Алаяққа қашанғы жем боламыз?
Алаяққа қашанғы жем боламыз?
300
оқылды

Өткен ғасырдың соңына қарай, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында, атақты алаяқ Мавродидің МММ-і жер жарып тұрды. Тез әрі жұмыс істемей-ақ ақшамды еселеймін дегендер бар қаражатын осында құйып жатты. Артынан алданғандарын біліп, соттың табалды­ры­ғын тоздырғандар саны мыңдаған адамға жеткені белгілі. Айлакер тұтқындалды. Алайда Мавродий сотта­­лып шыққан соң да өз ісін қайта бастаған бола­тын. Жер-жерде оның ісін жалғастырушылар көбейіп кеткені тағы бар. Тағы да сол кестемен жұмыс істеген­дер­ге маңдай термен тапқан ақшаларын қолына өздері барып ұстата салушылар көбеймесе азаймады.

Бұл «дәстүр» жалғасын тап­қа­ны сонша, алаяқтықпен ақ­ша табатындар бүгінгі күн­де­рі де әр жерден қылтиып шы­ғып қалып жүр. Тағы да сол, аңқау халық өз тапқан-таян­ға­нын алаяқтың қолына өзі бе­ріп, артынан шырылдап қалу­да. Сөзіміз орынымен болсын. Бір айдың көлемінде бірнеше қалада бір-біріне ұқсас оқи­ға­лар тіркелді. Барлығының желі­сі бірдей.

Айтар болсақ, Алматыда пә­­тер­ге мұқтаж жандарға мем­ле­кеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана әперем деп елді арбаған 33 жастағы алаяқ әйелді Бостандық ауданының полицейлері құрықтады. Ол алматылықтардың сеніміне кіріп, ірі көлемде қаржы алып отырған. «Әйел аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Бостандық ауда­нын­да жоспарланған қылмыс­тық схемаға сәйкес әрекет жа­са­ған. Алматы қалалық Тұр­­­ғын үй инспекциясы бас­қар­­масы мен азаматтар ара­сын­да делдал болып көрінген. Тұрғындардың сеніміне кіріп, аза­маттарға мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша үй алып беремін деп, қомақты сомада қаржыларын иемденіп кетіп жүрген», – дейді Бостандық аудандық полиция басқарма­сы­ның басшысы Дәурен Өтебаев. Күдікті жалған құжат­тар арқылы қалалық және аудандық әкімдікке кіріп, сол жерде баспана мәселесімен жүрген адамдарды сөзге тар­тып, үй алып беремін деп сен­дірген. Құрбандарына қолын­дағы жалған құжатын көрсе­тіп, делдал арқылы үйдің мәселесін екі-үш күнде шеше­міз деп уәде берген. Ол өзінің қызметі үшін қомақты қаражат сұраған. Алаяқтың сөзіне сенгендер қолдарындағы бар ақшаларын ұстата салған. Бүгінде күдікті азаматтарға 50 млн теңге көле­мін­де материалдық шы­ғын келтіргендігі анықталып отыр.

Тағы бір осыған ұқсас оқиға Оралда тіркелді. Арзан пәтер алып беруге уәде еткен әйел тұрғындардың 54 млн теңгесін иеленіп кеткен. Ол тұр­ғын­дарды «кепілдікте тұрған арзан пә­терлерді алып беремін» деп алдаған. Бір-екі бөлмелі пәтер­ді 2-5 млн теңгеге бағаласа, екі-үш бөлмелі пәтерлер үшін 5-7 млн теңге сұраған. Бұл – нарықтағыдан екі-үш есеге арзан. Тұрғын үйдің кілтін ал­мас­тан, ақшаны қолына ұста­тып, әйелдің арбауына түскен адамдардың бірі туысқанына айтып, екіншісі дос-жаран­да­ры­на жеткізіп, «арзан» пәтер алу­ға шақырған. Осылайша, баспаналы болуды армандап, сан соғып қалғандардың саны жиырмаға жетіп жығылады. Алданғандардың қатарында зей­неткерлер, кәсіпкерлер, мұ­ғалімдер, мемлекеттік қыз­мет­керлер бар. Олар ең азы 500 мың теңгесінен, ең көп бергені 7,2 млн теңгесінен айырылып қалған. Алаяқ әйел олармен бай­ла­нысқа шығып, пәтер­лер­дің кепілдікте тұрғанын, құжат толтыруда қиындықтар туын­дап отырғанын айтып, түбі үйлі болатындарына сендіріп кел­ген. Тіпті кейбірі пәтерді жыл­дап күткен. Қазіргі кезде абақтыда отырған әйел бұдан бұрын да алаяқтығы үшін 3 жылға бас бостандығы­нан айырылған болып шықты.

Ал елордада мемлекеттік бағдарламамен үй алып беруді уәде еткен алаяқ 7 жылға жуық мер­зімге сотталды. «Тергеу бары­­­сында анықталғандай, аза­матша С. өз таныстары ара­сын­да жылжымайтын мүлікті нарықтағыдан төмен бағамен заңды түрде алу мүмкіндігі және мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кезегін алға жылжытып беретіндігі туралы жал­ған ақпарат тарата баста­ған. Маусым айында ол елор­да­да тұратын келіншекпен таны­сып, оны мемлекеттік бағ­дарлама­мен үй алуға көн­дір­ген. Осы­лай­ша, одан 4 млн 800 мың тең­ге көлемінде ақша алған. Алайда, ол өзіне алған міндетте­ме­лері бойынша қан­дай да бір әрекеттерді қолға алма­ған және оны орындау ойын­да да болмаған», – деді қалалық сот. Бұл қылмыскер де бұған дейін істі болғаны анық­талып отыр, оған ана­ғұр­лым қатаң жазаны белгілеу мақсатында сот соңғы шешімі­мен 6 жыл 8 ай бас бостан­ды­ғы­нан айырды.

Басқаның ақшасын қалтаға басып, пайдаға белшесінен ба­­тып, үлде мен бүлдеге ора­нып жүр­ген арам пиғыл­ды­лар арамыз­да әлі өріп жүр. «Ауызы күйген үріп ішуші» еді. Олай емес! Бас­қа­ға жем болып қа­шан­ғы жүрер екенбіз?


 Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ