Мұғалімдерді олардың жұмысына қатысы жоқ шараларға күштеп тартқандарға және олардан басыартық есеп талап еткендерге 303 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» және оған ілеспе заң жобаларының ақырғы нұсқалары құпталды. Енді бұл құжаттар Парламентке енгізіледі.
Үкімет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленгенін еске салды. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың орта білім беру жүйесін дамыту және білім сапасын арттыру жөніндегі алға қойған міндеттеріне жауап береді.
Бұл заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсат-идеясы – мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату, сол арқылы ұстаздарға өзін-өзі дамытуға және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру. Бұған қоса, осы абзал мамандық иелерінің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын ұлғайтуға, педагогтік шеберлігі мен тәлімгерлігі үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар көзделуде.
Айта кету керек, бұл заң жобасы өңір әкімдеріне жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай мұғалімдерге қосымша материалдық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Тиісінше, қай өңір ұстазға көбірек құрмет-қошемет көрсетсе, білім саласының ең үздік, білікті мамандары да соларға ағылады.
– Мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан дамуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау жоспарланған. Педагог мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру міндеті де көзделеді. Жалпы, заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, педагогтар үшін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасауға жол ашады, – деді Асқар Мамин.
Мәселені қарау қорытындысында Үкімет жетекшісі «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалім жүктемесін төмендету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Мәжіліске 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай, осы апта ішінде енгізуді тапсырды.
Жұмыс тобына мұғалімдерден 18 мыңнан астам ұсыныс келіп түсіпті. Нәтижесінде, «Педагог мәртебесі туралы» заңның ақырғы жобасына 19 бап кіріп отыр.Қолданыстағы шектеулерден басқа, психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігер бақылауында тұрған адамдардың педагог қызметімен айналысуына тыйым салынбақ.
– Негізгі материалдық ынталандырулар қатарында сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін ақыны екі есеге өсіру, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу, барлық педагогтің жыл сайынғы демалысын 56 күнге дейін ұлғайту, магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу кіреді, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Мұның сыртында материалдық емес ынталандырулар да көзделмек. Атап айтқанда, мұғалімдердің жүктемесі төмендетіледі. Олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі қамтамасыз етіледі. Мұғалімдердің балаларына балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Тек педагогтерге арналған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалады.
– Мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы педагогтің жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Мұғалімге тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған, – деді БҒМ басшысы.
Қолданыстағы шектеулерден басқа, психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігер бақылауында тұрған адамдардың педагог қызметімен айналысуына тыйым салынбақ.
«Аталған заңдар сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптер тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысын екі есеге көбейтуге мүмкіндік береді. 212 мыңнан астам қызметкер біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады. 7 мың қызметкер магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде, яғни 25 250 теңге, 18 мың қызметкер тәлімгерлік үшін 1 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде, яғни 17 697 теңге қосымша ақы алатын болады», – деді А.Аймағамбетов.