол күндердегі ду-ду қуанышты былай жеткізеді:
– Апырмай, таза су ішетін де күн болады екен ғой.
– Осыны қылған адамның атасына рақмет.
– Біздің жағдайымызды ойлап, Мәскеудің табалдырығын тоздырып жүрген әлгі «Ембінептінің» бас енжінері екен.
– Бакудің институтын екі жыл бұрын бітіріпті. Жап-жас жігіт көрінеді.
– Ағаларының бәрі біз сияқты бұрғышы, мұнарашы дейді.
– Иә, ол өзі есентемір екен ғой.
– Есентемір? И-й, айналайын-ай, өз бауырым, інім болып шықты-ау!
– Есентемір болса, бізге жиен боп тұр ғой.
– Саған жиен болса, ол бізге нағашы.
– Біздің құдамыз.
Абайдың аты Бөжейдің асынан кейін шықты дегендей, жап-жас Сафидің атағы да сол бір ірі әрекеттерінен кейін жалпақ жұртқа, осылайша, жайылып жатты. Азамат өмір бойы сол жігіт шағындағы алған абыройына тек абырой қосумен болды. 1938 жылы Гурьев облыстық бірінші партия конференциясында коммунистер оны обкомға өткізсе, кейіннен бюро мүшелігіне сайланады. Артынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылады. Жалпы, Сафи Өтебаев республиканың Жоғарғы Кеңесінің І, ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының депутаты болып, 1938-1959 жылдар аралығында төрт рет сайланған. Онан кейін СССР Жоғарғы Советінің V, VІІ шақырылымдарының депутаты болғаны тағы бар. “Басшы болған жерлерінде Ленин-Сталин ұлы партиясының сенімді ұлы Өтебаев жолдас өзін Ленин-Сталин типті қайраткер, еңбекшілер бұқарасын сүйікті Отанымыздың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбекке ұйымдастыру қолынан келетін қайраткер етіп көрсете білді. Жас маман Өтебаев жолдас басқарған мұнай промыселдары Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге жоспардан тыс мыңдаған тонна мұнай беріп, даңқты совет армиясын жанармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды”, делінген 1947 жылғы сайлауға шақырған насихат қағазында. Сол қағазды сақтап қойыпты.
Бакуге оқуға түсерінің алдында сонау Торғай даласынан келіп, Орынбор рабфагінде оқып жүрген Шәрипа есімді қызбен танысып, тіл табысып, жан жарастырып, өмірде бірге болуға, тек екеуі де жоғары оқу орнын бітіргенше бір-бірін күтуге уағдаласқан еді. Бір күні қараса сол Шәрипадан хат келіп тұр: «Оқуымды бітірдім, уәделі уақыт жетті, кел, мені алып кет». Депутаттыққа кандидаттың үгіт-насихат жұмысымен жанталасып жүрген Сафидың сөзі онан да қысқа шықты: «Оралға кел. «Ембімұнай» қонақүйіне»... Сол Шәрипа апамыз бен Сафи ағамыздың жарастықты жұбайлық өмірі жөнінде қандай жыр-дастан жазса да артықтығы жоқ. Сафи ағаның жас күнінен өнерге жақындығы бөлекше болған. Орынбор жақта жүргенде режиссер ретінде «Қыз Жібекті» қойып, сонда Шәрипа Жібек рөлін ойнаған екен. «Бір өкінішім бар, сонда Шәрипа Жібек болғанда Төлеген болып шығуым керек еді. Ғашық екенімді сахнада болса да сездіріп қалатын едім. Соған әлі өкінемін» деп отыратын жарықтық. Бірде осы жөнінде ақтарылып сыр ашқаны да бар. «Менің туған-туысқаныма оң қабақ танытты. Шешемнің көрмей қалған көзін Мәскеуге апарып емдетуге ықпал етті. Таршылық көрген ағайындарым, олардың балалары біздің үйде тұрды. Бәріне көмек бердік. Жетімге жаны ашитын. Жылыойда аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып жүріп, Айранкөл ауылында колхозшы шал-кемпірдің жертөлесіне басымды сұққаным бар. Тақыр кедей екен. Ақжемденіп жыртылған кенеп көйлек киген 10-12 жастағы екі қыз баланы көзім шалды. Тумаларынан қалған жетім қыздар екен. Үйге келген соң Шәрипаға айтсам, «Байғұстар-ай, не жетісіп жүр дейсің, біреуін алып келсеңші, жәрдем етейік» деді. Сөйтіп, 12 жастағы Әліп біздің үйдің қызы болды. Қолымыздан ұзаттық. Сол Әліп – қазір сегіз баланың анасы. Үш рет ауырдым. Осы үш ретте де қасымда отырып, Құдайдан тілеп, аман алып қалды. Алтын асықтай төрт бала туды. Әділім 7 жаста шетінеп кетті. Света музыкант, Әбіл, Мақсұт екеуі де мұнайшы. Күйеубалам, келіндерім де абыройсыз емес. Немерелерім, шөберелерім бар. Құдайға шүкір! Бірақ, осы шөберелерінің қызығын ұзағынан көре алмады. 60 жыл «шәй» деспей отасқан Шәрипам 1997 жылы тамыздың 11-інде көз жұмды... «Шәрипажан, айналайын, мені тастап кетпеші» деймін зарлап. «Сафи, қош бол! Сонау жылдары танысқанда-ақ айналайын деп едің. Сол айналайыннан айныған жоқсың». Шәрипаның оты сөне бастаған жанарынан осыны оқыдым. Қолы суып барады. «Айналайын, айналайын». Зар жыладым. Ажал менен айырып, ғашығымды әкетіп бара жатты» деген-ді сонда қайран Сафи аға. Шынында да, бұл бір ғажап жарастық болатын. «О дүниеде мен үшін енді қорқыныш жоқ. Ол жақта Шәрипам бар» дейтін еді. Жұмақтың төрінде табысқан шығар ендігі.
Сафи Өтебаевтың өмірде бағындырған биіктерінің, алған асуларының бәрі де оның сол өмірге құштарлығынан, адамдық асыл мұраттарға адалдығынан, жүрек жомарттығынан, сезім сұлулығынан бастау алып жатыр. “Творческий подход” деген бар. Сіреспе сөз саптауға салып, “шығармашылықпен қарау” дей салуға болмайды оны. Сафи ағаның қай жұмысқа да творчестволықпен қарауы - оның өзінің бойындағы лапылдаған өнер отының ұшқын-дарынан. Тағы да Әбіш Кекілбаевты тыңдайықшы: “Сөйткен Сәкең бір күні Шошан Оразбаев дейтін ағамызбен бірге анама көрісеміз деп, біздің үйге келді. Есігімізден Қызыр кіріп тұрғандай жер-көкке сыймадық. Ағамыз да ағынан ақтарылды. Үзіліс кезінде менің жазу үстеліме сүйеніп тұрып: “Жеңешем өзі туған Қызылқоға, Тайсойған мен Кең Жылыойды сағынған шығар” деп қойып: “Әуелден айтпап па едім май тура деп, қолыңды кесіп алмай жай тура деп, шештім де етігімді кеттім кешіп, ауылы қалқатайдың қай тура деп; қонатын біздің ауыл Тайсойғанға, бұйырар біздің қалқа қай сойқанға, кім шіркін тілін жұтып қоймаушы еді, сыбанып ақ білегін қой сауғанда” деп шырқата жөнелгенде құлағымыз кесіліп, жүрегіміз үзіліп түскендей болған... Сабаз-ай десеңізші! Ерен еңбегін былай қойғанда, перен өнерін айтсаңызшы. Көзі жұмыл-ғанша, билегенде көбелектей көлбеңдеп, құлпырып кететін. Ет-жүрегіңді ерітіп, қылқылдатып, әзіл-шынды ән салғанда ешбір әртістен естімегеніңізді еститінсіз. Жер кезіп, кен қазып кетпегенде самаладай сахна жұлдызы болар еді ғой! Чарли Чаплиндей, Радж Капурдай халық юморы мен әртістік тартымдылықтың асқан өнегесін көрсетер еді-ау!”. Сафи ағаның өнерге, әсіресе әнге құш-тарлығы оның үрім-бұтағына ауысқан. Сәбит аға мен Света жең-геден көрген жиендері - Әділ мен Жанар да, Әділден көрген жиеншар Айша да музыка жолын қуды. Айша қазір Лондондағы Музыка академиясында. Ана бір жылы Италияда оқып жүрген кезінде Сәбит ағамен Римге екі-ақ күнге жолымыз түскенде соның бір күнін Венецияның арғы жағындағы Триест қаласына ұшақпен барып-қайтуға жұмсағанбыз.
Мақат, Құлсары, Комсомол мұнай кәсіпшіліктерінің директоры болғанда да, Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанда да Сафи Өтебаев кез келген мәселені сан қырынан қарап барып, жалғыз дәл шешімін табатын. Жылыойда аудан басқарып жүргенінде ол сондағы өндіріс пен ауыл шаруашылығын ортақ мүддеге бағындырып, екі саланы біріктіре алды. Бұл сол кез үшін кәдімгідей жаңалық еді. Аралтөбе тоғанын тұрғызу, бұрын көзі байланған түйені күні бойы шығырды айналдырып мал суаратын жерге бұрғы салып, мотормен су шығарту осындай ілкімділіктің арқасында жүзеге асқан. «Ой, мәселені шешу, түйінді тарқату үшін не істемедік біз. Жылыойда жүргенімде жайылымдық жердің тарлығынан қорлықты әбден көрдік. Сонда Ақтөбе жақтағы көршілес Байғанин ауданына Шәрипаны ертіп алып бардым. Бірінші хатшы Кәрім Ержановтың сүйегін сырттай естіп, біліп алғанмын. Сөздің бір орайы келгенде: «Мынау Шәрипа сіздің қарындасыңыз. Торғайдан. Сіз маған сонда қайынаға боп шығасыз. Қайынағаға айтар бұйымтайым бар» дедім. Сөйтіп, жайылымдық жер сұрап келгенімді айттым. Азамат екен. «Жайылым бізде де көп емес. Бірақ, күйеубала жұмыс қып кеп тұрса, бермеске амалымыз кәні» деп мәселемді шешті де берді» деп еске алатын. Жалпы, Сафи ағаның өзінің алдындағы басшы азаматтар туралы әңгімелерінен оның адамдық бейнесін сол кісілердің ғажап ғибраты да қалыптастырғанын сезінетінсіз. 1937-1938 жылдардағы жолсыз жазаның тұсында НКВД жендеттерінің айдауымен Шәрипа апамыздың Сафидың ағасы Рақымжан Сағындықовтың үйін көрсетіп, есігін аштырып бергені бар. Сол Сағындықов кейін Шәрипа алдына барып, иіліп тұрып кешірім сұрағанда: «Шәрипажан, сенің еш кінәң жоқ. Сені сонда анау екі жендет айдап келді ғой. Сен түгіл мені де алдына сап айдап әкеткен жоқ па? Уайымдама. Ойлама бұл туралы» деп бір-ақ ауыз сөз айтады ғой. Соғыстан кейінгі жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сәлімжан Ғалиевтің тағылымы қандай! 1949-1950 жылдардың қысында Атырау өңірінде жұт болып, мал есепсіз қырылғанда сол азамат Үкімет алдында аудан басшыларын қорғап сөйлейді. «Бұған аудан басшылары кінәлі емес. Малдың жұтқа ұшырауына мына біз – облыс басшылары, республика басшылары кінәлі. Өйткені мал өсіруге жағдай жасай алмадық. Су жеткізе алмадық. Мұндай күрделі жұмысты атқаруға ауданның күші жетпейтін еді. Олар қолдан келгеннің бәрін істеді. Сондықтан оларды емес, біреуді кінәлау керек болса, бізді кінәлаңыздар» деп қасқайып тұрып алады сабазың. Хатшылық қызметтен өзі кетеді. Сафи ағаның сол тұста ауданды басқарған Өтеп Балғымбаев, облысты басқарған Нұртас Оңдасынов, Ғылым академиясының президенті болған Қаныш Сәтбаев, Қазақстан Ком-партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметов, одақтық мұнай министрлігін басқарған Н.Байбаков, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Советінің төрағасы Д.Устинов, ел үкіметінің басшысы болған А.Косыгин туралы әсерлі әңгімелері де көп еді. Сафи Өтебаевтың 1957-1962 жылдары Гурьев облыстық халықшаруашылық кеңесінің төрағасы, 1962-1965 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік (оның құрамына қазіргі төрт облыс – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары кірген) халықшаруашылық кеңесінің төрағасы қызметтеріндегі кең құлаштылығы жөнінде арнайы айтса да артықтық етпейді. Ол бір бөлек жатқан дастан. Ерлік еңбек дастаны. Соғыс жылдарындағы жанкештілігі ше! Бір ғана мысал келтірелік. Құлсары кәсіпшілігі ол басқаруға алған 1941 жылдың басында тәулігіне небәрі 50 тонна мұнай берсе, 1942 жылдың алғашқы тоқсанында тәулігіне 800 тонна мұнай өндіріп тұрған. Сол кезеңді еске алғанда Сафи аға «Мұнайшылар, мұнай бер! Соны сізден сұрайды ел!» деп келетін жалынды жырды жатқа айтатын еді-ау. Оның алдындағы, жаза баспай тұрып-ақ жаппай жазалай беретін 1937-1938 жылдардағы қылкөпірден аман-есен өткен жанысірілігі ше! НКВД-ның уысына түсіп тұрған жерінен (әсіресе, мұнайда «халық жауы» атанудан оңай ештеңе жоқ, бұрғылаған жеріңнен фонтан атқыламаса-ақ «қазына қаражатына қасақана қастандыққа» қоса салу қиын емес) айбатын, ақылын, айласын салып жүріп талай шығып кетіп отырған. Бұған бір том тергеу ісін дайындап қойған НКВД өкілі Мехнович: «Қой қолыңды!» дегенде: «Тарт қолыңды! Сен маған күштеп қол қойғыза алмайсың. Менің Жоғарғы Кеңес депутаты екенімді білмеуші ме едің?», – деп жендетті жолдан итеріп тастап, жүре беретініне айызың қанады-ақ. Сонда ғой Сафидің жасы отызға да толмаған!
Асыл ағаның өмірінде өзгеше орын алатын жер – Маңғыстау. “Маңғыстау деген бұл аймақ, даласы шаң мен құм ойнақ. Шулы өзендерге зар болып, кешпедік суын ылайлап, адыра қалған аспаннан, сұрадық жауын, Құдайлап!” деп Қашаған ақын жырлайтын сол далада сол жылдары қариялар: “Құлазып жатқан Маңғыстаудың қара ойына есентемір Өтебайдың жеті қат жер астында не жатқанын айтпай білетін инженер баласы Сафи келіп, қара бұрғысын қашан салар екен” деп көксейтін көрінеді. Алматыдан, Жұмабай Шаяхметовтің атынан жолданған “Өтебаевты “Қазақстанмұнай” бірлестігіне басшы етіп ұсынып отырмыз. Ұсынысымызды қолдауыңызды сұраймын” деген жедел-хатына “Поддержать предложение” деп пәрмен берген Сталиннің қолынан кейін маң даланың мұнайы мен газын игеруге құлшына
кірісіп кетті ол. Бұл қызмет қазіргі мөлшермен қарағанда “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенттігіне қарайлас келеді. Маңғыстау байлығын алуға тәуекелі тұрған алғашқы адам - Сафи Өтебаев. “Өлі қолтық” аталып кеткен сол өлкеге бұрынғы басшылар жоламай-ақ келген. Қашық деген, қымбат деген, қиын деген, әйтеуір, тайқа соға берген. Соған кіріскен ғой біздің Сафи ағ-амыз. Жаңа жұмысқа жұмылған мыңдаған адамдарға сонау Астраханнан Еділдің суын баржылап қазіргі Форт-Шевченкоға жеткізу үшін мың текше метр су сыятын резервуарлар жасатқаны сияқты істерінің қайсы бірін айта берерсіз. Ақыры 1961 жылғы 5 шілдеде Жетібайдағы №6 ұңғыдан тұңғыш рет Маңғыстау мұнайы атқылады. «Сөйтіп, Маңғыстау даласы дүр сілкінді. Жай бұрғышыдан бастап бүкіл Ембі мұнайын басқарып отырған Сафи Өтебаевқа дейін қуанды. Олардың жүзінде шаттық ойнады. Маңғыстау былайғы жұртқа әу баста қыбырлаған тірі жан жоқ, қаңырап бос жатқан дала болып көрінетін. Сөйтсе, онысы бекер екен. Қайдан шыққанын қайдам, көкке шапшыған мұнайдың қысылып шыққан ащы дауысы естілісімен сол маңға аттылы-жаяулы адамдар қаптап кетті. Олар фонтан басылғасын да тараған жоқ. Қап-қара боп жарқырап жатқан мұнайды алыстан тамашалап, айнала жағалап жүрді де қойды. Қойын бағып, қойыртпағын ішіп жүрген жерден мұнай шапшып шығады деп ойламаған олар бәріне таңғала қарайды. Ал неше жыл қу медиенде жүргендей сезінген геологтардың таңқалысы оның арғы жағында. Олар таңғалса, қара жерден қара май шапшығанына емес, «бұл маңда да сонша көп адам тұрады екен-ау» деп таңғалады». Сонан кейін-ақ Шевченко, қазіргі Ақтаудан «Мангышлакнефть» бірлестігін құру, мұнайшы-жұмысшылардың айлық жалақысын өсіру, Мақат-Шевченко теміржол құрылысын аяқтау, Шевченкодан Жетібай арқылы Өзенге шығатын жоғары кернеулі электр желісін тарту, Жаңаөзенде тұрғын үйлер салу, Шевченко – Жетібай – Өзен асфальт жолын төсеу, мұнай кәсіпшіліктеріне қажетті түрлі өндіріс базаларын тұрғызу, мұнай және су құбырларын тарту... сияқты мәселелер бірінен кейін бірі қойылып, бірінен кейін бірі шешіліп жүре берді. Бәрінен де Сафи ағаның мұнай мен газдың ұлттық кадрларын дайындау мәселесін қалай ойластырғанын айтсаңызшы! Ол кісі А.Косыгиннің атына жылына Қазақстаннан жүз баланы оқуға конкурстан тыс қабылдау жөнінде өтінішхат жазып, қоймай жүріп бұл мәселені де жеріне жеткізеді. Сонан кейін-ақ Маңғыстауға Мәскеуден жоғары білімді жүз инженер жыл сайын келген де тұрған, келген де тұрған. Косыгин қол қойған сол қаулының күші жиырма жыл бойы сақталған! Жоғары білімді екі мың инженер. Оқуға өз бетімен, конкурс арқылы түскендер өз алдына бөлек. Біраз уақыт өткен соң Сафи аға республика үкіметіне хат жазып, өзімізде мұнай факультетін ашу туралы ұсыныс түсіреді де, Алматыдағы политехникалық институттан өз мамандарымыз әзірлене бастайды. Нені қолға алса да тастай етіп жасайтын С.Өтебаев Алматыға алпыс адамдық жиналмалы ағаш жатақхананың екеуін жібертеді. Сол ағаш жатақханада жүріп оқып шыққандардың бірі – Нұрлан Балғымбаев кейіннен министр де болды, Премьер-министр де болды. Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев, Темірхан Сар-буфин, Табын Өржанов, Құмар Балжанов, Мақаш Балғымбаев, Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов, Роберт Бердіғожин, Равиль Шырдабаев, Ұзақбай Қарабалин, Ләззат Қиынов сияқты ізбасар інілері қаншама. Әрқайсысы сайдың тасындай азаматтар.
Бұл кісінің сахилығы, сыпалығы, сыпайылығы, қанағатшылдығы, қарапайымдылығы, адалдығы, тазалығы аңызға айналса айнал-ғандай. Әбіш Кекілбаев былай жазады: “Әсіресе, еңбек демалысына шығып, Алматыға көшкендегісін бүкіл жұрт жыр ғылып айтып, ұзақ жол бойындағы бекеттерден қоштасып қаламыз деп шұбырған жұрт бір купеге бес-алты теңін тиеп, жеңгеміз екеуі кірген-шыққанға жас баладай жадырап, құрақ ұшып жүрген қа-зақтың “мұнай шейхының” тұрмыстық жұпынылығы мен адамгершілік кеңпейілділігін көріп, өз көздеріне өздері сенбепті”. Солай. Сіз оны айтасыз, пенсияға шыққан кезде жаяу қалып, “Волгаға” ақшасы жетпей қалып, амалсыз “Москвич” алып, әкесі Өтебай Баспайұлының басын қайта көтеруді тоқсан жасқа толғаннан кейін ғана ойына алып, жақын інісі соны жасамақ болғанда “Ау, мен ше? Мен оның туған баласымын ғой, Жо-оқ, әкемнің басын өзім қарайтуым керек” деп намыстанып қалып, ақы-ры оны да інісі Нұрпейіс Мақашевтің көмегімен салып жүретіні тағы бар. “Бұрын неге салмадыңыз?”десе, “Комсомол болдық, коммунист болдық. Ондай адамда ақыл бола ма?” дейтін көрінеді. Әулие кісі еді. Елі ердің еңбегін бағалаудай-ақ бағалады. «Ленин» ордені, «Октябрь революциясы» ордені, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Құрмет белгісі» ордені берілді, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, КСРО-ның құрметті мұнайшысы атанды. Құрмет грамоталары қаншама. Одақтың, республиканың Жоғарғы Кеңестеріне бас-аяғы 30 жылдай депутат болған Сафи аға тәуелсіздік жылдарында да халқының алақанында өтті. Тоқсан жасқа толған торқалы тойында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздің мұнай өнеркәсібінің тарихына Сіздің есіміңіз алтын әріптермен жазылуға лайық» деп бағалады, кеудесіне «Отан» орденін тақты. Тоқсан бес жасындағы тойында Президентіміз І дәрежелі «Барыс» орденін тапсырды. Атыраудағы салтанатта «Мұнай атасы» деп марапатталды.
Жиырмасыншы ғасырда бізде халық шаруашылығының үш саласында үш тұлға ерекше жарқырап көрінді: егіншілікте – Ыбырай Жақаев, малшылықта – Жазылбек Қуанышбаев, өнер-кәсіпте – Сафи Өтебаев. Ыбырай, Жазылбек аталарымыз Диханата, Шопаната атанды. Бұл оларға дейін қазақта егіншілік болмаған, малшылық болмаған деген сөз емес қой, осы кісілер сол кәсіптің шыңына шыққан деген сөз ғой. Ендеше ата қоныста бағзы дәстүрдің, баба кәсіптің бағы өтіп бара жатқан тұсында ел-жұртына жаңа кәсіп тауып берген тарихи топтың көшбасшысы деп даусыз мойындалатын Сафи Өтебаевты Мұнайата атандыру әбден-ақ жарасымды. Мақаланы біз солай атадық.
Ал енді сөз соңында мұны неге жаздық дегенге келейік. Иә, неге? Мұнай абызының ғибратты ғұмырын ел-жұртқа тағы бір таныстырып өту үшін бе? Ол да бар. Сол өнегелі өмірден тағылым алуға шақыру үшін бе? Ол да бар. Би деп, батыр деп, ақын деп дүрлігіңкіреп жүріп, еңбектің елді еңселенткен ерен ерлерін елең-кіремей бара жатқанымызды (әйтпесе, тарыдан әлемдік рекорд жасап, халқымыздың атағын шығарған, абыройын асырған Шығанақ Берсиевтің 125 жылдығы тым болмаса сол Ақтөбе өңірінде дұрыстап аталар еді ғой) еске салып өту үшін бе? Ол да бар шығар. Кім біледі, қазіргідей капиталистік жарыс кезінде Ка-питалистік еңбек ерлері ардақталуы да жөн шығар. Бірақ, ең бастысы бұл үшін де емес.Ең бастысы - өмірге ғашық адамға, жақсылық жасауға асық адамға, еңбекке құштар адамға, білмекке құмар адамға қай жаста да өмірдің тәтті күйінде қала беретінін айту үшін. Жас ұлғайған сайын кәрілікті уайымдап, онсыз да қиын өмірді онан сайын қиындатып жатамыз. «Енді екі-үш жылда алпысқа келеміз бе, енді бір мүшелден кейін жетпіске келеміз бе?» деген пенделік ойларға берілген шағыңда Сафи ағаның саф таза тірлігі тоқсанның сегізіне дейін жалғасқанын ойға алып, тәубеңе келесің, адамдық атыңды адал алып жүре алсаң, Жаратқан Иеміздің бұйыртқан қай жасының да өзіне лайықты өз қызығы болатынын бағамдайсың. Ұзақ өмір сүрудің қартаюдан басқа жолын бұған дейін ешкім ойлап таппаған, таппайды да. Бар мәселе қалай қартаюда.