Үш мәрте Қазақстан Президентінің кеңесшісі болған, кейінгі алты жылын Грузия мен Беларусь елінде елші болып өткізген Ермұхамед Ертісбаев «Алматының атауын ауыстыру керек» деген сыңайда пікір айтыпты. Тарихы мың жылдан асып жығылатын, атауы ел құлағына әбден сіңіп, ән мен жырға арқау болып кеткен Алматыны Алма-Ата ету қаншалықты қисынға келмек? Қисыннан бұрын, екі атау бір-бірімен мағыналық, мазмұндық тұрғыдан қабыса ма? Әй, қайдам...
Ертісбаев жақында ғана, 12 тамыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Беларусь мемлекетіндегі Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Дипломатиялық миссиясын тәмам еткен саясаткер елге оралып, сұхбат берген. Отандық сайтқа берген сұхбатында ол қызмет жолы, елдегі саяси-әлеуметтік ахуал жайында сөз қозғайды. Соның бірінде Алматы туралы айта келе қала атауына қатысты пікір білдіреді. Саясаткердің сөзі әлдеқалай бұрмаланбас үшін оны өзі сөйлеген орыс тілінде түпнұсқамен берелік.
«Сейчас все мои знакомые говорят: «В Алматы стало так классно, что не хочется никуда уезжать за границу, чтобы провести отпуск». Все иностранцы в восторге от Алматы, и я уверен, что Сагинтаев продолжит это направление в развитии и преображении нашей любимой Алмат... Кстати, если столица Нур-Султан пишется через дефис, то, может, наступила пора вернуть исконное и всеми любимое Алма-Ата?...».
Осылайша, Ертісбаев «Алма-Ата» атауын өзіне ғана емес, барша елге сүйікті атау деп жариялайды. Бұған қатысты танымал журналист, публицист Қайнар Олжай әлеуметтік желіде пікір қалдырған. «Алма-Ата» деген атау мен жазу маған ешқашан ұнамаған. Ертісбаевтың бұл орайдағы баршасының яғни сұхбаттағы «всеми-інің» ішіне кірмейтінімді мәлімдеймін» деп жазады ол.
Шаһар өз тарихында атауын бірнеше мәрте ауыстырған. Қала әу баста көшпенді жұрттың бастапқы тұрағына айналып, Алматы атауын алған. Кейін орыстар бұл өлкені ен жайлап, қалаға Верный деген атау береді. Ал 1921 жылы 3 ақпанда латыш коммунисті Альфред Лепаның ұсынысымен шаһар қайтадан Алматы атауын қайтарады. Алайда екі күннен соң «Алматы» сөзі «Алма-Ата» атауына ауыстырылған. Бұйрыққа облыстық революциялық комитет төрағасы Жандосов пен комитет мүшелері қол қойған. Арада 72 жыл өткен соң 1993 жылы қайтадан Алматы аталды. Әсілінде «Алма-Ата» атауын көбіне орыс ұлты және орыс тілді азаматтардың қолданатыны жасырын емес. Бұл олардың Алма мен Ата ұғымын түсініп, соны біріктіре пайдаланғанынан емес, тек олардың кез келген сөзге «а» жалғауын қосып айтатынында болса керек. Яғни, Алматы – Алмата. Әрине, бұл ретте олар үшін қаланың өз тілдеріне қолайлы «Алма-Ата» деп аталғаны ыңғайлырақ.
Жалпы, «ты» жалғауы қазақ топонимдерінде жиі ұшырасады. Мәселен, біздің елде Қайрақты, Бұланты, Мойынты, Балықты, Қамысты, Ақтасты деген сияқты өлкелер көп-ақ. Бұл ретте біз «Алма-Ата» - қазақша Алматының «орысша» нұсқасы емес екенін ұғып алуымыз керек. «Алма-Ата» – мүлде басқа сөз, басқа ұғым. Бірақ қазақтың сөзі. Соған қарамастан, оны шаһар атауы етіп айту – қателік. «Алматыны «Алма-Ата» деп тәпсірлеу, Санкт-Петербургті – Ленинград, Таразды – Жамбыл, Бішкекті – Фрунзе деп ескі атымен атағанмен бірдей» деп жазады желіде Бауыржан Сақов.
Белгілі жазушы әрі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, «Алма-Ата» атауын насихаттауға ешқашан жол бермеу қажет.
– Қазақтың қай баласы да «Алма-Ата» деп айтпайды. Керісінше, біз солай деп айтатындарға қарсы насихат жасауымыз керек. Қылышынан қан тамған кеңестік заманның өзінде қазақ басылымдары мен баспа өнімдерінің барлығында «Алматы» деп жазылып, қазақтар ауызекі тілде де «Алматы» деп айтты. Бұрынғы атымен атар болсақ қаланың тазалығы, көркемдігі, тал-терегі орнына келе қалады деп ойлау қате пікір. Одан ештеңе өзгермейді. Керісінше, халық арасында түсініспеушілік туындап, қазақша атаулардың келешекте дұрыс қолданылуына қатысты сенімсіздік пайда болуы ықтимал, – дейді ол.
Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары «Алматы» атауы қай тұрғыдан да – деректі һәм негізді деген пікірде.
– Алматы деген атаудың өзі оның көне екенін, тарихымыздың тереңде жатқанын аңғартып тұр. «Ты» деген сын есім тудырушы жұрнақ үлгісінің сақталып қалғаны да сөзіміздің айқын дәлелі. Қазіргі қазақ тілінің ережесіне салсақ, Текелі, Жуалы деген сияқты Алмалы болуы керек. Бұл "Өлеңті" деген көнеден келе жатқан атау сияқты "ты" жұрнағымен жасалған ескі атау және сол арқылы Алматы қаласының тым ертеден келе жатқан көне шаһар екенін көрсетеді, – дейді филология ғылымдарының кандидаты.
Жалпы, орыс тілді азаматтардан құқай көріп келе жатқан бір «Алматы» емес. Мәселен, Қазақстан чемпионатында ойнайтын футбол клубтарымыз да екі түрлі аталады. «Тобыл» - «Тобол», «Ертіс» - «Иртыш», «Жетісу» - «Жетысу». Осылай тізбелей беруге болар. Тіпті осы ыңғайға жығылып отандық телеарналардың дәл солай (қате қалпында) жазып қоятынын қайтерсіз. Фейсбук әлеуметтік желісінде Марат Толыбаев есімді азамат «Алматы» атауына қатысты пост жазып, оның астына 400-ден астам пікір қалдырылған. Соның 70-80 пайызы «Алма-Ата» атауы дұрыс деген ойды алға тартады. Ішінде бірқатар сауатты қолданушылар ғана оларға тойтарыс беріп бағыпты. Әлбетте, біздің мақсат қос тарапты жауластыру, не оларға қарсы пікір майданын ашу емес. Біздің мақсат – Алматының – Алматы екенін, оның ешқашан Алма-Ата болмайтынын, әрі олай бола қоюға деген ешбір қисын да жоқ екенін айту ғана.
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының Конституциясына тиісті өзгертулер енгізіліп, қала атауын орысша жазуды тарихи қазақ емлесімен сәйкестендіріп – Алматы деп атады және қаланың астана мәртебесін растады.
Ал 1998 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңы қабылданды. Заң Алматы қаласы ерекше мәртебесінің құқықтық негізін бекітті.
2012 жылы қала әкімі Ахметжан Есімов қаланың Алматы атауының «Алма-Атаға» ауыспайтынын жариялады.
Бұл тақырыпты енді көтере берудің де қажеті шамалы. Ел ішінде білікті, білімді, жан-жақты ойлай алатын азаматтар көп. Өте көп. Солар ақыл-ой парасатын «Алматы – «Алма-Ата» болуы керек пе, жоқ па?» деген сауалға емес, ел экономикасына, ел болашағына қатысты сүйекті мәселелерге жұмсаса деген тілек те жоқ емес.