«Саймасай» технопаркі дәнді дақылға бай

«Саймасай» технопаркі дәнді дақылға бай

Бүгінгі күні еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды 2,5 есеге дейін арттыру міндеті қойылған. Осы бағытта отандық ауылшаруашылық білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті тиімді инновациялық жобаларды қолға алуда.

Қазіргі уақытта университет басшысы, академик Тілектес Ес­половтың бастамасымен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылдық округі жанын­дағы «Саймасай» технопаркі жұ­мысы жаңа жолға қойылып, он­дағы оқу-тәжірибелік алқап­тарында ғалымдар мен студенттер, магистранттар мен докторанттар зерттеу жұмыстарымен айналы­сып, егістікте еңбек етуде. Бұл жо­баға белгілі агроном-ғалым, профессор Серік Кененбаев бастаған «Агрономия» кафедрасы жауапты.

«Саймасай» технопаркіндегі жұмыс ерте көктемде басталды. Алғашқы қадам қашықтықтан зерттелді. Алқапқа дрон ұшы­рылды. Заманауи технологиядағы бағдарлама арқылы егістік толық түсірілгеннен кейін оған агроном­дар сараптама жасап, топырағының құнарын анықтады. Биологиялық қорек мөлшері белгіленді. Яғни, егістіктің жұмысын бастамас бұ­рын теориялық тұрғыда ғылыми зерттеу жүргізілді. Егістік алқабы ғылыми тұрғыда толық зерттеліп болған соң, жерге соқа салынды, жер жыртылды. Осылайша, ерте көктемде егістікті бастаған «Агро­номия» кафедрасының ғалымдары, оқытушы-профессорлары, магистрант-студенттері жұмылып, жұдырықтай 18 гектар жерге шетелдік және отандық егіндік дақылдардың он екі түрінен 24 сорт пен будандастырылған тұқым септі.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әлемдік деңгейге ұмытылуының басты мақсаты – студенттерге трансферттік, яғни ғылыми білім беру, теория мен практиканы ұштастыру, сонымен қатар егілген дақылдардан мол да сапалы өнім алып, ол тәжірибені Қазақстан бойынша фермерлер мен кәсіпкерлер, жеке шаруа қожалықтарымен бөлісу.

Жуырда университеттің бі­рінші проректоры, академик Қанат Тіреуов «Саймасай» технопаркінде ғалымдар мен ауыл­шаруашылық тауар өндірушілердің басын қосып «Егінжай күні» шарасын ұйымдастырып, тәжіри­белік алқаптарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Бүгінгі күні Әлемдік үздік университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, трансформация­лануды және түрлі франчаизингтік жобаларды елімізге енгізуді көздеп отырған университет басшылығы нақты стратегиялық жоспармен жұмыс істеуде. «Саймасай» тех­но­паркі – осы бағыттағы жұмыстар­дың бір парасы ғана. Бұл техно­парктың аумағында, атап айтқанда, арпа-бидайдың, сояның әртүрі, жүгері, сұлы, жоңышқаның сорт­тары мен будандары егілген. Биылғы қадам пилоттық, келесі жылдан егіннің элиталық тұқымын алу жоспарланған және ол тұ­қымдарды шаруа қожалықтарына, фермерлерге ұсынбақ. Егістікке ғылыми-тәжірибелік талдаманы, яғни бидайдың өну, көктеу, гүл­дену, масақтану, пісу кезеңдерін көзімен көріп, тәжірибеден өткізген зерттеуші магистрант егістіктің басы-қасында жүр.

Егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласында жаңа инновациялық агротехнология­ларды қолданып, ауылшаруашы­лық дақылдарының өнімін жо­ғарылату және ауылшаруашылық саласында еңбек өнімділігін көтеруді мақсат тұтқан ректордың тапсырмасын профессор Серік Кенебаев бастаған «Агрономия» кафедрасының ұжымы міндет-мақсаттарына жетті деуге болады. Он сегіз гектар жерді бөліп, өн­дірістік көлемде сепкен егін өнімі айтарлықтай жоғары. Мәселен, егілген арпа-бидай кемінде гектарына 50 центнерден өнім береді деп күтілуде. Ал бұған дейін Қазақстан бойынша ең жоғары өнім гектарына 17 центнерден ғана айналған екен. Ал Ресей мен Қа­зақстан тұқымынан будандас­ты­рылған «Дала аруы» деп аталатын жүгері түрі гектарына 135,7 цент­нерден айналатыны күтілсе, «Айша» атты қант қызышасы гек­тарына 89,1 центнер өнім беретіні болжанып отыр. Ал сұлының «Құлагер» атауындағы сорты гектарына 57,5 центнерден айна­латыны белгілі болған. Міне, бұл мақсаттың орындалып, міндеттің атқарылғаны деуге болатын жайт.

Кең-байтақ қазақ даласының топырағы құнарлы, шөбі шүйгін екенін аграрлық универсиеттің ғалымдары дәлелдеп келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімін жоғары деңгейде мол алатын Голландияның тәжірибесін бұл университет толық пайдалануға мүмкіндік ашты. Университет басшысы Тілектес Исабайұлының бастамасымен голландиялық «Вагининген» университетімен қос диплом жобасын қолға алды. Қазақстандық студенттер голлан­дияның нөмірі бірінші универ­си­тетінен тәжірибеден өтеді. Олардың мол да сапалы өнім алу жолдарын оқып, көріп біледі. Әзірше, бұл жобаның аясында өсімдік шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты екі топқа елу-елуден студенттер да­йындау жоспарға алынып, нақты іске кірісу басталуға жақын. Ал «Саймасай» технопаркінің нә­тижесін жоғарыда айттық. Ендігі жұмыс еліміздің барлық аймағына, яғни шаруа қожалықтарына, фермерлерге осы тәжірибені үлгі ету, үйрету. Бұл мақсатқа Қазақ ұлттық университеті «Агрономия» кафедрасының Серік Кененбаев бастаған ғалымдары дайын.

   

Еділ АНЫҚБАЙ,
Agro-PR инновациялық орталығының жетекшісі