Хабаровск неге дүрлікті?
Хабаровск неге дүрлікті?
253
оқылды
Ресейдің жаңа тарихында Қиыр Шығыста қаншама мың адам қатыс­қан, бірнеше аптаға созылған ау­қым­ды мұндай толқулар бұрын-соңды болмапты. Оған 2020 жылы 9 шілдеде Мәскеуден жіберілген күш құрылымдары жауынгерлерінің арнайы операция жүргізіп, Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургалды ұстауы себеп болды. Артынан анықталғандай, орталық билікке оппозициядағы өлке басшысы он бес жылдай бұрын бизнесмен А.Смольскийді «өлтіруге оқталуды ұйымдастырды» (организация покушения на убийство) деген күдікке ілігіпті. Яғни, арнайы жасақ жіберіп, жұртты шулатуға лайықсыз себеп. Жергілікті тұрғындарға осы оқи­ғаның федералдық арналардан жаппай көрсетілуі де, сондай-ақ қылмысы дәлелденбей жа­тып, губернаторға жаппай қара күйе жағылуы да ұнамады. Себе­бі С.Фургал екі жылдай бұрын халықтың өзі дауыс беріп сайлаған губернатор әрі жергілікті ұлан болатын. Содан іле-шала жергілікті белсенділер Фургалды Мәскеуге әкетпей, оның ісін жергілікті сотта әділ қарауды талап етіп, көшеге шықты. Наразылық акциясы бұқара тарапынан қолдау тапты. Қазіргі кезде көшеге шығып, қарсылық біл­дірушілер талабының ауқымы кеңей­ді. Хабаровскінің кейбір тұрғыны В.Путиннің отставкаға кетуін сұраған. Ал өлкелік депутат Петр Емельянов «отырықшылық цензін» енгізуді ұсын­ды: ол бойынша Қиыр Шығыста кем дегенде 10 жыл өмір сүрмеген адам губернатор болмауы тиіс. Бұған Кремль құлақ аспады. С.Фургал Мәскеуде қамауда жатыр. Ал Хабаровск өлкесін басқаруға Мемдумадағы ЛДПР атынан сай­ланған депутат Михаил Дегтяревті жіберді. Оның мәртебесі – әзірше «губернатордың уақытша міндетін атқарушы». Осыдан жүз жыл бұрын бұл өл­ке Қиыр Шығыс республикасы (Дальневосточная республика, ДВР) құрамына кірген екен. Кеңестік Ресей мен Жапония империясы арасында буфер қызметін атқарған, заң жүзінде ғана тәуелсіз болған бұл демократиялық мемлекет 1920 жылғы 6 сәуірден 1922 жылғы 15 қарашаға дейін «өмір сүрді». Тіпті, оның экономикасы КСРО-дан өзгеше, капталистік-нарықтық сипатта болған. 1922 жылы ішкі саяси алауыздықтан әлсіреген, халық­аралық оқшаулауға ұшыраған Жапония АҚШ-тың қысымымен осы өңірдегі әскерлерін әкетеді. Сол жылдың 25 қазанында ДВР жұмысшылары большевик белсенділері ұйымдастырған митингте РСФСР-мен бірі­гу мәселесін көтерді. Бұл ұсынысқа әскер қолдау білдірді. 14 қарашаның түнінде әскери бөлім командирлері ДВР Халық жиналысы атынан Бүкілресейлік орталық атқару комитетіне жүгініп, РСФСР құрамына алуды сұрады. Бірнеше сағат өткенде, 15 қарашада Қиыр Шығыс рес­публикасы «Қиыр Шығыс облысы» ретінде Ресей құрамына қосылды. Қазіргі жағдайды талдаған ресейлік саясаттанушылар енді Фургалдың емес, Қиыр Шығыстың тағдыры шешіліп жатыр деген байлам айтады. Бірқатар тұрғындар шеруде «мы – не колония» деген ұран көтерген. Хабаровск тұрғындарымен ынтымақтастығын білдіріп, Владивосток, Южно-Саха­линск, Иркутск, Томск қаласының жұртшылығы да митинг өткізді. Әрине, орталық телеарналар нара­зылық шараларын сырттан келген арандатушылардың тірлігі ретінде көрсетіп әлек. Әйтсе де, жұртшылықтың көңілі толмауына негіз  бар. Осыдан оншақты жыл бұ­рын осы өлке – Ресейдің ең қарқынды дамушы өңірі, «Азияға және Тынық мұхитқа шығарар қақпа» саналатын. Мәскеудің Қырымға, сыртқы саясаттағы басқа тренд-тақырыптарға баса мән беруі нәтижесінде өлке қағажу қалды. Бүгінде Қиыр Шығыс – депрессивті және дотациялы өңір. Жергілікті тұрғындар іргелес Қытайдың және Жапонияның жоғары қарқынмен өркендеп жатқанын көріп-біліп отыр. Мысалы, біраз жыл бұрын РФ-ның ҚХР-мен шекарасында 200 мың тұрғыны бар Благовещенск қаласының қарама-қарсысында кіш­кентай ғана қытай ауылы болатын. Қазіргі уақытта ол 1,5 миллион адам тұратын Хэйхэ мегаполисіне айналды. Ал Благовещенск күйзеліске ұшырады. Ресейдің Қиыр Шығысы эко­номикалық тұрғыдан Ресейге емес, көршілерге тығыз кіріккен. Жергілікті корей, қытай және басқа ұлттарды айтпағанда, орыстардың өзі тіл үйреніп, ҚХР-ға, Оңтүстік Кореяға, Жапонияға кетуге асығады. Қияндағы өлке үшін Мәскеу емес, Бейжің, Сеул және Токио «тартылыс орталығына» айналғалы қашан. Қиыр Шығыс табиғи ресурс­тарға аса бай. Дегенмен олар өндірілуі қиын қазынаға жатады. Жергілікті компаниялар соны игеруге қауқарсыз. Нәтижесінде, кен орындары тегіс дерлік орталық кеңселері Мәскеуде орналасқан алпауыт компаниялардың қанжығасында кетті. Олар жұмыс­шыларын да өзімен бірге ала келеді. Одан қалды, гастарбайтерлердің арзан еңбегін пайдалануға құштар. Бұл да жергілікті ер-азаматтардың ашу-ызасына түрткі. Ондағы өзге де байлықтар бұқараның несібесін арттырып, жарытып жат­қаны шамалы. Атап айтқанда, су жаға­сындағы Владивостокта балықтың және теңіз өнімдерінің бағасы Мәскеу базарларындағы бағаға теңелді. Өйткені балық аулау бойынша квотаның басым бөлігін мәскеулік компаниялар олжалады. Сал­дарынан жаңа ауланған балық Қиыр Шығыстан тең-тең болып тездетіп әкетіліп, ізінше жартылай дайын түрінде кері тасылады. Оның өзіндік құнына екі жаққа әрлі-берлі тасымалдау және өңдеу ақысы кіреді. Хабаровск қаласынан және өз­ге орталықтардан тыс жерлерді жұ­мыссыздық жайлаған. Еңбекке қабілетті, аяқ-қолы балғадай азаматтар лайықты жұмыс тап­пасын түсініп, жатжұрттарға не Ресейдің өзге өңір­леріне үздіксіз көшіп жатыр. Басылымдар пандемия жағдайында жергілікті меди­цинаның жағдайы сын көтер­мейтінін жазады. Ақшасы барлар ұшаққа отырып, көрші Қытай мен Кореяда емделеді екен. Азық-түлік және халық кең тұтын­атын тауарлар бойынша тапшылық туындаған. «Таяқ тастам жерде» Қытай, Жапония, Корея секілді ірі нарықтар тұрғанда мұндай таршылық таңданыс туғызуы мүмкін. Шынында, Ресей заңы бойынша бұл елдерден импортталатын тауарлар алдымен Мәскеуде кедендік тазартудан өткесін ғана Қиыр Шығысқа жеткізіле алады. Бұл – өлкенің бәсекелі артықшылығын жоққа теңестіреді. Мұны әділетсіздік және орталықтың негізсіз қысымы санайтын жергілікті тұрғындар контрабандаға жап­пай ден қойған. Орталық органдардың контрабандистерге қарсы жүргізетін операциялары жұртшылықтың тек ашынысын туғызады. Қорыта айтқанда, солтүстік көр­шінің Қиыр Шығысындағы жағдай биліктің шекараны ұстап отырған шеткері аймақтар мәселесіне көңіл бөлгені, халық­тың мұң-мұқтажына құлақ асқаны, халықаралық саясаттан гөрі ішкі мәселелерге басымдық берілгені маңызды екенін көрсетіп отыр.  

Елдос СЕНБАЙ